Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтеді

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтеді

Сенат екі оқылымда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар қабылдады. Құжат жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жетілдіруді көздейді.

Заңнамаға енгізілген түзетулер әкімдік қызметкерлерінің талаптарды бұзғаны үшін бұрын көзделмеген жауапкершілігін белгілеу жөніндегі нормаларды қамтиды.

Атап айтқанда, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар ҚР заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық  қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға, олармен некеде тұрған еліміздің азаматтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншік және жер пайдалану құқығын беруге тыйым салынады.

Сондай-ақ "Жайылымдар туралы"Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 7-1) тармақшасында көрсетілген жайылымдық жерлерге жеке меншік құқығын және жер пайдалану құқығын беруге тыйым салынады.

Бұдан басқа, азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға халықтың, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің немесе ауылдық елді мекендердің шекаралары шегінде шабындық алқаптармен қамтылған учаскелерді жеке меншікке және жер пайдалануға беруге тыйым салынады.

Тағы бір түзету әкімдіктерді бос жер учаскелері және жоспарланған сауда-саттықтар (аукциондар) бойынша ақпаратты мемлекеттік тізілімнің веб-порталында, интернет-ресурстарда және халық үшін қолжетімді орындарда арнайы ақпараттық стенділерде орналастыруға және тоқсан сайын жаңартып отыруға міндеттейді.

Сондай-ақ, жер пайдаланушылар уәкілетті органды басқа жер пайдаланушымен ауыл шаруашылығы жеріне құқықты иеліктен шығару жөніндегі мәміле жасасқаны туралы хабардар етуге міндетті болады.

Сондай-ақ, топырақтың құнарлы қабатын бұзғаны үшін, оны сату немесе басқа адамға беру үшін ғана емес, сонымен қатар топырақтың құнарлы қабатын жою немесе заңсыз алу үшін де жауапкершілік қарастырылған.

Осылайша, заң жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын әкімдіктер қызметкерлерінің, сондай-ақ меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер заңнамасының талаптарын сақтауы үшін негіз болады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Айта кетерлігі, жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функциялары әкімдіктерден толығымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді.