Ауыл шаруашылы министрлігі жыл соңына дейін қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін 1,3 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізуді жоспарлап отыр

Ауыл шаруашылы министрлігі жыл соңына дейін қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін 1,3 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізуді жоспарлап отыр
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту комитетінің Ақмола облысында өткен көшпелі мәжіліс отырысына қатысты.

Облыс әкімдігінің ғимаратында өткен жиынның күн тәртібінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
Жиында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы Бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту және өңделген өнімдерді экспорттау бағытындағы министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Ағымдағы жылдың 9 айында Ауыл шаруашылығы шикізатынан азық-түлік өндіру көлемі 2,5 пайызға өсіп, 1 трлн. 197,9 млрд.теңгеге жеткен. Мысалы, ет және сүт өңдеу саласында өндіріс өсімі 109,8 пайызды және 101,8 пайызды құрады. Жалпы жыл басынан бері Қазақстанда 400 млрд.теңгеге ет-сүт өнімдері өндірілген.

Бүгінде еліміздегі дайын өнімнің басым бөлігі өзге елдерге сатылады. Биыл экспорт көлемі өткен жылғы көрсеткіштен жоғары болып отыр. Ағымдағы жылдың 9 айында ол 757 млн АҚШ долларын құрады, оның 77 пайызы ұнға, өсімдік майына, сүт өнімдеріне, кондитерлік өнімдерге, балық өнімдеріне, минералды және газдалған суларға, шоколадқа, макаронға және құс етіне тиесілі. Жыл соңына дейін Ауыл шаруашылы министрлігі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін 1,3 млрд. долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Ішкі нарық сондай-ақ азық-түліктің негізгі түрлерімен қамтамасыз етілген. Дегенмен, шетелдік тауарларды әкелу көлемі 6 бағыт бойынша әлі де жоғары болып отыр. Қазақстанда импорттық ет – 51 пайыз, алма – 35 пайыз, ірімшік және сүзбе – 46,5 пайыз, шұжық өнімдері - 40,4 пайыз, қант – 46 пайыз, қайта өңделген балық-49 пайыз құрап отыр.

«Бізде шикізат жетіспеушілігі, қымбат тауарлар немесе жабдықтардың тозуы проблемасы бар. Сондай-ақ, отандық нарықтың импорттық тауарлардан қорғалмауы проблемалық мәселе болып табылады. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қазіргі уақытта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау арқылы отандық кәсіпорындарды көтеру, жаңғыртуға және импорттың үлесін төмендетуге бағытталған жол картасы жүзеге асырылуда», - деді А.Сапаров.