БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 716 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21869 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Азаматтардың денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке (әскери жиынға), сондай-ақ мемлекеттік авиациядағы қызметке жарамдылық санаты медициналық куәландырумен айқындалады. Медициналық куәландыру:
1) әскери қызметке шақырылатын, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымына және әскери оқу орынына (бұдан әрі – ӘОО), сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жанындағы әскери кафедраларға (әскери факультеттерге) оқуға түсетін азаматтарға;
2) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматтарға;
3) резервтегі әскери қызметке кіретін азаматтарға;
4) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге;
5) резервтегі әскери қызметті өткеретін әскери қызметшілерге (бұдан әрі – резервтегі әскери адам);
6) ӘОО оқуға түсетін әскери қызметшілерге;
7) ӘОО-да білім алатын азаматтарға (әскери қызметшілерге);
8) радиоактивтi заттармен, иондаушы сәулелендіру көзiмен, зымыран отыны компонентiмен, электр-магниттiк өріс немесе лазерлік сәулелендіру көзiмен қызмет ету үшін iрiктелетін және қызмет өткеретін әскери қызметшілерге;
9) мемлекеттік авиацияның авиациялық персоналына;
10) әскери жиынға шақыру кезінде немесе есепке алу мақсатында запаста тұратын азаматтарға жүргізіледі.»;
2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«2-тарау. Мерзімді әскери қызметке шақырылатын, әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымына оқуға түсетін азаматтарды медициналық куәландыру»;
5, 6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Мерзімді әскери қызметке шақырылатын, әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымына оқуға түсетін азаматтарды медициналық куәландыруды ЖАО медициналық комиссиясы жүргізеді.
Медициналық куәландыру жүргізілгенге дейін ЖАО медициналық комиссиясының маман-дәрігері куәландырылушының жеке басын куәландырады.
Азаматтарды медициналық куәландыру барысында:
денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйеден немесе медициналық ұйымдардан (меншік нысандарына қарамастан) алынған созылмалы ауру мен соңғы он екі ай ішінде инфекциялық және паразитарлық ауруға шалдыққанына байланысты диспансерлік есепте тұратыны туралы, дәрі-дәрмекті және басқа да заттарды көтере алмауы (жоғары сезгіштігі) туралы мәліметтер (анықтама);
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысанына (бұдан әрі – есепке алу және есеп беру құжаттамасының нысаны) сәйкес азаматтардың денсаулық жағдайын білдіретін медициналық құжаттар зерделенеді: амбулаторлық пациенттің медициналық картасы (052/у нысаны), профилактикалық қарап-тексеру (скрининг) картасы (055/у нысаны), профилактикалық екпе картасы (065/у нысаны), әскерге шақыру жасына дейінгінің емдеу картасы (060/у нысаны) (ол бар болған кезде мерзімді әскери қызметке шақырылатын адамдар үшін);
рентгенограмма, арнайы зерттеу әдістерінің хаттамасы тексеріледі.
6. Мерзімді әскери қызметке шақырылатын, әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымына оқуға түсетін азаматтарға медициналық куәландыруға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын:
1) жалпы қан және несеп талдауы;
2) мерезге микропреципитация реакциясы (микрореакция);
3) электрокардиография (бұдан әрі – ЭКГ);
4) эхокардиография;
5) кеуде қуысы органын флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу (медициналық куәландыратын күні үш айдан кешіктірмей);
6) құрсақ қуысы органын және бүйректі ультрадыбыстық зерттеу;
7) бруцеллезге (мал шаруашылығында жұмыс істейтіндерге және (немесе) жеке шаруашылығында малы барларға) қан талдауы;
8) адамның иммундық тапшылығы вирусына антиденеге қанды зерттеу жүргізіледі.
Медициналық куәландыру күні бойын, дене салмағын өлшеу және дене салмағының индексін анықтау жүргізіледі.
7. Денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесінен немесе медициналық ұйымнан алынған мәліметтер, сондай-ақ медициналық куәландыру кезінде зертханалық және аспаптық әдіспен жүргізілген зерттеу нәтижесі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 24 қаңтардағы
№ 28 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14881 болып тіркелген) бекітілген Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларына 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әскерге шақырылушының есепке алу картасына (бұдан әрі – әскерге шақырылушының есепке алу картасы) жазылады.
Флюорограмма (рентгенограмма) куәландырылушының жеке ісінде оның әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін болады, одан кейін тиісті медициналық ұйымға қайтарылады, олар флюорографиялық үлдір түрінде немесе электрондық жеткізгіште бір жыл бойы сақталады.»;
9, 10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Медициналық куәландыру нәтижесінде азаматтың денсаулық жағдайында ауытқу анықталған кезде аурудың (немесе дене бітімінің кемістігі бар) диагнозын нақтылау және (немесе) денсаулық жағдайын айқындау мақсатында ЖАО-ның медициналық комиссиясы «Кейіннен медициналық куәландырумен қарап-тексеруге (емделуге) мұқтаж» деген қорытынды шығарады. Тексерілуден (емделуден) қайтып оралғаннан кейін азамат қайта медициналық куәландырылуға тиіс. Егер әскерге шақыру комиссиясының жұмысы аяқталғанға дейін азаматты тексеру (емдеу) аяқталмаған жағдайда аталған азаматты медициналық куәландыру азаматтарды әскери қызметке шақырудың келесі кезеңінде жүргізіледі.
10. Тексерілуге (емделуге) мұқтаж деп танылған азаматтар қорғаныс істері бөлімінде (басқармасында) (бұдан әрі – ҚІБ(Б) әскери қызметке уақытша жарамсыздар тізімі бойынша немесе әскери қызметке шамалы шектеумен жарамдылар тізімі бойынша есепке алынады. Олар туралы мәліметтер әскерге шақыру комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейін он жұмыс күні ішінде медициналық ұйымға және денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органына беріледі.
Медициналық ұйымның және денсаулық сақтауды мемлекеттік басқару жергілікті органының басшылары көрсетілген тізімге сәйкес азаматтардың уақтылы тексерілуін (емделуін) қамтамасыз етеді.
Тексеру және (немесе) емдеу аяқталғаннан кейін медициналық ұйымның және денсаулық сақтауды мемлекеттік басқару жергілікті органының дәрігері немесе жауапты адамы жеті жұмыс күні ішінде ҚІБ-ға (Б-ға) есепке алу және есеп беру құжаттамасының нысанына сәйкес азаматтардың денсаулық жағдайын сипаттайтын медициналық құжаттарды жібереді.
11. Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша әскерге шақыру комиссиясының шешімі негізінде азамат медициналық ұйымға амбулаториялық немесе стационарлық тексерілуге (емделуге) жіберіледі. Тексерілуге (емделуге) жолдамада осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық ұйымның атауы, алдын ала диагноз, нені нақтылау қажет екені және тексеру (емдеу) нәтижесімен қайта медициналық куәландыруға қайта келу мерзімі көрсетіледі. Азаматтарды медициналық ұйымда тексеру (емдеу) негізгі және қосалқы ауруды ескеріп жүргізіледі.
Жолдама азаматтардың қолына оларға әскерге шақыру комиссиясының шешімін жариялағанда беріледі. Жолдамаға әскерге шақыру комиссиясының хаттамалары кітабындағы жазбаның реттік нөміріне сәйкес келетін нөмір беріледі.
Жолдамаға осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша денсаулық жағдайын зерттеу актісі (бұдан әрі – акт) бланкісінің 2 данасы, амбулаторлық пациенттің медициналық картасы (052/у нысаны) және оның денсаулық жағдайын сипаттайтын медициналық құжаттар қоса беріледі.
Тексеру (емдеу) аяқталғаннан кейін акт толтырылады, оған тексеруді (емдеуді) жүргізген дәрігер, бөлімше меңгерушісі және медициналық ұйымның басшысы (бас дәрігер) қол қояды, медициналық ұйымның елтаңбалы мөрімен расталады. Актіде зерттеудің зертханалық-аспаптық әдістері нәтижесі және негізгі және қосалқы диагнозды растайтын объективті деректер көрсетіледі. Диагноз аурудың халықаралық жіктемесіне сәйкес қойылады, сондай-ақ аурудың немесе дене бітімі кемістігінің сатысы, теңелу кезеңі, зақымданған ағзаның (жүйенің) функционалдық бұзылуы көрсетіледі. Актінің бірінші данасы азамат әскери есепте тұратын ҚІБ-ға (Б-ға) жіберіледі, ол әскерге шақырылушының жеке ісіне тігіледі. Актінің екінші данасы амбулаторлық пациенттің медициналық картасына (052/у нысаны) немесе стационарлық пациенттің медициналық картасына (001/у нысаны) қоса тіркеледі.
Тексерілуден (емделуден) қайтып оралғаннан кейін азамат қайта медициналық куәландырылуға жатады. Егер қайта медициналық куәландырудан кейін азамат әскери қызметке уақытша жарамсыз немесе әскери қызметке шамалы шектеумен жарамды деп танылса, онда ол әскери қызметке уақытша жарамсыздардың тізімі бойынша немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамдылардың тізімі бойынша есепке алынады.»;
13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«13. Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша әскери қызметке жарамды немесе әскери қызметке шамалы шектеумен жарамды деп танылған азаматтарға ЖАО медициналық комиссиясы әскерге шақырылушының есепке алу картасына әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындыдан кейін Талаптарға сәйкес әскер түрлері мен тектері бойынша арналу көрсеткішін белгілейді.
14. Азаматта медициналық куәландыру нәтижесінде Талаптарға сәйкес әскери қызметке уақытша жарамсыздық көзделетін ауру анықталған кезде ЖАО-ның медициналық комиссиясы «______ айға әскери қызметке уақытша жарамсыз» деген қорытынды шығарады.
Әскери қызметке уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды үш айдан алты айға дейінгі мерзімге шығарылады, егер Талаптарда өзгеше ескерілмесе, ол аурудың дәрігерлік-сараптама нәтижесі айқындалмаған кезде қайтадан шығарылады, бұл ретте уақытша жарамсыздық мерзімі жиынтығында он екі айдан аспайды.
Әскерге шақыру комиссиясының жұмысы (мерзімді әскери қызметке ағымдағы шақыру) аяқталғанға дейін азаматтарды тексеру (емдеу) аяқталған жағдайда әскери қызметке уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды шығарылмайды және ЖАО-ның медициналық комиссиясы қайта медициналық куәландыруға келу күнін көрсетумен тексерілуге (емделуге) мұқтажы туралы қорытынды шығарады.
Әскери қызметке уақытша жарамсыздық мерзімі өткеннен кейін қайта медициналық куәландыру жүргізіледі және ЖАО-ның медициналық комиссиясы әскери қызметке жарамдылығы немесе жарамсыздығы туралы қорытынды шығарады.»;
16 және 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«16. ЖАО медициналық комиссиясының қорытындысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 620 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларына 1 және 4-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша әскерге шақыру комиссиясының хаттамалары кітабына (бұдан әрі – әскерге шақыру комиссиясының хаттамалары кітабы), әскерге шақырылушының есепке алу картасына жазылады.
Әскерге шақыру комиссиясының хаттамалары кітабына қысқаша анамнез, объективті зерттеу деректері, зертханалық және аспаптық зерттеу әдістерінің нәтижесі, диагнозы, сондай-ақ әскерге шақыру комиссиясының шешімі жазылады.
17. Әскери командаларға қабылданған азаматтарға облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жиын пунктінде организмінде есірткі затының болуына тестілеу жүргізіледі.»;
24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«24. Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер әскери қызмет орнына келгеннен кейін алғашқы медициналық қарап-тексеруден өтеді. Алғашқы медициналық қарап-тексеру нәтижесінде әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеруге кедергі келтіретін ауруы анықталған мерзімді қызмет әскери қызметшілері Талаптарға сәйкес медициналық куәландыруға жіберіледі. Медициналық куәландыруды госпитальдық ӘДК жүргізеді.
Маман-дәрігерлердің қорытындылары әскери қызметшінің медициналық кітапшасына, ӘДК қорытындысы – осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ӘДК отырысының хаттамалары кітабына (бұдан әрі – ӘДК отырысының хаттамалары кітабы) жазылады.»;
3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«3-тарау. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беру бағдарламасын іске асыратын әскери оқу орындарына оқуға түсетін және онда оқитын азаматтарды медициналық куәландыру»;
42 және 43-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«42. Денсаулық жағдайы бойынша оқуды жалғастыруға кедергі келтіретін ауру, мертігу болғанда, Талаптарға сәйкес мектепте оқитын азамат медициналық куәландыру үшін штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК-ге жіберіледі.
43. Мектепте оқитын азаматтар оқуға жарамсыз деп танылған жағдайда ӘДК қорытындысы штаттық ӘДК-де бекітілуге тиіс ауруы туралы куәлігімен ресімделеді. Бұл ретте әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытынды шығарылмайды. Ауруы туралы куәлікте аурудың, мертігудің себептік байланысы туралы қорытынды көрсетілмейді.»;
4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«4-тарау. Техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын, оның ішінде шетел мемлекеттерінің әскери оқу орнына, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жанындағы әскери кафедраларға (әскери факультеттерге) оқуға түсетін азаматтарды және әскери қызметшілерді медициналық куәландыру»;
68-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«68. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы жанындағы әскери кафедраларға (әскери факультеттерге) оқуға түсетін азаматтарды (бұдан әрі – студенттер) медициналық куәландыруды оқу басталар алдында ЖАО медициналық комиссиясы жүргізеді.
Әскери кафедралар (әскери факультеттер) студенттерге әскери оқу орнына оқуға түсетін азаматтың медициналық куәландыру картасын ресімдейді. Медициналық куәландыру басталғанға дейін студенттер ЖАО-ның медициналық комиссиясына осы Қағидалар 31-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген медициналық құжаттарды, осы Қағидалардың 47-тармағында көрсетілген медициналық зерттеу нәтижесін ұсынады.
Студенттерді медициналық куәландыру процесінде денсаулық жағдайын анықтау және (немесе) ауру диагнозын нақтылау үшін қосымша зертханалық, аспаптық зерттеу әдістері жүргізіледі.»;
100-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«100. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін, ӘОО-да оқитын әскери қызметшіге ауруы бойынша демалыс отыз тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартылады. Стационарлық емделуде, медициналық оңалтуды жүргізуде және ауруы бойынша демалыста үздіксіз болудың жалпы уақыты төрт айдан, ал туберкулезбен ауыратындар үшін он екі айдан аспайды.
Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет міндеттерін орындауға кірісуі мүмкін болмаған кезде оның емделуде болған мерзімі әскери-медициналық мекеменің қорытындысы негізінде әскер тектері қолбасшысынан, өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысынан бастап және одан жоғары тікелей бастықтың шешімімен ұзартылады.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшінің емделуде үздіксіз болу мерзімі, егер емдеу аяқталғаннан кейін әскери қызметші әскери қызмет міндеттерін орындауға кірілсе ғана ұзартылады.»;
153-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«153. Куәландырылатын адам туралы мәлімет, диагноз бен ӘДК (медициналық комиссия) қорытындысы ӘДК отырысының хаттамалары кітабына, сондай-ақ:
1) келісімшарт бойынша әскери қызметке, резервтегі әскери қызметке кіретін азаматтарға – келісімшарт бойынша әскери қызметке, резервтегі әскери қызметке кіретін азаматтың медициналық куәландыру картасына;
2) ӘОО-ға, әскери кафедраларға (әскери факультеттерге) оқуға түсетін азаматтарға – әскери оқу орнына оқуға түсетін азаматтың медициналық куәландыру картасына, ал ӘОО оқуға түсетін әскери қызметшілерге – және әскери қызметшінің медициналық кітапшасына да;
3) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ӘОО-ға, оның ішінде шет мемлекеттердің оқуға түсетін әскери қызметшілерге – медициналық куәландыру туралы анықтамаға;
4) әскери қызметшілерге – ауруы туралы куәлікке немесе медициналық куәландыру туралы анықтамаға, сондай-ақ әскери қызметшінің медициналық кітапшасына;
5) запаста тұратын азаматтарға – запаста тұратын азаматтың медициналық куәландыру картасына;
6) резервтегі әскери адамдарға, әскери жиыннан өтетін әскери міндеттілерге – ауруы туралы куәлікке немесе медициналық куәландыру туралы анықтамаға;
7) әскери қызметке шақырылған (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің оларды әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы болғанда), бірақ әскери бөлімге әлі жіберілмеген запастағы офицерлерге – ауруы туралы куәлікке немесе медициналық куәландыру туралы анықтамаға;
8) стационарлық емделуде (қарап-тексерілуде) болатын адамға – стационарлық пациенттің медициналық картасына (001/у нысаны) (ауру тарихына) жазылады.»;
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына 9-қосымша осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына 17-қосымша осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережеде:
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«14. Штаттан тыс тұрақты (уақытша) әрекет ететін ӘДК:
әскери қызметшілерді;
әскери оқу орнына оқуға түсетін азаматтарды;
келісімшарт бойынша әскери қызметке, резервтегі әскери қызметке кіретін азаматтарды;
әскерге шақыру бойынша әскери қызметке шақырылатын запастағы офицерлерді;
мемлекеттік авиацияның авиациялық персоналын;
оқу-жаттығу әскери бөліміне оқуға іріктелетін әскери қызметшілерді, оқу-жаттығу әскери бөлімінің курсанттарын;
әскери жиыннан өтетін азаматтарды медициналық куәландыру үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ҚМ) гарнизонында, әскери-медициналық мекемесінде, әскери оқу орнында құрылады.»;
43 және 44-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«43. Қаланың, ауданның ЖАО медициналық комиссиясы:
1) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес маман-дәрігерлердің кабинетін әскерге шақыру (жиын) пунктінде медициналық куәландыру үшін қажетті құралдар, медициналық және шаруашылық мүлік тізбесімен жарақтандыруды тексереді;
2) амбулаториялық (стационарлық) тексерілуге (емделуге) мұқтаж азаматтар жіберілетін медициналық ұйымды айқындайды;
3) әскерге шақыру комиссиясы әскери қызметке уақытша жарамсыз деп таныған, емдеуге (ауыз қуысын санациялауға, көру қабілетін түзетуге) мұқтаж азаматтарды тексеру (емдеу) жүзеге асырылатын медициналық ұйымды айқындайды;
4) маман-дәрігерлердің мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың диспансерлік есепте тұрғаны, медициналық көмекке жүгінгені туралы мәліметтерге, оның ішінде медициналық ақпараттық жүйеге қолжетімділігін қамтамасыз етеді;
5) мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде азаматтарды медициналық куәландыру нәтижесін медициналық ақпараттық жүйеге енгізудің толықтығы мен дұрыстығын бақылайды;
6) азаматтардың Талаптарға сәйкес әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытынды шығарады және әскер түрлері мен тектері бойынша арналу көрсеткішін белгілейді;
7) азаматтарға мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде медициналық куәландыру мәселелері бойынша түсіндірме береді;
8) шамалы шектеулермен әскери қызметке жарамды деп танылған, әскери қызметке уақытша жарамсыз, емдеуге (ауыз қуысын санациялауға, көру қабілетін түзетуге) мұқтаж азаматтардың тізімін жасайды;
9) күн сайын қорытынды шығарады, азаматтарды медициналық куәландыру нәтижесін талдайды;
10) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарынан мерзімді қызмет әскери қызметшілерін қайтару себебін есепке алуды, зерделеуді және талдауды жүргізеді;
11) азаматтарды медициналық куәландырудың кемшіліктері туралы мерзімді әскери қызметке шақыру комиссиясының төрағасына баяндайды;
12) азаматтарды медициналық куәландыруға байланысты шағым мен өтінішті шешуге қатысады.
44. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖАО медициналық комиссиясы:
1) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органымен, денсаулық сақтау ұйымымен, басқа да ұйыммен азаматтарды әскери қызметке даярлауды медициналық қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастырады;
2) жиын пункті маман-дәрігерлерінің кабинеттерін құралмен, медициналық және шаруашылық мүлікпен жарақтандыруды тексереді;
3) маман-дәрігерлерге азаматтарды медициналық куәландыруды ұйымдастыру және жүргізу туралы нұсқау береді, әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді түсіндіреді;
4) бағынысты медициналық комиссияның жұмысына әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асырады, олардың жұмысын бақылайды және әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша практикалық көмек көрсетеді;
5) азаматтарға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырудың және одан босатудың негізділігін зерделейді;
6) бағынысты медициналық комиссияның маман-дәрігерлері шығарған қорытындыны ресімдеу сапасын, негізділігін және оның Талаптарға сәйкестігін тексереді;
7) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына тікелей жөнелту алдында облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жиын пунктінде аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясы мерзімді әскери қызметке шақырған азаматтарға бақылау медициналық қарап-тексеруді жүргізеді;
8) аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясы әскери қызметке жарамсыз және әскери қызметке уақытша жарамсыз деп таныған азаматтарға, сондай-ақ медициналық куәландыру нәтижесі бойынша олардың әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындымен келіспейтіні туралы мәлімдеген азаматтарға қайта медициналық куәландыруды жүргізеді;
9) әскери қызметке жарамдылығы (жарамсыздығы) санатын айқындаумен өзінің келіспейтіні туралы мәлімдеген азаматтардан денсаулық жағдайының өзгеруін растайтын құжаттарды сұратады;
10) бағынысты медициналық комиссияның қорытындысын қарайды (қайта қарайды), бекітеді (күшін жояды);
11) штаттық ӘДК-мен келісілгеннен кейін өз қорытындысын қайта қарайды;
12) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарынан мерзімді қызмет әскери қызметшілерін қайтару себебін есепке алуды, зерделеуді және талдауды жүргізеді;
13) азаматтарды медициналық куәландыру және тексеру (емдеу) нәтижесін жинақтайды;
14) әскерге шақыру кампаниясының қорытындысы бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жергілікті атқарушы органының басшысына (әкіміне), денсаулық сақтауды мемлекеттік басқару жергілікті органының басшысына медициналық комиссияның жұмысын жақсарту жөнінде ұсыныс береді.».
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы
генерал-лейтенант С. Қамалетдинов