САПАРХАН ОМАРОВПЕН СЕНБІЛІК КЕЗДЕСУЛЕР

САПАРХАН ОМАРОВПЕН СЕНБІЛІК КЕЗДЕСУЛЕР
Еске салсақ, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша кездесуден кейін осы саладағы проблемалық мәселелерді анықтап әрі толық зерделеу мақсатында әр апта сайын салалық қауымдастықтармен және ірі өңдеуші кәсіпорындармен кездесулер ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған болатын. Келелі кездесулер үшін әр аптаның сенбісі таңдалды.

Өткен айда ведомство басшысы Қазақстанның астық өңдеушілер мен нан пісірушілер Одағының, Республикалық қой шаруашылығы палатасының және несиелік серіктестіктер қауымдастығының мүшелерімен кездесті. Өткен сенбіде Сапархан Омаров «Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы» ЗТБ және «Атамекен» ҰКП өкілдерімен жүздесті.
Кездесу барысында еліміздегі қант өндірісі саласындағы  жұмыс істеп тұрған зауыттарды жаңғырту, жаңа зауыттарды салу жоспарлары және жалпы бұл саланы дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Жиынға қатысушылар шикізатты субсидиялау, инвестициялық субсидиялау, қант қызылшасын дайындауды дамыту және т. б. мәселелер бойынша пікір алмасып, өз ұсыныстарын айтты.

Көтерілген мәселелердің көпшілігі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері тарапынан қолдау тапты. Ведомство басшысы Сапархан Омаров, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік маңыздылығы тұрғысынан қант саласы үлкен басымдыққа ие екенін атап өтіп, бұл салада туындаған мәселелердің көпшілігін шешу үшін министрлік нақты шаралар қолданатынына уәде берді. Сондай-ақ, қордаланған мәселелерді шешу үшін қауымдастық мүшелері де оған өз күш-жігерін жұмсауы тиіс екенін айтты.
Атап айтқанда, Сапархан Омаров АШМ департаменттеріне барлық айтылған пікірлерді, ескертулер мен сұраныстарды ескере отырып Қазақстанның қант саласын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған жаңартылған бағдарламасының жобасын қысқа мерзім ішінде дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, бұл бағдарламаны әзірлеуге қант қызылшасын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары бірлестігінің өкілдерін белсенді атсалысуға шақырды.  

Айта кетсек, аталмыш кездесулерді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жүйелі түрде өткізеді. Жақын арада кондитерлердің, мақта, картоп және көкөніс, құс және жұмыртқа өндірушілерімен, бағбандармен, сондай-ақ Қазақстанның астық, сүт және ет-сүт одақтарының салалық бірлестік өкілдерімен сенбілік кездесулер өткізу жоспарланған.