Қазақстан мен ШЫҰ-ФАО қатысушылары климаттық сын-қатерлер жағдайында ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын талқылады

Қазақстан мен ШЫҰ-ФАО қатысушылары климаттық сын-қатерлер жағдайында ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын талқылады

Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуі аясында ҚР АШМ «ШЫҰ-ФАО-ның «Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша диалогы: климаттық сын-қатерлер жағдайында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту» тақырыбында бейнеконференциясы өтті.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек өз сөзінде ШЫҰ-ФАО Диалогы - қазақстандық төрағалықтың аясындағы ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша маңызды шаралардың бірі екенін атап өтті.

«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету экономика мен әлеуметтік тұрақтылықты арттырудың маңызды міндеттерінің бірі. Өкінішке қарай, геосаяси жағдайдың бұрын-соңды болмаған шиеленісуі, климаттың өзгеру салдары, сауда және санкциялық соғыстардың күшеюі жағдайында әлемдік азық-түлік дағдарысы шиеленісе түсуде», - деді вице-министр.

АШМ өкілінің пікірінше, дағдарысты заманауи ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу, халықаралық азық-түлік нарығында тұрақтылықты сақтау үшін азық-түлік өнімдерін өндіру мен жеткізудің халықаралық тізбектерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету арқылы еңсеруге болады.

Сонымен қатар, вице-министр Қазақстанның АӨК саласының алдында тұрған проблемаларды – мысалы, климаттың өзгеруі мен орташа жылдық ауа температурасының өсуін жоққа шығармады. Олар 2085 жылы Қазақстанның барлық солтүстік аудандарының жартылай құрғақ аймақта болуына, ал құрғақ аймақтың алаңының ұлғаюына әкелуі мүмкін. Су ресурстарының тапшылығы жайылымдардың тозуына алып келуi және елдiң басты экспорттық тауарларының бiрi – бидайды қоса алғанда, көптеген ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiруге зиян келтiруi мүмкiн. Соңғы бес жылда Қазақстанда құрғақшылықтың екі елеулі жағдайы 2019 және 2021 жылдары тіркелді.

Барлық тәуекелдер мен қатерлерді ескере отырып, Қазақстан Үкіметі олардың елдің азық-түлік жүйесі мен қауіпсіздігіне әсерін азайту жөнінде шаралар қабылдайды. Ол үшін 2023 жылы 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы, ал ФАО-ның техникалық қолдауымен 2030 жылға дейінгі саланы дамыту тұжырымдамасы қабылданды.

Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2023-2027 жылдарға арналған селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірледі және елдің Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі UPOV халықаралық конвенциясына қосылуы жоспарланған.

Бейнеконференцияда ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин мырза да сөз сөйледі. Оның айтуынша, бүгінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығы дерлік өнімділікті айтарлықтай төмендетуге және азық-түлік жетіспеушілігіне алып келетін жерлердің шөлейттенуі мен тозуына байланысты проблемаларға алаңдаушылық білдіреді.

Сондықтан ШЫҰ қатысушылары 2022 жылғы қыркүйекте қабылданған заманауи технологияларды, цифрлық шешімдерді және ауыл шаруашылығы өндірісінің жаңғыртылған тәсілдерін енгізуге бағытталған «ақылды» ауыл шаруашылығы мен агроинновацияларды дамыту тұжырымдамасы іске асыруға бағытталған. Ресурс үнемдеу технологияларын таратуға ШЫҰ-ның «жасыл белдеу» бағдарламасы және Янлинде (ҚХР) ауыл шаруашылығы технологияларын алмасу және оқыту жөніндегі ШЫҰ-ның Демонстрациялық базасының қызметі жәрдемдесуге арналған.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сондай-ақ 2024 жылы төрағалық етуші қазақстандық тараптың бастамасымен БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) қолдауымен ШЫҰ мен БҰҰ-ның экология саласындағы жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шарасын өткізу пысықталып жатқанын хабарлағым келеді», - деп хабарлады ШЫҰ мемлекеттік хатшысы.

Чжан Миннен соң сөз сөйлеген ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілінің міндетін атқарушы Набил Ганджи мырза климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуын қиындататын орасан зор күш екенін түсіндірді. ФАО мәліметінше, соңғы 30 жылда 3,8 трлн долларға жуық сомаға өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері кеміді. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы климаттың өзгеруінің құрбаны бола отырып, парниктік газдар шығарындыларына да ықпал етеді. Набил Ганджидің айтуынша, бұл шұғыл инновациялық шешімдерді талап етеді. Сондықтан ШЫҰ мүшелеріне мыналар маңызды: климаттық қатерлердің азық-түлік қауіпсіздігіне әсерін бағалау; құнды тәжірибемен және озық практикамен алмасуға; аграрлық азық-түлік секторларын тұрақты дамыту үшін бағдар болатын бірлескен іс-қимыл жоспарын белгілеу.

Одан кейін Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері мен ФАО өкілдері сөз сөйледі.

Конференция соңында Әбілхайыр Тамабек ШЫҰ мен ФАО елдерінің жүргізілген Диалогы мен тәжірибесі жаһандық және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ШЫҰ кеңістігінде өзара қарым-қатынастың жаңа тиімді моделін құруға мүмкіндік беретінін айтты.