Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы онлайн-форматта өтті

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы онлайн-форматта өтті

2020 жылдың 1 желтоқсанында ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердің қорғаныс ведомствалары басшыларының кезекті отырысы бейне конференция байланысы режимінде өтті.

Қорғаныс министрлерінің кеңесі әскери саясат, әскери құрылыс және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы Өзара іс-қимылды үйлестіру мәселелері жөніндегі ұйымның ресми жарғылық консультативтік және атқарушы органы болып табылады.

Аталған кеңеске Қазақстан Республикасының атынан қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев қатысты.

Қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерге қатысты пікір алмасты, әскери шеңбердегі ҰҚШҰ қызметінің басым бағыттарын келісті.

Отырыс барысында материалдық-техникалық, медициналық қамтамасыз ету, бітімгершілік қызмет, кадрлар даярлығын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру, сондай-ақ ҰҚШҰ ұжымдық күштерінің бірлескен жауынгерлік даярлық іс-шаралары қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

«Оқу-жаттығу сценарийіне қазіргі қарулы қақтығыстардан алынған сабақтарды қосу қажет деп санаймыз. Біз қауіп-қатерлерге ұжымдық тойтарыс беруге дайын екенімізді көрсетіп, жауынгерлік іс - қимылдарды жүргізудің жаңа әдістері мен тәсілдерін пысықтауға тиіспіз»,- деп генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев атап өтті.

Сонымен қатар, тараптар 2021-2025 жылдарға арналған Ұйымға мүше мемлекеттердің әскери ынтымақтастықты дамыту жоспарын талқылады.