
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ағымдағы жылдың қазан айында республиканың барлық облыстарында «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафоны өткізілді.
Марафон аясында отандық өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрме-жәрмеңкелері өтті, ауылдар мен аудандардың «бұрын – қазір» жетістіктерінің фотогалереялары ұйымдастырылды, дамуға ерекше үлес қосқан еңбек ерлері, ауылдардың өмірі туралы бірқатар мақалалар жарияланды, білім беру ұйымдарында ашық сабақтар өткізілді.
Мәселен, Ақмола облысында жастар қозғалысының жетекшілері мен көшбасшыларының, волонтерлік ұйым өкілдерінің, белсенді жас кәсіпкерлердің, ауыл жастары мен Тәуелсіздік құрдастарының қатысуымен «Тәуелсіз Қазақстан төртінші онжылдықта» облыстық жастар форумы өтті.
Қостанай облысының барлық өңірлерінде нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен 40-тан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін, атап айтқанда, саланың дамуына үлес қосқан адамдарды көрсету мақсатында ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара мен мерекелік концерт өтті.
Шығыс Қазақстан облысында марафонды өткізу кезеңінде 207 жәрмеңке өткізілді. Оқушыларды мемлекет үшін ауыл шаруашылығын дамытудың маңыздылығы туралы ақпараттандыру, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанның ауыл шаруашылығының жетістіктерін көрсету мақсатында ашық сабақтар ұйымдастылды. Әрі оған қонақ ретінде ауылдың еңбек ардагерлері, аудандар мен қалалардың қалыптасуына жеке үлес қосқан ауылдардың құрметті тұрғындары шақырылды.
Қарағандыда «Жұлдыздар аллеясында» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбековтың атаулы белгісі ашылды. Сонымен қатар, «Әуенді Сарыарқа» халықаралық фестивалі өтіп, оған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері қатысты.
Павлодар облысында бейнероликтер/бейнефильмдер челленджі өтті. Негізгі мақсаты - қоғамның, өңір тұрғындарының Павлодар облысының ауыл шаруашылығының жетістіктері туралы хабардар болуына жәрдемдесу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің және агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да қатысушыларының имиджін арттыру.
Солтүстік қазақстан облысы Аққайың ауданының аграрлық колледжінде «Ауыл болашағы - жер болашағы» атты дөңгелек үстел өтті. Оның негізгі мақсаты – студенттердің ауылды жерде жұмыс істеуге насихаттау, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін адамдарға құрметпен қарауы түсінігін қалыптастыру.
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің 51 жәрмеңкесі өткізілді, онда 1 286 тонна тауар сатылды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Қазақстан малшыларының слеті өтті.
Қызылорда облысында «Алтын дән – 2021» шарасы өтті. Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, ауыл шаруашылығы озаттары марапатталды.
Алматы облысының барлық өңірінде 60-тан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, аудан халқын ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізілген жетістіктермен таныстыруға бағытталған 350 іс-шара өткізілді.
Шымкент қаласында жергілікті тауар өндірушілер мен шаруа қожалықтарының, сондай-ақ Түркістан облысының өндірушілерінің қатысуымен 158 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Нұрсұлтан қаласында бүгінгі күні республиканың 420-ға жуық тауар өндірушілерінің қатысуымен 14 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, 3 мың тонна өнім сатылды.
Жалпы, марафонды өткізу отандық ауыл шаруашылығының жетістіктерін таныстыруға, ауыл шаруашылығы тауарларын ішкі нарыққа жылжытуға, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға және Қазақстан азаматтарының патриоттық сезімін күшейтуге мүмкіндік берді.