
Қостанай облысының тұрғыны Қазақ Бралин осы жылдың көктемінде Сарыкөл ауданының ауылдық мектебін тамақпен қамтамасыз етуді қолға алды. Тамыз айында кәсіпкер 5 жыл мерзімге жылдық 2,5%-бен 2,5 млн теңге несие алды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша алынған қаражатқа Темирязевка ауылындағы мектептің асханасына қажетті жабдықтарды сатып алды.
«Балалардың денсаулығын сақтаудың маңызды шарты – толыққанды және теңгерімді тамақтануын қамтамасыз ету. Мектептерде балалардың тамақтануы мен ол жерде арнайы ас блогының болуы міндетті болып табылады. Тамақтану сапасы, өз кезегінде, ас блогының материалдық-техникалық базасының, оның ішінде технологиялық жабдықтың жай-күйіне байланысты», - дейді Қазақ Бралин.
Асхана үшін кәсіпкер электр плитасын, пешті, мұздатқышты, үстелдерді, сөрелерді және басқа да қажетті жабдықтарды сатып алды. Қазір мектеп асханасында 3 адам жұмыс істейді.
«Әдетте, мектепте өңделген өнім көлемі өте үлкен. Мұнда қызметкерлер мен азық-түлік жабдықтары әдеттегі асханаға қарағанда бірнеше есе көп жүктелген. Мектеп асханасына жабдықтар сатып алып, біз асхана қызметкерлерінің еңбегін жеңілдетіп, білім алушыларды тамақпен қамтамасыз ету жұмысын жеделдеттік», - деп атап өтті кәсіпкер.
Бүгінгі таңда жобаға қатысу үшін бүкіл ел бойынша ауыл тұрғындарынан 88 млрд теңгеге 12 мыңнан астам өтінім қабылданды, оның ішінде 46 млрд теңгеге 8 мың шағын несие берілді. «Ауыл Аманатты» бағдарламасына биыл 100 млрд теңге бөлінді.