
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Катардағы азық-түлік қауіпсіздігі бойынша 2-ші жоғары деңгейдегі форумның ашылуында сөз сйөйледі. Үкіметтік іс-шараға 27 мемлекеттен 150-ден астам қатысушы жиналды.
Әріптестерін құттықтай отырып, Ербол Тасжүреков қазіргі уақытта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отырғанын атап өтті. Бүгінде мемлекеттер пандемия, климаттың өзгеруі және геосаяси қақтығыстар сияқты жаһандық оқиғалардан туындаған азық-түлік құнының күрт ауытқуын және инфляцияның жоғары қарқынын бастан кешіруде.
Вице-министр қазіргі заманғы агротехнологиялар мен озық тәжірибелердің қолжетімділігі, инновациялық шешімдерді кеңінен енгізу ИЫҰ-ға мүше елдердің өсіп келе жатқан халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуде елеулі нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететінін атап өтті.
"Азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды үлесті сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту алады. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай - ақ азық-түлік тауарларын жеткізудің жаңа бағыттарын қалыптастыру, елдеріміз арасындағы азық-түлік жүктерінің орнын ауыстыруды реттейтін рәсімдерді жеңілдетумен қатар, ынтымақтастықтың негізгі аспектілері болуға тиіс", - деді Ербол Тасжүреков.
Спикер азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының елдерінің арасында тиімді ынтымақтастық пен өзара тиімді әріптестік құрудағы ерекше рөлін атап өтті.
«Өз тарапынан Қазақстан ИЫҰ-ның белсенді және жауапты мүшесі және экологиялық таза аграрлық өнімді ірі өндірушілер мен экспорттаушылардың бірі бола отырып, ИЫҰ кеңістігіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге елеулі үлес қосуға дайын", - деп толықтырды вице-министр.
Айта кетейік, жоғары деңгейдегі Форум азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелері бойынша шешімдер іздеуде көмек көрсетуге арналған. Бірінші Форум Алматыда 2022 жылы өтті. 2023 жылы іс-шара алдағы 6-шы АҚИҰ Бас Ассамблеясы аясында өткізіледі.