Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісімен кездесті

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісімен кездесті

2022 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохамед Саид Мохамед Альарикимен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық, заманауи агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелерін, сондай-ақ қазақстандық өнімді БАӘ-нің аумағына жеткізуге байланысты мәселелерді талқылады.

Елшіні қарсы ала отырып, ведомство басшысы жүргізіліп жатқан аграрлық саясат туралы егжей-тегжейлі хабардар етті, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында тұрған жоспарлар мен міндеттермен бөлісті.

Өз кезегінде елші кездесу үшін және агроөнеркәсіптік кешеннің жай-күйі мен перспективалары туралы мазмұнды ақпарат үшін алғыс айтып, елдер арасындағы жан-жақты ынтымақтастық орнатылғанын атап өтті.

Сондай-ақ, кездесу барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу, отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша мәселелерді пысықтауға қолдау көрсетуге мүдделілік білдірілді.

Кездесу соңында тараптар өзара іс-қимылдың қол жеткізілген жоғары деңгейін қолдауға келісіп, тікелей байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.