ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Н.С.Дайырбековтың қатысуымен Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына 60 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті.
Іс-шара барысында институт мамандары Ауыл шаршуашылығы министрлігінің өкілдері мен қонақтарға дәнді және майлы дақылдарды өңдеу, сақтау және қайта өңдеу саласындағы жетекші ғалымдардың ғылыми жұмыстары мен жетістіктерімен таныстырды.
Салтанатты жиын барысында Нұрбек Дайырбеков ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың және министрліктің атынан ғылыми-зерттеу институтының ұжымын мерейтоймен құттықтап, ғалымдарға жаңа жобаларды жүзеге асыруды және барлық белгіленген жоспарларды жүзеге асыруды тіледі.
«Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ғылыми – зерттеу институты заман талабына сай маңызды миссияны орындап, ауыл шаруашылығы үшін сенімді білім көзі болып отырған киелі шаңырақ. Сіздердің қызметтеріңіздің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерінің ассортиментін кеңейту, сондай-ақ, қайта өңдеуді тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктерді іздеу және енгізу. Осы тұрғыда астық өндірісі секторында ғылыми әзірлемелер жүргізу жөніндегі жұмыстарыңызды ерекше атап өткім келеді. Енгізілген жаңа технологиялар – бұл агроөнеркәсіптік кешеннің тамақ және қайта өңдеу саласын дамытуға қосқан сіздердің нақты үлестеріңіз деп білемін!, - деп атап өтті вице-министр.

________________________________
1959 жылы Қазақстанның солтүстік аймақтарында тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде Ақмола қаласында Бүкілодақтық астық ғылыми-зерттеу институтының Қазақ филиалы (ҚазОҒЗИ) құрылды. ҒЗИ-ның басты міндеті өнімді сақтау және оны уақытылы жинаудан кейінгі өңдеу мәселелерін шешудің тиімді жолдарын іздестіру болатын. Сол кездің өзінде мекеме үздік техникалармен жабдықталып, Одесса және Мәскеу технологиялық институттарының түлектерінен құралған мықты мамандармен жұмысын бастаған. Кеңес жылдары мұнда астық өнімдерін бастапқы өңдеу және сақтау саласында зерттеулер жүргізілді, ғылыми зерттеу нәтижелері өндіріске енгізілді.
1992 жылы ҒЗИ «Қазақ астық және оны қайта өңдеу өнімдері ғылыми-зерттеу институты» РМҚК болып қайта құрылды. Тәуелсіздік алған жылдардағы қиын сәттерге қарамастан институт зерттеу жұмыстарын үзбей жалғастырып тұрды. Бүгінде «NIR-System» ИК-анализаторында астық, ұн және құрама жем үшін калибрлеу теңдеулері мен жұмыс әдістемесі, бидайдың түрлерін жедел анықтауға арналған жарық эталондары, дәнді дақылдарды гидротермиялық өңдеуге арналған аппарат, астықты тұтас ұнтақтап қайта өңдеуге арналған ұнтақтаушы-илеуші машина және т.б. жаңа жабдықтар құрап шығарылды.
Жақында институт атауын өзгертіп, «ҚазҒЗИ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі» ЖШС құрамына енді. Институт мамандары - майлы дақылдарды қайта өңдеу, отандық нарықты жаңа жарма түрлерімен толықтыру, қайта өңдеу өндірістері үшін микроорганизмдер коллекциясын құру және т.б. жаңа бағыттарды зерттейтін болады.
60 жыл ішінде «Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының» ұжымы 300-ден астам ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық тақырыпта жұмыстар жүргізді. Ғалымдардың ашқан жаңалықтары, құрастырған жабдықтары бүгінде астық дайындау және астық өңдеу кәсіпорындарында кеңінен қолданылуда.
