Аграрлық ғылымды реформалау қоғамдық тыңдауда талқыланды

Аграрлық ғылымды реформалау қоғамдық тыңдауда талқыланды

Астанадағы қоғамдық тыңдауда Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын трансформациялау жоспары, сондай-ақ ғылыми-зерттеу ұйымдарын жоғары оқу орындарына беру мәселесі талқыланды.      

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы қолданыстағы аграрлық жоғары оқу орындарының базасында халықаралық деңгейдегі зерттеу университеттерін құру, сондай-ақ тәжірибелік шаруашылықтар базасында бастапқы тұқым шаруашылығын дамыту мәселесін пысықтауды тапсырған болатын.

Атап айтқанда, құрамына ҰАҒБО ның 7 еншілес ұйымын ҚАЗҰАЗУ-ға ауыстыру, ҚАТЗУ-ға 15 компанияны және тағы 2 компанияны БҚАТУ-ға ауыстыру ұсынылды.

«ҰАҒБО» КЕАҚ басшысы Данияр Жұмашовтың пікірінше, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың ресурстарын шоғырландыру Қазақстанның АӨК басым міндеттерін шешуге оң әсер етеді. ЖОО-АШТС тізбегінде студенттер оқытудың бастапқы кезеңдерінде эксперименттік зерттеулерге қатыса алады деп күтілуде, бұл ғылыми кадрларды одан әрі даярлау үшін ең жақсы, ынталы жастарды таңдауға мүмкіндік береді.

Бірінші кезеңде еншілес компанияларды университеттерге сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр.  Әзірге жарғылық капиталды толықтыру рәсімі жүргізілетін болады. Екінші кезеңде компаниялардың қатысу үлестерін акцияларды төлеуге енгізу арқылы жоғары оқу орындарының жарғылық капиталы ұлғайтылатын болады. Соңғы кезеңде университеттерді республикалық меншікке беру және АШМ-нің жүргізуі ұсынылады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев тыңдауға қатысушыларға арнаған сөзінде ұсынылған өзгерістер шетелдік озық тәжірибе мен табысты отандық тәжірибеге негізделгенін атап өтті. Олардың мәні ғылыми зерттеулер, білім беру және кадрларды даярлау, зерттеу қызметінің нәтижелерін өндіріске енгізу және тауар өндірушілер арасында білімді таратудың қазіргі бытыраңқы процестерін біртұтас етіп біріктіру болып табылады.

«Университеттерді басқарудағы ғалымдардың, сондай-ақ кеңестердің рөлін арттыру қажет. Сондай-ақ, кадр даярлау жүйесін, ең алдымен, білім беру бағдарламаларын үнемі жаңартып отыру, студенттерді оқытудың тәжірибелік бағытын күшейту есебінен өзгерту қажет. Барлық аяқталған ғылыми әзірлемелер бірінші кезекте зерттеу университеттерінің тәжірибелі шаруашылықтарының егістіктері мен фермаларында енгізілуі тиіс, бұл тек фермерлер үшін ғана емес, сонымен қатар кадрларды оқыту, олардың біліктілігін арттыру құралы бола алады», - деп толықтырды Ербол Қарашөкеев.

АШМ басшысы сондай-ақ ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі селекция мен тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірледі. Ол ғылыми ұйымдардың зертханалық және материалдық-техникалық базасын жаңартуды, геномдық және жасушалық селекцияның заманауи әдістерін тәжірибеге енгізуді, тұқымдарды қадағалаудың цифрлық платформасын әзірлеуді және енгізуді көздейді.

Мал шаруашылығында геномдық талдауды пайдалана отырып, жануарларды іріктеудің және олардың асыл тұқымдық қасиеттерін бағалаудың заманауи әдістерін әзірлеу және өндіріске енгізу бойынша жұмыс басталды.

Мұның бәрі аграрлық ғылымды дамытуға және АӨК дамыту тұжырымдамасын іске асыруға, оның ішінде өнімділікті арттыруға, ел аумағында азық-түлік тауарларының барлық түрлерін өндіруге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және инвестициялар тартуға оң әсерін тигізуге  тиіс.

Айта кетейік, қоғамдық тыңдаулар аясында ғалымдар, ғылыми-зерттеу ұйымдарының басшылары, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдері өз пікірлерімен бөлісті.