
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік инспекциялық комитеті президент Тоқаевтың тыйымына қарамастан, 79 миллион теңгеге 20 жеңіл автокөлік сатып алмақшы деген хабарламаларға байланысты, АШМ баспасөз қызметі нақтыланған ақпаратты жариялады.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінде 297 көлік құралына лимит қарастырылған. Машиналар өсімдіктер карантині бойынша аудандық, қалалық және облыстық территориялық инспекцияларда, ЕАЭО кедендік шекарасы бойындағы фитосанитарлық бақылау бекеттерінде қолданылады.
Арнайы көліктер инспекторларға фитосанитарлық сертификаттарды уақытылы беру, өсімдік өнімдерін сақтау және жөнелту орындарында (астық жинау нысандары, элеваторлар, қоймалар және т.б.) реттелетін өнімді тексеру, карантиндік зиянкестер, аурулар мен арамшөптерді анықтауға және ауылшаруашылық жерлерін тексеру үшін қажет.
Мемлекеттік инспекторлардың қызметтік қажеттілігіне байланысты ауылдық жерлерге ұзақ сапарларға көп шығуына тура келеді. Қоғамдық көліктерді пайдалану мүмкіндігі болмағандықтан, аумақтық инспекцияларда қызметтік көліктерге деген тәуелділік жоғары.
Комитет автопаркінің басым бөлігі 2010 - 2011 жылдары шығарылған. Техникалар ескіріп қана қоймай, оның кейбіреулері ұзақ жолда көп жүргендіктен, 100% физикалық тұрғыдан тозған. Бүгінгі таңда автокөліктерге сұраныс саны 51-ге жетті. Пайдалануға жарамсыз көліктерді істен шығару жұмыстары жалғасуда.
Сондықтан, АӨК мемлекеттік инспекция комитеті үшін 20 автокөлік сатып алу жоспарланып отыр. Қаражат 2019 жылы ұсынылған 2020 жылғы бюджеттік ұсыныс аясында бөлінді. Сатып алуды мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы - Қаржы министрлігі жүзеге асырады.
Ведомство үшін базалық жабдықталған, механикалық және қозғалтқышының көлемі 1700 см3 болатын отандық автокөліктерді сатып алу жоспарланып отыр. Бір көліктің құны - 3,9 млн. теңге.
Бұл сипаттамалар агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті үшін 20 автокөлік сатып алу ҚР Президентінің «Орталық, жергілікті басқару органдарында және квази-мемлекеттік сектор субъектілерінде шығындарды азайту жөніндегі шаралар туралы» № 108 өкіміне қайшы келмейтіндігін көрсетеді.
Еске сала кетейік, осы өкімнің бірінші тармағында негізгі конфигурациядан жоғары, қозғалтқышының көлемі 2000 текше сантиметрден асатын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес мемлекеттерден шыққан жеңіл автомобильдерді сатып алуға тыйым салынған.