Қорғаныс Министрінің Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтау cөзі

Қорғаныс Министрінің Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтау cөзі

Генералдар мен офицер мырзалар, сержанттар мен сарбаздар, Қарулы Күштер қызметкерлері! Қадірлі ардагерлер!

Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтаймын!

Бұл мереке – еліміз таңдау жасаған еркіндік пен жаңа тарихи бетбұрыс нышаны.

1991 жылғы 16 желтоқсан – еліміз әлемдік аренада өз орнын алып, Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталған күн.

Тәуелсіздік тарихы – бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен бүкіл әлем қауымдастығы мойындаған жарқын жеңістер мен жетістіктер, нарықтық экономика мен демократияның қалыптасу жолы.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық шеберлігінің, көрегенді де сындарлы саясаты мен парасаттылығының арқасында Қазақстан өңірдегі ең тұрақты ел  болып қалыптасты.

Қол жеткізілген егемендік аясында біздің алдымызда ата-бабамыздың аңсаған арманын іске асыруға мүмкіндік беретін перспективалық жоспарлар мен міндеттер тұрды.

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен мемлекетіміздің қорғаныс қабілеті де ұдайы нығайтылуда.

Бүгінгі күні қуатты да ұтқыр армия өз миссиясын адал орындап, еліміздің кез келген бағытындағы қорғаныс қалқаны болып табылады.

Қазақ халқы ғасырлар бойы атадан мұраға қалған әрбір қарыс жерін жанқиярлықпен қорғап, тәуелсіздік туын әрқашан биікте ұстаған. Соның нышаны болып табылатын 16 желтоқсан –  Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық, айбындылық пен ерлік белгісі.

Тәуелсіздік жолындағы еліміздің қол жеткізген жетістіктері – бұл халқымыздың бір шаңырақ астында жұдырықтай жұмылған бірлігінің арқасында екені айқын.

Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызда береке-бірлік, Қазақстан Республикасының өркендеп,  дамуы жолындағы ерен еңбегіңізде жетістік пен табыс тілеймін.

Тәуелсіздік тұғыры берік болсын!

 

Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев