Қазақстан Қарулы күштері үшін 200-ден астам әскери дәрігер даярланып жатыр

Қазақстан Қарулы күштері үшін 200-ден астам әскери дәрігер даярланып жатыр

Еліміздегі және шетелдік медициналық жоғары оқу орындарында 200-ден астам болашақ әскери дәрігер білім алып жатыр. 2027 жылы Қарулы күштердің әскери-медициналық бөлімшелеріне бакалавриат, интернатура және резидентура бітірген 40-қа жуық түлек қосылмақ.

 Болашақ мамандардың басым бөлігі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында білім алады. Мұнда 150-ден астам болашақ дәрігер әскери даярлықтан өтуде. Оның ішінде 80-нен астам қыз бар. Олар медициналық пәндерді Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде меңгереді. Барлық курсанттар мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілген.

 Бұдан бөлек, 50-ден астам болашақ әскери дәрігерлер Түркия, Армения, Қытай және Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

 Даярлықтың жеке бағыты – мақсатты білім беру гранттары арқылы бейінді мамандарды оқыту. Қорғаныс министрлігінің сұранысы бойынша С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Астана медицина университетінің резидентурасында білім алуға арналған осындай гранттар бөлініп отыр.

 Онда болашақ әскери дәрігерлер хирургия, анестезиология және реаниматология, терапия, рентгенология, сондай-ақ клиникалық зертханалық диагностика бағыттары бойынша маманданады.

 – Әскери-медициналық мекемелердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жас мамандарды тарту бағдарламасы осымен екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта 16 адам білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтағаннан кейін біздің бөлімшелерде қызметін жалғастырады, – деді ҚР Қарулы күштері Бас әскери-медициналық басқармасы бастығының емдеу-профилактикалық жұмыс жөніндегі орынбасары медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясов.

 Резидентурада дәрігерлерді даярлау Қорғаныс және Денсаулық сақтау министрліктерінің ынтымақтастығы аясында қаржыландырылады. Мақсатты гранттар әскери-медициналық бөлімдер мен мекемелердің сұранысына ие мамандықтар бойынша кадр даярлауға мүмкіндік береді.

 Қарулы күштердің түрлі мамандықтағы дәрігерлерге деген қажеттілігі ескеріле отырып, Қазақстанның және шетелдердің медициналық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.