
Қазақстандық сарапшылар Мәскеу қаласында өткен Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясы жұмыс тобының отырысына қатысты.
Кездесу барысында тараптар ҰҚШҰ аясында қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау ауқымындағы бірінші кезектегі ұйымдастыру-әдістемелік құжаттардың жобасын талқылады.
Жұмыс тобындағылар әскери мақсаттағы өнімді әзірлеу мен жаңғыртуда бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың келешегін қарастырды. Сонымен қатат, өзекті ғылыми бағыттарды іске асыру, техникалық-экономикалық негіздеме жобаларын әзірлеу мен сериялық өнімді өткізу бойынша пікір алмасты.
Отырыста сарапшылар сондай-ақ, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қарулы күштерін жабдықтау заттарының Мемлекетаралық каталогын қалыптастыру мен жүргізу қағидаларының жобасын талқылады.
Аталмыш жұмыс тобы дайындаған қорытынды құжаттар 2021 жылдың қыркүйегінде Беларусь Республикасында өтетін ҰҚШҰ әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік комиссияның XIX отырысында қаралатын болады.