ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қабылдау өткізді

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қабылдау өткізді
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, "Бірыңғай азаматтарды қабылдау күні" аясында кездесу өткізді.

Министрдің қабылдауына Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, Қостанайдан органикалық егін шаруашылығы қауымдастығының өкілі және Нұр-Сұлтан қаласынан екі жұмыссыз азамат жазылған.

Азаматтардың көтерген мәселелері жер телімдерін бөлу және субсидия алу, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру мәселелеріне қатысты болды.
Қабылдауға келген азаматтардың бірі, Семей қаласынан келген "Тәңірберген" шаруа қожалығының жетекшісі Советқазы Теребаев. Ол өзінің шаруа қожалығындағы аналық мал бастарына және күн батареяларына субсидия ала алмай отырғанын айтып келген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бөлу тәртібі мен импорттық асыл тұқымды ірі қара мал үшін қосылған құн салығын төлеу тәртібін түсіндіріп беруді сұрады.

Қарағандыдан келген "DN-Групп" ЖШС басшысы Бақыт Шоқан министрге мал шаруашылығы мен мал бордақылау алаңдарын дамыту бойынша бірқатар идеялары мен жобаларын ұсынды.  Қарағанды облысының Шет ауданындағы "Раян" шаруа қожалығының басшысы Жандос Татімбетов инвестициялық субсидиялау шарттары бойынша өз сұрақтарын қойды.

Қабылдау барысында көтерілген барлық мәселені Сапархан Кесікбайұлы мұқият тыңдап, кеңесін айтып, министрліктің салалық департаменттер басшыларына заң аясында түсініктеме бергізді. Министр әрбір азаматтың арыздарының дәйектілігін зерделеп, өзі қатаң бақылауға алатынын жеткізді.