28 қыркүйек Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды.
Министр облыс әкімі Болат Бақауовпен 4 аудан мен 2 ауылдық аймаққа барып, жергілікті шаруалармен кездесті. Министрдің сапары Успен ауданындағы «Галицкое» қожалығынан басталды. Шаруашылық басшысы Александр Касицын мал шаруашылығы саласындағы жетістіктермен бөлісті.
«Галицкое» қожалығында 450-дей адам жұмыс істейді. Оларға барлық жағдай жасалған, орташа айлықтары 82 500 теңгені құрайды. Басым көпшілігі Галицкое ауылының тұрғындары. Шаруашылық басшысы мемлекеттік қолдау шаралары туралы өз ойын ортаға салды.
- Біз балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етеміз, жолды жөндедік, әлеуметтік құрылымдарды салып жатырмыз және бұл жұмысты тоқтатпаймыз. Бізге сапалы мамандар керек. Мен кез-келген адамның бетіне тура қарай аламын. Мемлекеттік субсидиялар мен қаржылардың тиімділігі жайында сөз қозғалуда. Егер де бізге берілген субсидиялар бойынша күмәндары болса, осы ауылға келіп көрсін. Сонда бәрін өз көздерімен көреді. Бізге мемлекеттің қолдауы қажет. Егер де мұндай қолдау болмаса ауылды осылай көркейтпес едік, - деді Александр Касицын еминистр Сапархан Омаровқа.

Ауыл шаруашылығы министрі Ертіс-Баян өңірінің тағы бір шаруа қожалығы «Пахарь» серіктестігінде де болды. Бұл қожалық Павлодардың Железин ауданында бірегей агроқалашық салып жатыр. Агроқалашықта 48 пәтерлі үй бой көтерген, бұдан бөлек асхана, бассейн, фитнес-орталық бар. Бұның барлығы қалашық тұрғындарына арналған. Қожалық басшыларының бірі Олег Литвиненко білікті мамандардың жетіспеушілігін тілге тиек етті.
- Біздің агроқалашыққа Австралиядан 1200-ден астам «Ангус» тұқымдас ірі қара мал әкелінді. 12 мың тонналық көкөніс базасын жасадық. Қытайға жоңышқа экспорттауға дайындалудамыз. 9 мыңға жуық гектар жеріміз бар, оның басым бөлігі суармалы алқап.

Алайда, Қазақстанда сапалы мамандар тапшы. Бақташыларға айына 150 мың теңгеден аса айлық төлеуге дайынбыз. 1 млн теңгеден астам жалақы алатын кәсіби адамдар бар. Біз айына 250 мың теңге жалақы төлеуге дайынбыз. Бұл ретте, оқу орындарын кәсіпорындарға беру керек деп есептейміз, - дейді Олег Литвиненко.

Министр бұдан бөлек «ASTYK-PV», «Ақтоғай-Агро», «Тимур», «КронАгро» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Ол облыстағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң баға берді.

- Негізі, ауыл шаруашылығында даму бар, жұмыстар көп. Әлбетте, қиындықтар жоқ емес. Бірақ, көріп тұрғандарыңыздай, шаруалар жаңа үйлер салып, қожалықтар қызметкерлерге жақсы мүмкіндіктер жасауда. Бұл саланың дамығанының белгісі. Біздің шаруалар шетелден түрлі технологияларды алып келуде. Енді мамандарды даярлауды жолға қоюымыз керек. Елімізде кадр тапшылығы бар. Шынын айтатын болсақ, ветеринария мамандығы бойынша ЖОО-ға түсетіндердің дені қыздар. Олардың 30%-ы ғана ауылға келеді. Қалғаны түсу оңай болғандықтан түседі де, қалада қалып қояды. Сондықтан біз қазір заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Егер студент грантпен оқыған болса, ол 3 жыл осы салада еңбек етіп, грантты өтеуі керек. Бұл бірінші қадам. Екінші қадам - жастарға барлық жағдайды жасау. Оны да қазір қарастырып жатырмыз, - деді министр.