
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елімізде фри картобын өндіретін ірі зауыт салу бойынша Нидерландтық инвесторлармен кездесу өткізді.
Farm Frites Beheer B.V. трансұлттық компаниясының қаржы директоры Джозеф Леонардус Теодорустың, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі, «Kazakh Invest» АҚ және «К-Агро Холдинг» ЖШС өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте Жамбыл облысында 400 жұмыс орындық зауыт құрылысының мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында белгілі болғандай құны 145 млн. АҚШ долларын құрайтын «Экспортқа бағытталған фри картобын өндіретін зауыт құрылысы» жобасы жақын арада іске қосылады. Қазіргі уақытта инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ зауытты шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету мәселелерін шешілуде. Инвесторлардың пікірінше үлкен көлемде картоп өсіруге ең тиімді жер ол - Жамбыл облысының Шу ауданы.
Айта кетсек, аталмыш жоба трансұлттық компанияның жеке қаражатына, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкі және «Аграрлық несие корпорациясы» қарыздары есебінен қаржыландырылады.
Бұған дейін анықталған шарттар бойынша 70 мың тонна фри картобын өндіретін зауыт 2021 жылы өнім шығара бастайды.
Анықтама: Farm Frites Beheer B. V. (Ауденхорн, Оңтүстік Голландия) картоптан мұздатылған және салқындатылған өнім өндірумен айналысады. Компанияның әлемнің 40 елінде 1500 қызметкер жұмыс істейтін 40 сату кеңсесі және 6 зауыты бар. Жылына 1,3 млн тонна картопты өңдеуді. Farm Frites - фри картобын өндіру көлемі бойынша әлемдегі төртінші орындағы компания. Сондай-ақ, аталмыш компания McDonalds және басқа да жылдам тамақтану мейрамханаларының халықаралық жеткізушілерінің бірі.