GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Все материалы
01 октября 2025
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полиция органдары қатысты

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полиция органдарының әскери қызметшілері сап түзеді. Еліміздің бас алаңында Әскери полиция шеруін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары - штаб бастығы

полковник Бакирбаев Ерік Нұрбақытұлы басқарды.

26 сентября 2023
Қарулы күштердің әскери қызметшілері өрт кезінде көрсеткен қайсарлығы үшін марапатталды

Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының әскери қызметшілері көпқабатты тұрғын үй пәтерінде орын алған өрттен баланы аман алып шыққаны үшін марапатталды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов тұрғын үйде болған өрттен баланың өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін сержант Жандос Айтқалиды «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен, ефрейторлар Ізбасар Төлеутай мен Шыңғыс Ерқанатты алғыс хаттармен марапаттады.

Сол күні әскери қызметшілер көпқабатты үйдің жанынан өтіп бара жатып, бірінші қабаттың терезесінен пәтердің түтіндеп, жанып жатқанын байқаған. Сержант Жандос Айтқали сол жерде тұрған әйелдерден пәтерде бала бар екенін естіп, бірден өртке оранған пәтерге кірген. Арғы бөлмеден баланы алып шығып, терезеден әріптестеріне береді. Сол уақытта жеткен өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтауға кірісіп кетеді.

Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының әскери қызметшілері өздерінің бұл әрекетін батырлық деп санамайды. Олар кез келген адам мұндай жағдайда қарап тұрмастан осылай істейтін еді дейді. Әскери қызметшілердің әрекеті жайлы әлеуметтік желі беттеріне шыққанда ғана белгілі болды. Оқиға куәгерлері жігіттерге баланы құтқарғаны үшін алғыс айтты.

«Өтіп бара жатқан әскерилер бей-жай қалмады, олардың бірі ойланбастан үйге кіріп, өрт сөндірушілер келгенше баланы алып шықты. Біз олардың лайықты әрекетін ел-жұрттың білгенін қалаймыз», – деді желі қолданушылары.

www.gov.kz сайтынан 

04 сентября 2023
Қарағандыда Қарулы күштердің әскери қызметшілері өртке оранған пәтерден бес жасар баланы алып шықты

Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының әскери қызметшілері өртеніп жатқан тұрғын үйдің пәтерінен баланы құтқарды.

Сол күні таңертең сержант Жандос Айтқали, ефрейторлар Ізбасар Төлеутай мен Шыңғыс Ерқанат әдеттегідей қызметке шыққан болатын. Көрші үйдің жанынан өтіп бара жатқан жігіттер бірінші қабаттағы пәтердің терезесінен шыққан түтінді көреді. Оқиға орнында жүрген әйелдер құтқарушы азаматтар болмаған соң не істерін білмей дағдарып тұрған еді.

– Көшеде 6-7 жас шамасындағы киімі қара күйеленген баланы көрдік. Ол үрпиіп үйде інісі қалғанын айтты. Мен әріптестеріме сыртта күте тұрыңдар деп, өзім терезеден пәтерге кірдім. Ыстан көзім ашып, жасаурады. Ауа жұту үшін және суға малынған орамал мен фонарь алуға бірнеше рет терезеге келдім. Тек үшінші рет қана мен түпкіргі бөлмеде қолында мысығы бар қатты қорыққан баланы таптым, – деп оқиғаны еске алды Жандос. 

Сержант Айтқали баланы қолындағы үй жануарымен бірге пәтердің терезесінен сыртқа алып шықты. Көп ұзамай өрт сөндірушілер келіп, отты ауыздықтауға кірісті.

Әскери қызметшілердің мұндай батыл әрекеті әлеуметтік желі арқылы белгілі болды. Оқиғаны көргендер жігіттерге баланы құтқарғаны үшін алғыс айтты. «Өтіп бара жатқан әскерилер бей-жай қалмады, олардың бірі ойланбастан үйге кіріп, өрт сөндірушілер келгенге дейін баланы алып шықты. Өрт сөндіріп жатқанда, әскерилер кетіп қалды. Біз олардың осындай батыл қадамы назардан тыс қалмағанын қалаймыз», – деп жазды желі қолданушылары.

www.gov.kz сайтынан

18 августа 2023
Астанада Қарулы Күштердің әскери-спорттық көпсайысы бойынша өткен чемпионат аяқталды

Жарыс Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратының, Бас штабтың және Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері арасында XIII Спартакиада аясында 68665 әскери бөлімінде өтті.

Чемпионат екі құрамда ұйымдастырылды. Біріншісінде Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб департаменттерінің, басқармаларының, орталықтарының атынан 25 команда сайысты. Екіншісі құрамда Қарулы күштердің бас басқармаларынан, басқармаларынан, әскери бөлімдері мен мекемелерінен 15 команда шықты. Командалардың құрамында үш ер адам мен бір әйел болды. Жалпы қатысқан әскери қызметшілер саны 160-тан асты.

Әскери-спорттық көпсайысқа Калашников автоматынан ату, белтемірге тартылу, 100, 1000 және 3000 м жүгіру және гранаталарды қашықтыққа лақтыру кіреді.

Жарыс соңында Штаб бастығы – 68665 бөлім командирінің бірінші орынбасары подполковник Азамат Сүлейменов қатысушыларды құттықтап, ризашылығын білдірді.

– Әскери-спорттық көпсайысты меңгеру – жеке құрамның жауынгерлік дайындығының маңызды көрсеткіші. Бұл жарыстарда өзіңнің ең мықты спорттық қырыңды танытып қана қоймай, жеңіске деген ерік-жігерді көрсеттіңдер. Осы жетістіктермен тоқтап қалмай, ары қарай дамытып, жетілдіруге тілектеспін, – деді ол.

Чемпионат қорытындысы бойынша жеңіске Жауынгерлік даярлық департаментінің командасы жетсе, күміс жүлде – Әкімшілік департаментінің командасына, ал қола Жедел жоспарлау департаментінің командасына бұйырды. Екінші құрамда Әскери полиция бас басқармасының командасы жеңіс тұғырынан көрінді, екінші орынды – Тыл бастығының басқармасы, үшінші орынды – Ұлттық қорғаныс университеті алды.

Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.

www.gov.kz сайтынан

01 августа 2023
Өмірді сақта ведомствоаралық бағдарламасын іске асыру

2023 жылдың екінші тоқсанында әскери полиция органдары "Өмірді сақта" ведомствоаралық бағдарламасын іске асыру бойынша жұмысты жалғастырды.

21 сәуірде сарбаздардың аналар комитеті Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасымен бірлесіп, сарбаздардың ата-аналары үшін гарнизонның әскери бөлімдерінде Ашық есік күндерін өткізді.

2023 жылғы 16 мамырдан 16 маусымға дейін "Жас сарбаз" айлығы барысында Үшарал гарнизонында 1-2023 шақырылым әскери бөлімдерінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерімен әскери қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық заңнама нормаларын жеткізу бойынша сұрақтар мен жауаптар кеші өткізілді.

12-21 маусым аралығында "Әскери қызмет қауіпсіздігі" онкүндігі шеңберінде (қарауылдық және ішкі қызметтерді атқару тәртібі мен ережелерін бұзумен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша) Алматы өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының базасында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шара барысында оқудың қысқы кезеңіндегі әскерлер қызметінің жай-күйіне, қызмет өткеру кезіндегі құқық бұзушылықтарға (қылмыстарға) қатысты қолданыстағы заңнама нормаларына талдау жасалды, басшылық құжаттардың талаптарына өзгерістер енгізілді, қызмет өткеруді ұйымдастыру кезінде практикалық көмек көрсетілді.

Ақтау өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасы Маңғыстау облысының жергілікті полиция қызметкерлерімен, Ақтау гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінің лауазымды тұлғаларымен және автокөлік жүргізушілері қоғамдарының басшыларымен бірлесіп, "Қауіпсіз жол" айлығы аясында қалалық айыппұл тұрағында профилактикалық сабақ өткізді. Іс-шара барысында әскери қызметшілерге жол қозғалысы ережелерін сақтамау мысалдары келтірілді.

31 июля 2023
Астанада Қорғаныс министрлігінің волейболдан өткен чемпионатының қорытындысы шығарылды

Қарулы күштердің XIII Спартакиадасы аясында өткен жарыс армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжде ұйымдастырылды.

Сайысқа 400-ден аса әскери қызметші мен азаматтық персонал өкілдері қатысты. Екі құрамда өткен жарыста қырық команда ойнады. Бірінші құрамда Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелерінің спортшылары, ал екіншісінде – Қарулы күштердің бас басқармалары мен басқармалары, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелері жарысты.

Қорғаныс министрлігі аппараты басшысының орынбасары полковник Төлеген Бөлежанов қатысушыларды чемпионаттың аяқталуымен құттықтады.

– Жарыс тартысты әрі қызықты өтті. Есте қаларлық  көптеген жарқын, қызықты сәттер болды. Жеңіс барынша дайындалған және бірін-бірі жақсы ұғынатын мықты командаларға бұйырды. Алда волейболдан өтетін Қарулы күштердің чемпионатында жақсы нәтижелер күтеміз. Допты беруі мінсіз, ал комбинациялары нәтижелі болсын, – деді ол.

Бірінші құрамда Арнайы техникалық әзірлемелер бас басқармасының әскери қызметшілері жеңіске жетті, екінші орында Кадрлар департаменті, үшінші орын – Метрологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығына бұйырды.

Екінші құрамда Әскери полиция бас басқармасының командасы үздік деп танылды. Екінші орынды 32039 әскери бөлімі, үшінші орынды Тыл бастығының басқармасы олжалады.

Чемпионат жақсы ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Оның жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.

www.gov.kz сайтынан

05 июня 2023
Қарулы Күштердің Әскери полициясы бас басқармасында Ашық есік күні өтті

Астанада Әскери полиция бас басқармасының бастығы полковник Руслан Құлымбетовтың басшылығымен әскери қызметшілердің отбасы мүшелері үшін Ашық есік күні өтті.

Полковник Руслан Құлымбетов атап өткендей, әскери полиция құрылымында әскери қызметшілердің жақындарының қатысуымен мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Оның тәрбиелік мәні зор. Бұл секілді басқосулар отбасындағы өзара түсіністікке оң ықпал етеді. Балалардың да әскери мамандыққа деген қызығушылығын дамытып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді.

Аталған шарада келушілерге әскери полиция органдарының әскери техникасы мен қару үлгілері, әскери қызметшілердің жауынгерлік жабдықтары таныстырылды.

Кинолог мамандар қызметтік иттерді үйрету өнері мен бірлескен іс-қимыл элементтерін көрсетсе, жедел әрекет ету бөлімшесінің әскери қызметшілері балаларға қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін паш етті.

Әскери қызметшілердің отбасылары үшін спорттық эстафета ұйымдастырылды. Жүлдегер командалар Әскери полиция бас басқармасы бастығының атынан естелік медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шара Ақмола өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының мерзімді қызмет сарбаздары мен Әскери полиция мамандарын даярлау орталығы тыңдаушыларының мерекелік концертімен аяқталды.

Осындай іс-шаралар әскери полицияның барлық өңірлік бөлімшелерінде өтіп, оған 700-ден астам бала қатысты.

www.gov.kz/ сайтынан

18 мая 2023
Алматыда Қазақстан мен Армения әскери полиция органдарының әскери қызметшілері кездесті

Қазақстан Қарулы күштері Әскери полиция бас басқармасы бастығының орынбасары полковник Дастан Нұркелдиев Армения Қорғаныс министрлігінің Әскери полиция патрульдік қызметінің бастығы полковник Григор Егиазарян бастаған шетелдік делегацияны қабылдады.

Қазақстан мен Армения Қорғаныс министрліктері арасындағы бұл шара 2023 жылға арналған ынтымақтастық жоспарына сәйкес өтті. Шетелдік мамандармен кездесу Алматы өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасында өтті.

Кездесуге қатысушылар әскерлердегі құқықтық тәртіпті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету, әскери қызметтің қауіпсіздігін ұйымдастыру және диверсияға қарсы іс-қимыл жасаудағы тәжірибелерін бөлісті. Армяндық әріптестеріне қару-жарақ, әскери техника және әскери қызметшілердің керек-жарақ жабдықтарының үлгілері көрсетілді.

Брифингте тараптар Қазақстан мен Армения Қарулы күштері Әскери полиция органдарының практикалық өзара іс-қимылын дамытуға дайын екенін білдірді.

www.gov.kz сайтынан

18 мая 2023
Қарулы күштер әскери полициясының әскери қызметшілері кәсіби мерекесін атап өтуде

Әскери полицияның тарихы 1997 жылғы 22 сәуірде Президент қол қойған "Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі шаралар туралы" Жарлықтан басталды.

26 жыл ішінде әскери полицияда әскери ортадағы құқық бұзушылықты бақылау мен алдын алудың тиімді жүйесі құрылды. Биылғы жылдың 14 наурызында қабылданған "Әскери полиция органдары туралы" жаңа заң да Қарулы күштердегі құқықтық тәртіпті нығайтуға, олардың мәртебесін арттыруға және өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған. 

Анықтау, құқықтық тәртіпті, әскери қызметтің, жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери полиция қару-жарақтың озық түрлерімен және арнайы техникалық құралдармен жарақтандырылған.

Олардың арсеналында заманауи автомобильдер, жылжымалы бекеттер, объектілерді қашықтықтан бақылау кешендері, лазерлік қашықтық өлшегіштер, бейнетіркегіштер және тексеру эндоскоптары бар.

Жыл сайын 80-нен аса адам әскерге шақыру және одан әрі қызмет өткеру үшін әскери полиция мамандарын даярлау орталығында бастапқы оқудан өтеді. Әскери кинологтардың кәсіби шеберлігі халықаралық деңгейде танылып келеді.

Әскери полицейлер Қазақстан Қарулы күштерінің спартакиадаларына, армиялық көпсайысқа, жеңіл атлетикалық және халықаралық жарыстарға белсенді түрде қатысып, әркез жүлделі орындар алып жүр.

Олардың кәсіби шеберлігі мен қойылған міндеттерді орындауға жауапкершілікпен қарауы елдің қорғаныс қабілетін нығайтып, қазақ әскерінің имиджін арттыруға ықпал етуде.

www.gov.kz сайтынан

14 апреля 2023
Астанада жүзуден ҚР ҚК БМ, ҚМ жеке-командалық чемпионаты өтті.

Астанада жүзуден ҚР Қарулы күштер Бас штабының, Қорғаныс министрлігінің жеке-командалық чемпионаты өтті. ҚР ҚМ Орталық спорт клубының ұйымдастыруымен XIII Спартакиада аясында «Алатау» спорт кешеніндегі Ақмола гарнизонының құрылымдық бөлімшелері арасында жарыс өтті. Чемпионатқа Қарулы күштердің 35-тен аса командасы, 140-тан астам әскери қызметшісі мен қызметкері қатысты. Жарысқа әйелдер мен ерлер арасындағы жеке біріншіліктер, сондай-ақ 4х50 метрлік командалық эстафета кірді. Сайыс нәтижелері бойынша жүлделі орындар былайша бөлінді. ҚР ҚК бас басқармаларының, басқармаларының, әскери бөлімдері мен мекемелерінің әскери қызметші әйелдері арасында 50 метр қашықтыққа жүзуден лейтенант Гүлжан Нүсіпова (ҚР ҚК ӘПББ) бірінші болып жеңіске жетті. Сол сияқты 50 метр қашықтықта департаменттердің әскери қызметші әйелдері арасында мәреге бірінші болып жүзіп жеткен – Лариса Адамович (Ақпараттық қамтамасыз ету департаменті). 40 жастан асқан ер азаматтар арасында 100 метр қашықтыққа бірінші жеткен полковник Михаил Гаврилов (14776 ә/б) болды. 40 жасқа дейінгі жас санатында майор Алексей Файзуллин (14776 ә/б) дәл осындай қашықтықта бірінші келді. 35 жасқа дейін қатардағы жауынгер Илья Маматов (ҚР ҚК Әскери полициясының бас басқармасы) 100 метрді бәрінен жылдам еңсерді. Департаменттер мен орталықтардың арасында 40 жастан жоғары санатта жарысқа шыққан полковник Ерболат Дүйсекенов 100 метр қашықтықты бәрінен бұрын еңсеріп, Ұлттық қорғанысты басқару орталығына жеңіс әкелді. 40 жасқа дейінгі әскери қызметшілердің ішінде мәреге бірінші жеткен – подполковник Серік Дәулеталинов (Жауынгерлік дайындық департаменті). 35 жасқа дейінгі азаматтар қатарында капитан Александр Нохрин (Жауынгерлік дайындық департаменті) алдында жан салмады. Осылайша өткен жарыста жалпы командалық есепте 1 орынды ҚР ҚК БШ Жауынгерлік даярлық департаменті иеленсе, ҚР ҚК бас басқармаларының, басқармаларының, әскери бөлімдері мен мекемелерінің арасында Әскери полиция бас басқармасының командасы үздік деп танылды. mod.gov сайтынан

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы