
2022 жылы 17 ақпанда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылғы қорытындылары және 2022 жылға арналған міндеттер қаралды. Іс-шараға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, ведомствоның бірінші басшылары, қалалар мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары, қоғам қайраткерлері мен бизнес өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан министр Ербол Қарашөкеев өткен жыл ауыл шаруашылығы саласы үшін оңай болмағанын атап өтті. Елдің негізгі өңірлеріне әсер еткен құрғақшылық тұтастай алғанда саланың өндірістік және экономикалық көрсеткіштеріне теріс ықпал етті.
«Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жалпы ел бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық негізгі түрлері бойынша жақсы өнім алынғанын, сондай - ақ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің ұлғаюына қол жеткізілгенін атап өткен жөн», - деп атап өтті ведомство басшысы.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров АӨК-тің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларын дамыту қорытындылары, фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздіктің жай-күйі, инвестициялар тарту туралы, сондай-ақ ҚР Президентінің тапсырмаларын ескере отырып, 2022 жылға арналған міндеттер туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, 2021 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2,4% төмендеп, 7,4 трлн теңгені құрады. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі көрсетілген кезеңде 1,9% өсіп, 2,2 трлн теңгені құрады.
«Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар ағымының тұрақты үрдісі сақталып отыр. Осылайша, инвестициялар көлемі 33,3% артып, 773,2 млрд теңгені құрады, азық-түлік өндірісі 3,1% өсіп, 114,4 млрд теңгені құрады», - деп атап өтті бірінші вице-министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, саланы мемлекеттік қолдау жүйесін түзету бойынша ұсыныстар әзірленді, олар ағымдағы жылдың наурыз айында ұсынылатын болады. Ветеринария жүйесін реформалау жүргізілуде, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң әзірленді, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерлерін айқындау бойынша жұмыс басталды.
Айдарбек Сапаров субсидиялаудың жаңа жүйесіндегі басты жаңалықтардың бірі оны цифрлық форматқа ауыстыру болатынын атап өтіп, бүгінде субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірлеу аяқталатынын атап өтті.
«Оның негізгі қызметі автоматты режимде субсидия алушылардың тізілімін қалыптастыру, олардың ЭҚЖЖ бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер санатына сәйкестігін тексеру, субсидия алушылардың қарсы міндеттемелерін тіркеу және олардың орындалу дәрежесін, субсидия алу кезектілігін және қанағаттандырылмаған өтінімдерді күту парағын бағалау болады», - деп бірінші вице-министр.
Бұл жүйе фермерлер үшін тегін болады және барлық негізгі мемлекеттік дерекқорлармен біріктіріледі. Жүйенің барлық іс-қимылдары автоматтандырылып, бұл субсидияларды бөлу және беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылдың көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу мақсатында жұмысты үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылды, «Кең дала» бағдарламасы арқылы АШТӨ-ге жеңілдікпен кредит беруге 70 млрд теңге бөлінді, ал азық-түлік корпорациясын форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге бағытталады, бұл өткен жылдың деңгейінен 2 есе артық.
ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов баяндады.
Ол тұжырымдама мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында және БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағытталған саланы дамытудың 10 жылға арналған пайымын айқындайтын құжат болып табылатынын атап өтті.
«Тұжырымдамаға елдің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының мақсаттары мен міндеттері енгізілді, сондай-ақ АӨК дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, алдыңғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілді», - деп хабарлады вице-министр.
АӨК тұжырымдамасы ағымдағы жағдайды талдауды, проблемаларды, халықаралық тәжірибеге шолуды, саланы дамытудың үрдістері мен пайымын қамтиды, дамудың негізгі қағидаттары мен тәсілдерін, күтілетін нәтижелерді, сондай-ақ тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын айқындайды.
Сондай-ақ, алқа отырысында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы ҰК» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жұмысының қорытындылары мәселелері қаралды, әкімдердің орынбасарларының өңірлердегі ауыл шаруашылығын дамытудың жай-күйі мен перспективалары туралы ақпараты тыңдалды.
Отырыс соңында Ербол Қарашөкеев еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуетін іске асыру, азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, аграрлық ғылымды дамыту министрлік жұмысындағы басымдық болып табылатынын атап өтті.