Вице-министр Қазақстандағы бал ара шаруашылығының жай-күйі туралы Мәжіліс отырысында айтты

Вице-министр Қазақстандағы бал ара шаруашылығының жай-күйі туралы Мәжіліс отырысында айтты

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық комитетінде бал ара шаруашылығы жайында дөңгелек үстел отырысында баяндады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының орынбасары Қазақстанда омарта шаруашылығы оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылдың аяғында республикадағы бал араларының саны 218,4 мыңды құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (198,6 мың) 10 пайызға артық. Елімізде асыл тұқымды ара тұқымдастары өсім алған. Олардың саны 2023 жылдың аяғында 66,8 мың ара тұқымына (2022 жылы 58,1 мың) жетті. Оның 32,3 мыңы – карпат, 12,2 мыңы – орталық орыс және 22,3 мыңы – карника аралары.

Бал өндірісіне келетін болсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 3,9 мың тонна бал өндірілді.  Бұл көрсеткіш 2021 жылы 3,7 мың тоннаны құраған болатын. Бал өндірісінің негізгі үлесі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Абай, Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына тиесілі.

2023 жылы бал экспорты 222,7 тоннаны құрады. Қазақстандық бал Өзбекстан, Сауд Арабиясы, ҚХР, Қырғызстан және Ресейге жөнелтілді. РФ, Тәжікстан, Беларусь, Иран және Қырғызстаннан бал импорттады. 2022 жылмен (58,1 тонна) салыстырғанда 2023 жылы бал экспорты 3,8 есеге немесе 383% -ға артты. Импорт көрсеткіштері өткен жылдардың деңгейінде қалды.

Отандық омарташыларды мемлекеттік қолдау үшін Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидалары шеңберінде бал ара ұяларымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді субсидиялау көзделген. Бал ара ұясы үшін субсидиялар нормативі 5 мың теңге. Бұл мақсатқа 2023 жылы 509,2 млн. теңге, 2024 жылы 713,6 млн. теңге бөлінді.

Сонымен қатар, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша омарта шаруашылығын дамытуға жеңілдетілген несие алуға болады. Омарташыларға берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 29,5 млн теңге (8 мың АЕК). Өткен жылдың өзінде осы бағдарлама аясында Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жалпы құны 80 миллион теңгеге жуық 12 омарта шаруашылығы жобасы қаржыландырылды.

Сондай-ақ, «Ғылыми зерттеулер мен іс-шараларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 2021-2023 жылдары «Ара шаруашылығында селекциялық процесті тиімді басқару технологияларын әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасына 627,4 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Бағдарламаның жеңімпазы республикада аудандастырылған ара тұқымдары үшін селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс бағдарламасын әзірлеген, ара тұқымдарын бағалау бойынша бағалау әдістемелерін жасаған және бал араларын сақтау және тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар берген" Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты болды.

Қазіргі уақытта 2024-2026 жылдарға арналған осы бюджеттік бағдарлама шеңберінде «Қазақстанның агробиоценоздарында ара тектік қорын ұтымды пайдалану жүйесін және бал ара шаруашылығының экологиялық өнімдерін өндіру технологияларын әзірлеу» тақырыбы бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Бұл мақсатқа 566,6 млн теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, бал ара шаруашылығы саласының оң серпініне қарамастан, бірқатар проблемалық мәселелер бар. Атап айтқанда, олар Қазақстанға шығу тегі белгісіз бал араларын әкелуге қатысты; өсімдіктерді пестицидтермен және гербицидтермен өңдеуге байланысты бал араларының өлімі; бал ара шаруашылығы саласындағы жетілдірілмеген заңнама және т.б.

«Жалпы Министрлік жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, ғылыми ұйымдармен және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірлесіп, проблемалық мәселелерді, еліміздің бал ара шаруашылығын одан әрі дамыту міндеттері мен мақсаттарын пысықтауға дайын», - деп түйіндеді Бағлан Бекбауов.