Қызметтің қолжетімділігі мен кадрлардың біліктілігі

Қызметтің қолжетімділігі мен кадрлардың біліктілігі

Қорғаныс ведомствосында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Тимур Дәндібаевтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың орындалуын бақылау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырыс барысында ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары өткізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар туралы баяндады. «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы», «Қазақстан ГАЖ орталығы», «Әскери құрылыс» акционерлік қоғамдарында, «Әскери-техникалық мектеп» РМҚК және авиациялық оқу орталығында комплаенс-қызметі жұмыс істейді. Құрылған құрылым сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын бақылап, ұйымдар қызметінің ашық болуын қамтамасыз етеді.

Қарулы Күштердің инфрақұрылымын салу және жөндеу жөніндегі қызметке ерекше назар аударылды. Әскерлерді пәтерлерге орналастыру Бас басқармасының бастығы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алғышарттарын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Комиссия төрағасы генерал-лейтенант Тимур Дәндібаев жүйелі шешімді талап ететін бірқатар мәселелерді атап өтті. Атап айтқанда мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру, орындалған жұмыстарды қабылдау саласына, сондай-ақ әскери қалашықтардағы гарнизондық тұрғын үй топтарының қызметіне қатысты.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алудың маңызды тетігі, меритократия қағидаттарына негізделген кадр жұмысы болып табылады. Кадрлар департаменті бастығы оқыған баяндамасының нәтижелері бойынша комиссия бірыңғай автоматтандырылған жүйені енгізу туралы ұсыныстар енгізді. Бұл тек кадрларды есепке алуды ғана емес, сонымен қатар лауазымға тағайындау үшін үміткерлердің біліктілік талаптары мен дайындығын ескере отырып, ұтымды кадрлық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, ол адами факторды барынша азайта отырып, сыбайлас жемқорлықты болдырмайды.

Әскери полицияның Бас басқармасы «Әскери сенім» мобильді қосымшасын ұсынды. Оның көмегімен кез келген уақытта әскери құқық қорғау органдарына бұзушылық туралы хабарлауға болады. Кейін олар бойынша дереу шаралар қабылданады.

Комиссия төрағасы барлық әскери қызметшілер үшін қосымшаның қолжетімді болуын, онымен жұмыс істеудің қарапайымдылығы мен ыңғайлылығын, сондай-ақ өтініштерді алдын ала тіркеусіз жіберу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Отырыс соңында әрбір сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін басшылардың жауапкершілігі атап өтілді. Ал регламентке сәйкес Комиссия сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға себептер мен алғышарттарды жою мақсатында Қарулы Күштер қызметінің барлық бағыттары бойынша ұсыныстар енгізуге уәкілетті.

Келесі отырыстың күн тәртібіне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларды, сондай-ақ олардың тікелей басшыларын тыңдау туралы мәселені енгізу ұсынылды.