Қазақстанда ішкі нарықта азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ - ҚР АШМ

Қазақстанда ішкі нарықта азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ - ҚР АШМ

2022 жылғы 13 сәуірде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі шаралар туралы» брифинг өтті. Спикерлер ретінде ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова, ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдақов сөз сөйледі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Қазақстанда азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ екенін және күтілмейтінін тағы да растады.

Сонымен бірге, ведомство әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Назгүл Хатепованың айтуынша, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және «айналым схемасы» шеңберінде кредит беру үшін әкімдіктер 76,2 млрд теңге бағыттады, қосымша тағы 16,2 млрд теңге бөлу жоспарлануда.

«Ағымдағы жылдың 13 сәуіріндегі жағдай бойынша республика бойынша әлеуметтік маңызы бар азық - түлік тауарларының қоры 635 мың тоннаны құрайды», - деді Назгүл Хатепова.

Сондай-ақ, ішкі нарықта тапшылықтың туындауын болдырмау мақсатында тарифтік емес реттеу шаралары қолданылады. Ірі қара және ұсақ малды 6 ай мерзімге әкетуге және қантты экспорттауға тыйым салынды.

Экспортқа сандық келесідей шектеулер қабылданды: тауарлық картопты шығару квотасы 144,5 мың тоннаны, тұқымдық 57,5 мың тоннаны, 125 мың тонна көлемінде күнбағыс тұқымын және 114 мың тонна күнбағыс майын құрайды.

126 мың тонна қант пен шикі құрақ қантын бажсыз әкелуге квота берілді. Бүгінгі күннен бастап ведомство 125 мың тонна көлемінде қант әкелуге квоталарды бөлуге қатысуға өтінімдер қабылдай бастады.

Сонымен қатар, Қазақстанда қант өндірісі Тараз қант зауытында айына 17-20 мың тонна көлемінде үздіксіз жүзеге асырылады, сәуір айының басында Көксу қант зауытында 9 мың тонна көлемінде қайта өңдеу жүзеге асырылады, мамырдан бастап Меркі қант зауытында шамамен 18 мың тонна қант қосымша өндірісі жоспарланып отыр.

«Аталған зауыттардың жиынтық өндіріс көлемі елдің ішкі қантқа деген қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті департамент директоры.

Бұдан басқа, сыртқы нарықтарда қазақстандық бидайға деген жоғары сұранысты ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 1 млн тонна көлемінде бидай мен 300 мың тонна көлемінде ұн шығаруға шектеу енгізіледі.

Брифинг соңында Назгүл Хатепова журналистерді елде қанттың, әлеуметтік нан өндіруге арналған шикізаттың болуы, ұн тартушылар мен фермерлер арасындағы астық бағасына қатысты қайшылықтар, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту қарқыны, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы хабардар етті.