
Нұр-Сұлтанда Ауғанстан жерінен әскерлердің шығарылғанына 32 жыл толуына орай интернационалист-жауынгерлерге арналған іс-шара өтті.

Кеңес әскерлерінің құрамында Ауғанстан Демократиялық Республикасында 22 мыңнан астам қазақстандық сарбаз қызмет еткен болатын. Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
- Он бесінші ақпан, бұл айтулы күн. Дәл осы күні Кеңес әскерлерінің контингенті Ауғанстаннан шығарылды. Сіздер – нағыз патриотсыздар. Бүгінде Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізу жолында сіздердің де үлестеріңіз бар. Әрқашан Ауған соғысының отына шарпылған жалынды жүрекпен алда болыңыздар, – деп Тоқтар Әубәкіров интернационалист-жауынгерлерге жүрекжарды тілегін білдірді.

Ауған соғысының ардагерлері арасында елге оралғаннан соң Қазақстан Қарулы Күштерінде қызметін жалғастырғандар да бар. Олардың ішінде полковник Борис Керімбаев, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, генерал-майор Әділбек Алдабергенов, генерал-майор Мүслім Дайыров және басқалары бар.
- Біз Ауғанстанда қызмет еткендерге құрмет көрсетуге жиналдық. Менің ағам әскерге шақырылып, қызмет өткерді. ЗИЛ көлігімен жарылғыш заттар мен оқ-дәрілерді жеткізумен айналысты, кейін жарақат алып, елге оралды. Өкінішке орай, қазір арамызда жоқ, сырқаттан көз жұмды. Ол біздің мәңгі есімізде, – деді ауғандық сарбаздың туысы Серік Сейітжанов

Бұл күндері әскерлерді Ауғанстаннан шығару құрметіне және қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін барлық жерде митингілер, ауғандықтардың монументтеріне гүл шоқтарын қою, ерлік сабақтары және басқа да іс-шаралар өткізіледі.