Ауыл шаруашылығы министрлігінде ұн өнеркәсібі мәселелері талқыланды

Ауыл шаруашылығы министрлігінде ұн өнеркәсібі мәселелері талқыланды
Ағымдағы жылдың 11 қазаны күні Ауыл шаруашылығы министрінің қатысуымен «Атамекен» ҰКП алаңында өткен агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша кездесуден кейін осы саладағы проблемалық мәселелерді анықтап әрі толық зерделеу мақсатында әр апта сайын салалық қауымдастықтармен және ірі өңдеуші кәсіпорындармен кездесулер ұйымдастырып отыру туралы шешім қабылданған болатын.           
19 қазан күні Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың қатысуымен министрлік ғимаратында отандық ірі астық өңдеу кәсіпорындарының өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесуге «Қазақстан астық өңдеушілер одағы» ЗТБ президенті, «Атамекен» ҰКП, «Астық-Транс» АҚ және «NK Продкорпорация» АҚ өкілдері және т.б. ірі астық өңдеу кәсіпорындарының мамандары қатысты.           
Күн тәртібіне сәйкес кездесуде еліміздегі ұн өнеркәсібінің қазіргі жағдайы, проблемалық мәселелері, сондай-ақ ұн экспорты кезінде қосылған құн салығын қайтару процедурасын жеңілдету (тәуекелдерді басқару жүйелерін жою), өнімдердің биржалық есебін жүргізу қажеттілігі, дәстүрлі импорттаушы елдердегі тарифтік және тарифтік емес кедергілер және т.б. мәселелер қаралды.
Жиын қорытындысы бойынша алдағы уақытта Министрлік тарапынан атқарылатын нақтылы жұмыстар анықталды. Олардың ішінде:
- «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-мен бірлесе Қытай мемлекетіне ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік өнімдерін контейнерлік тасымалдау үшін инфрақұрылым құру мәселелерін қарастыру;
- Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің жобалық кеңсесі аясында ұн өнеркәсібі саласының түйткілді мәселелерін қарастыру;
- Астық және астық өнімдері туралы жаңа заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобын құру;
- «Атамекен» ҰКП,  «Қазақстан астық өңдеушілер одағы» ЗТБ  және  «NK Продкорпорация» бірлесіп мәселелерді мемлекеттік органдармен талқылауды ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу;
Сондай-ақ, Қазақстанның ұн тартатын кәсіпорындарына ұн өнімдерін импорттайтын елдер тарапынан жіберетін қателіктері туралы дәлелдемелерді уақытылы айтып отыру қажет екені ескерілді.
Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізілетін болады.