Қорғаныс министрлігінің әскери дипломаттарға арналған брифингі

Қорғаныс министрлігінің әскери дипломаттарға арналған брифингі

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі елімізде аккредиттелген әскери-дипломатиялық корпус өкілдері үшін бейнеконференция режимінде брифинг өткізді. Әскери атташелер ҚР Қарулы Күштерінің құрылымымен, халықаралық әскери ынтымақтастық және бітімгершілік қызметтің негізгі бағыттарымен танысты.

ҚР Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев әскеріміздің жетілдірілгені туралы хабарлады.

Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасы бойынша Қарулы Күштердің құрылысы мен дамуы туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Оны іске асыру мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға мүмкіндік береді және дағдарыс жағдайларында тиімді әрекет етуге әзірлікті  қамтамасыз етеді.

Қазақстан Қарулы Күштерін жаңғыртудың негізгі аспектілері «саннан сапаға» көшумен Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жетілдіру, қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу және жаңғырту арқылы жауынгерлік әлеуетті арттыру, сондай-ақ адами капитал сапасын арттыру болып табылады.

Халықаралық әскери ынтымақтастық саласындағы басым бағыттар бітімгершілік және коалициялық әлеуетті, әскери білім мен ғылымды дамыту, жауынгерлік даярлық, әскери медицина және ақпарат қауіпсіздігі саласындағы шетелдік тәжірибені зерделеу және енгізу болып қала береді.

– Біз өзіміздің барлық шетелдік серіктестерімізбен қорғаныс және қауіпсіздік саласында достық пен іскерлік байланысты одан әрі дамытуға ұмтыламыз. Қазақстанның Қарулы Күштері бейбітшілікті қолдау жөніндегі бірлескен іс-қимылдарға дайын. Оған дәлел – БҰҰ аясындағы қызмет, сондай-ақ ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқа да жан-жақты ұйымдар форматындағы міндетімізге берілгендігіміз, – деп атап өтті Н. Ермекбаев.

ҚР Қорғаныс министрі әскери-дипломатиялық корпусқа Қазақстан тарапының бастамаларын іс жүзінде іске асыруға белсенді қатысқаны және жәрдем көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, олардың әскери ынтымақтастықты дамытудағы маңызды ролін атап өтті, сондай-ақ Қарулы Күштерге және жалпы Қазақстанға коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл бойынша жедел көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Брифингке қатысушылардың сөз сөйлеуі кезінде Қазақстанның теңдестірілген, прагматикалық және проактивті сыртқы саясатын жүзеге асырып, қауіпсіздік, ынтымақтастық пен даму саласындағы жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға және іске асыруға үлес қосатыны атап өтілді.