Әскери дирижерлердің жиынынан, оркестрлердің байқау-конкурсына дейін

Әскери дирижерлердің жиынынан, оркестрлердің байқау-конкурсына дейін

Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әскери дирижерлердің оқу-әдістемелік жиыны өтіп жатыр.

Оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін іс-шаралардың өзіндік ерекшеліктері бар: әуен көңіл-күйді, жауынгерлік рухты көтеріп, қатысушыларды бір арнаға тоғыстыра алады. Елімізде 21 әскери оркестр жұмыс істейді.

Жиын барысында қатысушылар әскери рәсімдерді өткізу және қызметтік-саптық репертуардан музыкалық туындыларын орындау кезінде, сондай-ақ әскери оркестрдің жауынгерлік және арнайы даярлығын ұйымдастыру кезінде әскери оркестрді басқарудан өз білімдерін жетілдіреді.

- Әскери дирижерлер үшін дәрістер мен практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Олар алаңда концертті ұйымдастыруға қажетті талаптарды зерделеп, дирижерлік аппараттың қойылуын пысықтайды, – деп Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары, Бас әскери дирижер капитан Алмас Ибрагимов жиын бағдарламасының мазмұнын нақтылады.

Сондай-ақ жиын барысында 2022 жылға жоспарланған әскери оркестрлердің байқау-конкурсын дайындау және өткізу тұжырымдамасы талқыланады.

- Дирижер ретінде жиынға бірінші рет қатысып отырмын. Бұл іс-шара әскери-оркестрлік қызметтің және оркестрлердің шығармашылық дамуына серпін береді деп санаймын. Жиын бағдарламасы әскери оркестрлер қызметінің барлық аспектілерін, соның ішінде жауынгерлік даярлық элементтерін қамтиды. Әрі қарай қызметке қажетті жаңа тәжірибе аламыз деп үміттенемін, - деді Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты әскери оркестрінің бастығы аға лейтенант Арман Исалиев.

Жиын соңында қорытынды шығарылып, әскери дирижерлердің кәсіби даярлық деңгейі анықталды.