Екі жақты оқу-жаттығу: жаңа ұрыс жүргізу түрлері

Екі жақты оқу-жаттығу: жаңа ұрыс жүргізу түрлері

«Мәтібұлақ» полигонында екі жақты бригадалық тактикалық оқу-жаттығулардың белсенді кезеңі өтті. Жауынгерлік оқ ату қолданылған маневрлерді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектанов бақылады.

Әскерлерді кенеттен тексеру шеңберінде екі жақты бригадалық тактикалық оқу-жаттығулар өтті. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен  Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімдері дабыл бойынша көтеріліп, Шымкент пен Сарыөзектен Жамбыл облысының Гвардейск гарнизонына жеткізілді.

Маневрлердің ерекшелігі алғаш рет бір-біріне қарсы жауынгерлік
іс-қимылдарды шартты түрде белгіленген емес, нақты «бағдарламаланған»  сипаттағы іс-қимылдары бар қарсыластар жүргізгендігінде. Оқу-жаттығуларды екі жақты форматта өткізу командирлдердің қабылдайтын шешімдерінің орындылығы және қарқынды, жылдам өзгеретін жағдайда бөлімшелерді басқару қабілеті, ал жеке құрамды іс-қимылдардың үйлесімділігі мен тиімділігі бойынша бағалауға мүмкіндік берді.  

Қарсыласты бағалауды ескере отырып, тараптар жауынгерлік
іс-қимылдарды жоспарлап, тактикалық бүркемелеу, бекініс пен басқару пункттерінің орналасуын ауыстыру іс-шараларын орындады. Қарсылас пен жергілікті жерге барлауды жүзеге асырған барлаушылар бөлімшелеріне және ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарына баса назар аударылды. Тактикалық іс-қимылдар үздіксіз, күндіз де және түнде де жүргізілді.

Белсенді кезең барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері шабуыл жасаса, Десанттық-шабуылдау әскерлері қорғаныс шебінде болды.

- Далалық жағдайда, жауынгерлікке барынша жақындатылған ахуалда қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардағы әлемнің алдыңғы қатарлы әскерлерінің тәжірибесі ескеріле отырып, іс-қимылдардың жаңа нысандары мен тәсілдері, тактикалық амалдары апробациядан өтті. Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттарының есептоптарын, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, радиоэлектронды күрес құралдарының кеңінен қолданылуы, олардың артиллериялық, десанттық-шабуылдау, мотоатқыштар және танк бөлімшелерімен өзара іс-қимылы тексерілді, - деп атап өтті Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектанов.

Екі жақты бригадалық тактикалық оқу-жаттығуларға жалпы 3000-ға жуық әскери қызметші қатысып, 500-ден астам бірлік қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды.