Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары

1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары (бұдан әрі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттардың міндеттері:
1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарының тұрақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқын қалыптастыру;
2) сыбайлас жемқорлық көріністерін уақтылы анықтау және олардың теріс салдарларын болдырмау болып табылады.
3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттардың қағидаттары:
1) заңдылық;
2) транспаренттілік;
3) әдептілік;
4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау және оларды сыбайлас жемқорлық көріністерінен қорғау;
5) мүдделер қақтығысына жол бермеу болып табылады.

2-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар
4. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарына күнделікті қызметте:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын және басқа да нормативтік құқықтық актілерін мүлтіксіз сақтау;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жақтау және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыру, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайту, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеу;
3) адал, әділ, қарапайым болу, моральдық-әдептілік нормаларын сақтау;
4) өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз ету;
5) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету;
6) шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсетпеу;
7) мыналарға:
іссапарға жіберу не демалыс беру туралы шешімдерді қоспағанда, өздеріне, өзінің жақын туыстарына, зайыбына (жұбайына) немесе жекжаттарына;
олар, олардың жақын туыстары, зайыбы (жұбайы) немесе жекжаттары олардан кірістердің кез келген түрлерін алатын жеке және заңды тұлғаларға;
олардың жақын туыстары, зайыбы (жұбайы) немесе жекжаттары қызмет өткеретін (жұмыс істейтін) заңды тұлғаларға қатысты шешімдер қабылдамау, бақылауды жүзеге асырмау, қызметтік тергеп-тексерулер жүргізбеу және жауаптылық шарасын айқындамау;
8) мемлекет мүдделеріне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұру;
9) мемлекеттік және қызметтік мүдделер басымдығын жеке басынан жоғары қою;
10) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға жол бермеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, оларды кімде-кім жасаса да, оның кез келген көріністеріне төзімбеу;
11) командирлердің (бастықтардың) тапсырмаларын орындау кезінде тек объективті және нақты мәліметтерді ұсыну;
12) оларға белгілі болған сыбайлас жемқорлық жағдайлары, қызметтік әдеп нормаларын бұзулар және мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға және сыйлық алуға көндіру мақсатында оларға қандай да бір адамдардың өтініш жасау фактілері, туындаған мүдделер қақтығысы немесе оның туындау мүмкіндігі, қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі жеке мүдделілігі туралы әскери бөлімнің (мекеменің) тікелей командиріне (бастығына) немесе қолбасшылығына (басшылығына) мәліметтерді шұғыл жеткізу;
13) командирдің (бастықтың) заңды тапсырмаларын орындауға кедергі жасайтын әрекетке (әрекетсіздікке) жол бермеу;
14) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйым салуларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызмет өткерумен байланысты талаптарды мүлтіксіз сақтау;
15) өтініштерді объективті түрде, құзыретті, бюрократизмсіз және қағазбастылықсыз қарау және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде қажетті шаралар қабылдау;
16) әріптестерге және командирлерге (бастықтарға) белгіленген өзара қарым-қатынастары тәртібін бұзатын, бейтарап қызметтік шешім қабылдауына ықпал етуі мүмкін заңсыз өтініштермен өтініш жасаудан аулақ болу;
17) басқа адамдарды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндірмеу және көтермелемеу;
18) қызметі бойынша оларға тәуелді болатын командирлерге (бастықтарға) және өзге де лауазымды адамдарға сыйлықтар сыйламау;
19) ресми адамдардың лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, мүліктік пайда, игіліктер не артықшылықтар алу үшін көрсетілген адамдарға қызметтік емес қызмет көрсетпеу;
20) өзінің қызметтік міндеттерін орындағаны үшін сыйлықтар және қызметтік емес көрсетілетін қызметтерді қабылдамау;
21) олардың шотына білмей келiп түскен ақша, сондай-ақ ол қызметтік міндеттерін «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабы 16) тармақшасының бiрiншi абзацын бұза отырып орындауына байланысты алған қаражатты олар анықталғаннан кейiн екi апта мерзiмде тиiстi мемлекеттік кіріс органына мұндай қаражаттың түсуiнiң мән-жайлары туралы түсiнiктеме ұсыныла отырып, республикалық бюджетке аудару;
22) егер олар жоғары тұрған лауазымды адамның келiсiмiмен оларды көрсетілген қордан тиiстi жерде қолданылып жүрген нарықтық бөлшек сауда бағасы бойынша сатып алуға ниет білдірмесе, олар білмей келiп түскен, сондай-ақ оның қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты алған сыйлықтары жетi күн мерзiмде арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусіз тапсыруға жатады, ал нақ сондай мән-жайларда көрсетiлген қызметтер үшiн оларға республикалық бюджетке ақша аудару жолымен ақы төлеу;
23) жетi күн мерзiмде өзiнiң отбасы мүшелерi заңсыз алған сыйлықтарды арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусіз тапсыру және өзінің отбасы мүшелерi заңсыз пайдаланған қызметтер құнын республикалық бюджетке ақшалай қаражат аудару жолымен өтеу;
24) шетелдік те, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының есебiнен мемлекетішiлiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдамау, оған мыналар:
жұбайының (зайыбының), туыстарының өз есебiнен шақыруы бойынша;
егер олармен арадағы қарым-қатынастар шақырылатындардың қызметтiк iс-әрекетi мәселелерiн қозғамаса, өзге де жеке тұлғалардың шақыруы бойынша (жоғары тұрған лауазымды адамның немесе органның келiсiмiмен);
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен шет мемлекеттердiң мемлекеттiк органдары арасындағы өзара уағдаластық бойынша тиiстi мемлекеттiк органдардың және (немесе) халықаралық ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын;
жоғары тұрған лауазымды адамның не органның келiсiмiмен ғылыми, спорттық, шығармашылық, кәсiби, гуманитарлық іс-шараларға қатысу үшiн ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын сапарлар, оның iшiнде осындай ұйымдардың жарғылық қызметi шеңберiнде жүзеге асырылатын сапарлар қосылмайды;
25) кредиттер, несиелер алуда, бағалы қағаздарды, жылжымайтын және өзге де мүлiкті сатып алуда заңнамада көзделмеген артықшылықтарды пайдаланбау;
26) мүліктік және мүліктік емес пайда мен артықшылықтар алу немесе пайда табу мақсатында ресми жариялауға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдаланбау;
27) оны ұсыну заңнамамен көзделген ақпаратқа жеке және заңды тұлғалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларды кідіртпеу, нақты және толық ақпарат беру;
28) жеке немесе заңды тұлғалардан осы адамдардың заңнамада көзделмеген ақпаратты ұсынуын талап етпеу;
29) өздерінің құқықтық және заңды мүдделерін іске асыру үшін жеке және заңды тұлғаларға кедергі жасамау;
30) егер жақын туыстардың және жекжаттардың тікелей бағынысты немесе бақылауында болуына байланысты болса, лауазымға тағайындалудан бас тарту;
31) жеке пайдакүнемдік мүдделерінде қызметтік мәселелерді шешу мақсатында командирдің (бастықтың) және бағыныстылардың арасындағы достық, туыстық және жекжаттық байланыстарды пайдалануға жол бермеу;
32) басшылыққа қатысты жеке берілгендікке, олардың лауазымдық мүмкіндіктері есебінен пайда және артықшылықтар алуға ұмтылуға жол бермеу;
33) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда белсенділік таныту;
34) мұндай қызмет резервтегі әскери қызмет барысында қызметтік жағдайды, қызметтік мүмкіндікті немесе алынған ақпаратты пайдаланумен байланысты болмаған жағдайды қоспағанда, кіріс алуға байланысты кәсіпкерлік және өзге де қызметті жүзеге асыруда жәрдем көрсетуден аулақ болу;
35) мұндай әрекет мүдделер қайшылығы туралы заңнама нормаларын бұзбаған, сондай-ақ пайда алуға немесе шешім қабылдауға ықпал етуге байланысты жеке мақсатта пайдаланылмаған жағдайда, резервтегі әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшілерді қоспағанда, үшінші тұлғалардың мүддесін білдіруден немесе қолдау жасаудан, сондай-ақ олардың атынан әрекет етуден аулақ болу;
36) үшінші тараптың мүддесін білдіруден немесе қолдаудан, сол сияқты олардың атынан іс-қимылдар жасаудан аулақ болу;
37) басқа мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне құқыққа сыйымсыз араласуға жол бермеу;
38) өзiнің не жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерін қанағаттандырумен байланысты мәселелерді шешу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын және қызметтік өкілеттіліктерін баса көрсетпеу және пайдаланбау;
39) қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты емес мүдделерде қызметтік куәлігін пайдаланбау (көрсетпеу);
40) қызметтiк емес мақсаттарда материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты пайдаланбау;
41) жоғары тұрған немесе төмен тұрған не қызмет немесе жұмыс бабында олармен өзгеше тәуелдiлікте болатын лауазымды адамдармен ақшалай немесе өзге де мүлiктік сипаттағы құмар ойындарына қатыспау;
42) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшісінің немесе азаматтық персоналының беделін түсіретін кез келген жеке байланыстардан аулақ болу;
43) лауазымдық міндеттерін бейтарап және объективті түрде орындауға ықпал етуі мүмкін қаржылық және іскерлік өзара қарым-қатынастардан аулақ болу;
44) интернет-кеңістігіне және әлеуметтік желілерге өзіне не отбасы мүшелеріне тиесілі қымбат тұратын жылжымайтын және жылжымалы мүлкінің, автокөлік құралдарының суреттерін, сондай-ақ демалыс орындарында көңіл көтеретін орындардағы түскен суреттерін орналастырмау;
45) жұмыс орнына табыну, ескі, антиквариат, сәнді заттарды, сондай-ақ сыйлықтарды, кәдесыйларды, қымбат тұратын жазу құралдарын және басқа да бағалы ағаш түрлерінен, асыл тастар мен металдардан жасалған бұйымдарды көрсетіп қоймау;
46) қызметтік кабинетке грамоталарды, алғыс хаттарды, дипломдар мен басқа да жеке сіңірген еңбегі мен жетістіктерінің куәліктерін орналастыру кезінде қарапайым болу және қанағатшылдық таныту;
47) оған сыбайлас жемқорлық көріністерін жасады деп жариялы түрде негізсіз айып тағылған кезде ол осындай айыптау анықталған күннен бастап бір ай мерзімде, сондай-ақ сот тәртібінде оны теріске шығару жөнінде шаралар қабылдау ұсынылады.
5. Барлық деңгейдегі командирлерге (бастықтарға) бағыныстылармен қарым-қатынас кезінде:
1) өзінің мінез-құлқымен жоғары адамгершіліктің, адалдықтың, сатылмайтындықтың, мейірімділіктің, бейтараптықтың, әділдіктің, риясыздықтың үлгісі болу;
2) меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз ету, туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша кадрларды іріктеу және орналастыру жағдайларына жол бермеу, әскери қызметке кіру және әскери қызметте ілгерілету кезінде заңда көзделмеген артықшылықтарды бермеу (тамыр-таныстық, отбасылық жақындық), жеке қарым-қатынасы қызметі бойынша ілгерілету, көтермелеу немесе жазалау, кадрлық және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін негіз болмауға тиіс;
3) мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды уақтылы қабылдау;
4) олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарын сақтауына жеке бақылауды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шараларды уақтылы қабылдау, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою;
5) олардың қызметінің нәтижелерін бағалау, сондай-ақ көтермелеу және жазалау шараларын қолдану кезінде әділдік пен объективтілік таныту;
6) қызметтік міндеттерінің шегінен тыс, сондай-ақ заңнамаға қайшы келетін орындалуы мүмкін емес өкімдер бермеу және олардың орындалуын талап етпеу, оларды қызметтік емес немесе жеке тапсырмаларды орындау үшін тартуға жол бермеу;
7) қызметтік емес сипаттағы мәселелерді шешу кезінде олардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік дәрежесін пайдаланбау;
8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға мәжбүрлемеу;
9) оларға қатысты негізсіз айыптауға, тәртіптік жауаптылыққа тартуға, қызметтен шығаруға, қызметте ілгерілеуде кедергілер жасауға, кәсіби, іскерлік және жеке қасиеттерін бағалауға, әскери атақ беру, аттестаттаудан өткізу кезінде негізсіз бағалау фактілеріне жол бермеу ұсынылады.
6. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарына нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген оларды қабылдауға тікелей құзыреті болмаған кезде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге жол бермеу;
2) мыналарға:
лауазымды адамның өзінің қалауы бойынша шешім қабылдауына;
жеке және заңды тұлғалардың өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруы кезінде кедергі жасауға;
нормалардың мазмұнын әртүрлі түсінуге;
сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін дискрециялық өкілеттіліктер мен нормаларға ықпал ететін нормаларды алып тастау;
3) мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын құпияны қамтитындардан басқа, нормативтік құқықтық актілердің жобаларымен танысу үшін мүдделі адамдарға рұқсат беру;
4) мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын құпияларды қамтитындардан басқа оларды жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына алдын ала орналастырмай, нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға жол бермеу ұсынылады.
7. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарына мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде:
1) мемлекеттік қызметтерді көрсетудің нақты процестерінің бекітілген стандарттар мен регламентерге сәйкес келуін қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде тұрғындардың сұрау салуларына бағдарлай отырып, тұрақты негізде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдау;
3) мүмкіндігі шектеулі адамдар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алған кезде оларға қажетті жағдайлар жасау;
4) бюрократизм мен қағазбастылық көріністеріне жол бермеу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер нәтижелерін белгіленген мерзімдерде беру;
5) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өткенге дейін бір тәуліктен кешіктірмей Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға жеткізуді қамтамасыз ету;
6) мемлекеттік қызметті көрсету кезінде негізсіз бас тарту фактілеріне жол бермеу;
7) көрсетілетін қызметті алушылармен қызметтік емес қатынастарға түспеу;
8) құқық бұзушылық жасауға көндіру әрекеттері туралы басшылыққа баяндау;
9) «бір терезе» қағидатын сақтау, көрсетілетін қызметті беруші мен көрсетілетін қызметті алушының тікелей байланысын жою немесе барынша азайту;
10) стандарттарда көзделмеген құжаттарды талап етпеу;
11) ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін құжаттарды көрсетілетін қызметті алушылардан талап етпеу;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген қосымша талаптарды белгілемеу;
13) мемлекеттік қызметтер көрсету туралы қарауға қабылданған өтініштер, сондай-ақ оларды қарау мәртебесі туралы мәліметтерді автоматтандырылған ақпарат жүйелеріне (олар бар болған кезде) уақтылы енгізу;
14) мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
15) құжаттарды қарау кезеңдерінің көптігіне және қайталануына жол бермеу;
16) мемлекеттік көрсетілетін қызмет белгілері (жасырын көрсетілетін қызметтер) бар көрсетілетін қызметтерге жол бермеу;
17) тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша ақпараттың қолжетімділігін, толықтығын және нақтылығын қамтамасыз ету;
18) мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу кезектілігінің ашықтығын қамтамасыз ету;
19) тегін көрсетілуі Қазақстан Республикасының заңдарымен кепілдендірілген мемлекеттік қызметтер көрсеткені үшін көрсетілетін қызметті алушыға төлемақы белгілеуге жол бермеу ұсынылады.
8. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарына бақылау функцияларын жүзеге асырған кезінде:
1) бақылаудың заңдылық, объективтілік, бейтараптық, анықтық, жан-жақтылық және ашықтық қағидаттарын қамтамасыз ету;
2) жеке мүдделерінде және үшінші тұлғалардың мүдделерінде тексерулерге бастама танытуға жол бермеу;
3) тексерілетін субъектілер есебінен тексеру іс-шараларын болдырмау;
4) тексерілетін субъектілерге заңсыз талаптар қоймау, тексеру мәніне жатпайтын өтініштермен жүгінбеу;
5) тексерілетін субъектілерден тексеру мәніне жатпайтын құжаттарды талап етпеу;
6) тексерілетін субъектіге тексеру жүргізген кезде оның мәніне жататын қажетті ақпаратты беру;
7) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тексерілетін субъектіні тексеру аяқталған күні оны жүргізу нәтижелері туралы актімен таныстыру;
8) қызмет орнына келгеннен кейін өз қолбасшылығына (басшылығына) бақылау нәтижелері туралы есеп беру ұсынылады.
9. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарына мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделмеген қосымша талаптарды белгілемеу;
2) мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету;
3) бюрократтық қағазбастылық жасамау;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, сауда-саттыққа қатысуға шақыру туралы ақпаратты және келісімшарттар жасасу, сатып алу циклінің барлық кезеңдері, сатып алу жоспарлары, біліктілік талаптары туралы және тағы басқа ақпаратты қоса алғанда, сатып алу рәсімдеріне және келісімшарттарға қатысты ақпараттың жариялы және алдын ала таратылуын қамтамасыз ету;
5) конкурстық рәсімді жүргізуді талап ететін келісімшарттың құнын төмендету үшін келісімшарт бойынша бағаны бөлшектеуді болдырмау;
6) белгілі бір мердігерлерге артықшылық беретін техникалық талаптарды арнайы белгілеуді болдырмау;
7) іріктеу өлшемшарттарының айқындығын қамтамасыз ету;
8) конкурстық өтінімді дайындау үшін жеткілікті уақыт беру;
9) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, конкурстар қорытындыларын аудио және бейнетіркеуді жүргізуді жасасылған шарттардың қолданылуы кезеңіне сақтау мерзімімен қамтамасыз ету;
10) атқарушылық өндірістері бойынша борышкер болып табылатын, сондай-ақ төленбеген салық берешегі бар Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде тұрған жеткізушілермен шарттар жасаспау;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиісті шарттар жасаспай тауарларды жеткізуді болдырмау;
12) сатып алуларға байланысты кез келген шешімдерге шағымдану мүмкіндігіне жол беру;
13) жосықсыз қатысушыларды тиісті Тізілімге енгізу үшін уәкілетті органдарға хабарламалар жолдауды қамтамасыз ету ұсынылады.
10. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарына қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыру кезінде:
1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау, соның ішінде бейресми есептілік құжаттарын жасау мақсатында жүзеге асырылатын бухгалтерлік есепті жүргізуге, қаржылық есептілікті ұсынуға жол бермеу;
2) есепке алынбаған немесе дұрыс тіркелмеген операциялар жүргізуге жол бермеу;
3) жоқ шығындарды есепке алуды жүргізуге жол бермеу;
4) объектілері дұрыс сәйкестендірілмеген міндеттемелерді көрсетуге жол бермеу;
5) жалған құжаттарды пайдалануға жол бермеу;
6) заңда көзделген мерзімдерден бұрын бухгалтерлік құжаттаманы қасақана жоюға жол бермеу ұсынылады.
11. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарына кадрларды іріктеу және орналастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру кезінде:
1) басшылық құжаттарда айқындалған тәртіппен жасалатын әскери қызметшілердің кадрлық резервінде тұрған адамдар қатарынан кандидаттарды жоғары лауазымға тағайындау;
2) меритократия қағидатын басшылыққа алу;
3) заңнамаға сәйкес әскери басқару органдарының бірінші басшылары жақын туыстарының, ерлі-зайыптылардың және жекжаттарының олардың тікелей бағынысында болатын бөлімшелерде қызмет өткеруін болдырмау;
4) тағайындауға арналған материалдарды белгіленген қарау мерзімдерін сақтау және бақылау;
5) әскери қызметке қабылдау кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне жүктелетін негізгі міндеттерді, тыйым салулар мен шектеулерді түсіндіру ұсынылады.
12. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарына медициналық қызметтер көрсету кезінде:
1) жалпы жағдайларда ақы төленуге тиіс көрсетілетін қызметтерді тегін пайдалануға жол бермеу;
2) жекеменшік клиникалармен оларға әскери қызметшілерді медициналық зерттеп-тексеруден өтуге, дәрілік заттарды сатып алуға жіберу туралы сөз байласпау;
3) жеке дәріханалардың және жекеменшік клиникалардың мүдделерін қолдамау;
4) әскери қызметшілерді денсаулық жағдайы бойынша қызметтік міндеттерін орындаудан босату туралы анықтамалар беру заңдылығын және ашықтығын қамтамасыз ету;
5) науқастанғандардың белгіленген емделу мерзімдерін негізсіз ұзартуға жол бермеу;
6) шығарылған науқастанғандарды әскери-емдеу мекемесінде қалдырмау;
7) әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын айқындау жөніндегі сараптамалық шешімдерді қабылдау ашықтығын қамтамасыз ету ұсынылады.
13. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органдарының әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарына «Әскери полиция органдары туралы» Заңда көзделген міндеттерді орындау кезінде:
1) әскери қызметшілермен және азаматтармен сөйлесу кезінде өзін таныстырудан (қызметтік куәлігін көрсетумен лауазымын, атағын және тегін айтудан) жалтармау;
2) жеке өзі немесе үшінші тұлғалар үшін заңсыз материалдық пайда табу мақсатында кедергілер немесе азғыру сипатындағы өзге де жағдайлар жасамау;
3) әскери қызметшілер мен азаматтар үшін әрекеттердің және талаптардың түсінікті болуын қамтамасыз ету;
4) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде жасыру және кез келген себептер бойынша жауаптылыққа тартуды болдырмау;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қатаң тәртіппен құқық бұзушылардың құжаттарын, жеке куәліктерін, көлік жүргізуші куәліктерін алып қою;
6) пара алуға көндіру жағдайлары туралы басшыны дереу хабардар ету;
7) қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде белгілі болған және қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген хабарламаларды таратпау;
8) нәтижесіне мүдделілік танытқан материалдар бойынша өздігінен бас тарту туралы тікелей басшысына айту;
9) құжаттарды және өзге де дәлелдемелерді жасыруға жол бермеу;
10) адамдардың жауаптылықтан және сот төрелігінен жалтаруына жол бермеу және ықпал етпеу;
11) егер ол қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты болмаса, оларға қатысты тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатқан немесе қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатқан адамдармен не олардың отбасы мүшелерімен, жақын туыстарымен, достарымен, қызметтестерімен байланыс жасауына жол бермеу ұсынылады.

3-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтау
14. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын сақтау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің барлық әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдары үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара болып табылады.
15. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын сақтамағаны немесе тиісті түрде сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдары заңнамада айқындалған тәртіппен жауапты болады.
16. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдарының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын білуін және сақтауын бақылауды олардың тікелей командирлері (бастықтары) және әскери басқару органдарының бірінші басшылары жүзеге асырады.
17. Әскери полиция органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін өз құзыреті шегінде және заңнамада белгіленген тәртіппен әскери бөлімдер мен әскери мекемелерде әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың талаптарын сақтауын тексеруге құқылы.
18. Бірінші басшы және тікелей бастық (командир) оларға бағынысты лауазымды адамдар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жай-күйіне және олардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасамауына дербес жауапты болады.
19. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын білу және сақтау мәселелері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың орындалуын бақылау жөніндегі комиссиялардың отырыстарында, офицерлердің және жалпы жиналыстарда қаралады.

Дата публикации
20 июля 2020