Құрметті әріптестер, қадірлі отандастар! Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Құрметті әріптестер,  қадірлі  отандастар! Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Ешкім де, ешқашан да ұмытылмақ емес. Бұл Жеңіс батыр бабаларымыздың бізге ұсынған баға жетпес сыйлығы. Өкінішке орай, олардың қатары жыл санап сиреп барады. Уақыт өз дегенін бағындырмай қоймайтыны анық. Биыл 9 мамыр мерекесін бізбен бірге 701 Ұлы Отан соғысы ардагері қарсы алып отыр. Былтыр олардың саны 1400 болған.

Отан үшін, отбасы үшін жанын берген батырларымыздың ерлігін жадымыздан шығармау – кейінгі ұрпақ біздердің қасиетті борышымыз.

Сондай-ақ, туған жердің бейбітшілігі мен еркін еңбек жолындағы қанды шайқас кезінде  ауыл мен ауыл шаруашылығының айтарлықтай маңызды рөл атқарғанын ұмытуға болмайды. Дөп басып ешкім есептемесе де, жауынгерлердің басым бөлігі ауылдық жерден шыққаны бесенеден белгілі. Бұған соғыс кезінде егістік пен фермадағы жұмыстың бәрі әйелдердің және қабырғасы қатпаған балалардың иығына жүктелгені дәлел бола алады.

Халық даналығында «Аш солдат – нашар солдат» деген сөз бар. Ауылдардың жағдайы ауыр болғанына қарамастан, ондағы халық маңдай терін тамшылатып, адал еңбекпен егін екті, майдан даласына ет, нан, киім-кешек жіберіп отырды. Осының арқасында біздің жауынгер аталарымыз Берлинге дейін барды.

Жеңіс - соңғы демі таусылғанша күрескен жандардың жанкешті ерлігімен келді. Бүгінгі жарқын сәттеріміз кешегі жеңісті күндердің жемісі.

Құрметті соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері! Сіздерге шын жүректен денсаулық және ұзақ өмір тілейміз!

Құрметпен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.