Кездесу Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 25 жылдығына орай өтетін республикалық конференцияның аясында мүдделі мемлекеттік органдармен салалық жұмыс кездесулерінің кестесіне сәйкес ұйымдастырылды.
Ашық диалог форматында өткен жиынға министрлік тарапынан департамент директорлары мен комитет төрағалары қатысып, өңірлерден келген депутаттардың сауалдарына жауап берді. Депутаттар аймақтардағы ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, тиісті жауаптар алды.

Көтерілген мәселелердің ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, инвестициялық субсидиялау, кредиттік серіктестіктерді қолдау бағыттарындағы сұрақтар қойылып, саладағы жүйелі түрде шешуді талап ететін түйткілдер талқыланды. Сондай-ақ, отандық агробизнестің негізгі бағыттарының бірі болып саналатын қой шаруашылығы саласын жүйелендірудің өзекті мәселелері және оның даму нәтижелері туралы айтылды.
Өз кезегінде министрлік тарапынан өңірлердегі шаруаларды мазалап жүрген өзекті сұрақтарды шешу мақсатында бүгінде бірнеше нақтылы шаралар қарастырылып отырғаны туралы толық ақпарат берілді.
Саладағы фермерлер үшін оң өзгерістер 2019 жылғы 28 қазанда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Депутаттар қойған өзекті сауалдардың бірі шаруалардың субсидия бойынша қарыздарын өтеу болса, Министрлік жақын арада фермерлер алдындағы субсидия бойынша барлық қарыздарын төленетіні туралы тұщымды жауап қайырды.
Кездесу соңында, халықпен тікелей қарым-қатынаста жүрген мәслихат депутаттарына бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалар туралы қарапайым шаруаларға жан-жақты ақпаратпен түсіндіру, олардың мұң-мұқтажын уақытылы құлақ түріп министрлікке жеткізіп тұру жағы баса айтылды.
