Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі топырақты зерттеу

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі топырақты зерттеу

Қазақстанда экономикалық қатынастарды қарқынды дамытудың басты басым бағыттарының бірі табиғи ресурстарды, атап айтқанда топырақ және жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану және қорғау, топырақ құнарлылығын және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің өнімділігін сақтау, арттыру болып табылады. Тозу және шөлейттену үрдістерінің қарқынды дамуы нәтижесінде топырақтың құнарлылығы мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі күрт төмендеді, жалпы экологиялық ахуал нашарлады.

Тозу үрдістерінің қарқынды жүруінің нәтижесінде жыл сайын эрозияға ұшыраған құнарлылығы төмен, тұзданған және ластанған жерлердің аудандары ұлғаюда. Қазақстан егіншілігінде қарашіріктің жойылуы 40% құрайды, қатты тұзданған суармалы жерлердің ауданы 35-37%, ластанған жерлер-10% - дан астам ұлғайды. Жердің тозуы мен гумификатсыздану үрдістері топырақта терең генетикалық өзгерістер мен олардың трансформациясын тудырады.

Қайта құру, реформалау және елдің қалыптасу кезеңі белгілі бір дәрежеде субъектілер мен ұйымдардың қызметіне, соның ішінде Ө.О. Оспанов атындағы топырақтану және агрохимия институтының ғылыми қызметіне әсер етті.Барлық өзгерістер ғылыми жұмыстарды қаржыландыруға әсерін тигізіп, нәтижесінде топырақ зерттеулерінің көптеген бағыттары жойылды. Осыған қарамастан, Институт ғылыми әлеуетін сақтап қалды және Қазақстанның топырақ ғылымын дамытуды жалғастыруда.

Қазіргі уақытта институтта 102 адам жұмыс істейді, оның 45%-ын 35 жасқа дейінгі ғылыми қызметкерлер құрайды. Институттың заманауи ғылыми бейіні келесі бағыттармен ұсынылған: география, топырақ генезисі және оны бағалау, топырақ құнарлылығының мониторингі, тұзданған топырақтарды мелиорациялау, топырақ экологиясы, топырақ агрохимиясы және жаңа технологияларды әзірлеу.

Институт ғалымдары кезең-кезеңімен топырақ-климаттық аймақтар бойынша жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ), географиялық ақпараттық жүйе (ГАЖ-технологиялар) әдістерін пайдалана отырып, республика топырағының қазіргі топырақ-мелиорациялық, агроэкологиялық жағдайына бағалау жүргізуде.

Ластанған топырақтарды уытсыздандырудың ғылыми негізделген тәсілдері және топырақ биотехнологиясы әдістерімен топырақтың қарашірік жағдайы мен биологиялық белсенділігін жақсарту тәсілдері; жаңа биоминералды және биоорганикалық тыңайтқыштар негізінде топырақ құнарлылығын қалпына келтіру технологиялары әзірленді. Қатаң гидротермиялық жағдайларда өсімдіктердің қоректенуін оңтайландыру тәсілдері және негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары және тұрақты түсім алудың тиімді тәсілдері әзірленді. Институттың әзірлемелері тозған жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары және тұрақты  өнімін алуды қамтамасыз етеді, мысалы, қатты тұзданған сілтілі топырақтарды игеру технологиясы тыңайтқыштарды қолдану мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді, ал олардың агротехниканың басқа сараланған әдістерімен бірге биоорганикалық тыңайтқыштармен үйлесуі, топырақ құнарлылығы мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға ықпал етеді.

Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарының тозған жерлерінде күріш және жүгері сияқты дақылдарды өсіру кезінде әзірленген технологиялардың өндірістік сынақтары өнімділікті 30-дан 90% - ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Биорганикалық тыңайтқыштарды (цеолит негізінде) тозған топырақтарда пайдалану дәнді дақылдардың (күріш) және картоптың өнімділігін арттыруға ықпал етеді және қосымша өнім 33-тен 57% - ға дейін құрайды.

Топырақтың құнарлылығын және егістіктің өнімділігін арттыру үшін жаңа инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізуде, табиғи-климаттық жағдайларын ескере отырып, әрбір жеке алынған өңірге ерекше ғылыми-негізделген тәсіл қажет.

Жалпы алғанда, Қазақстанның топырақ ғылымының дамуы кезеңінде институт қызметкерлері топырақ-географиялық, топырақ-мелиоративтік, топырақ-эрозиялық, топырақ-геохимиялық және топырақ-экологиялық зерттеулерін жүргізе отырып тақырыптық карталар серияларын жасады, көптеген монографиялар шығарып, топырақты тиімді пайдалану және қорғау, топырақ құнарлылығын арттыру әдістері мен тәсілдері бойынша ұсыныстар әзірлей отырып зерттеулердің үлкен көлемін орындады, олар ауыл шаруашылығы өндірісіне табысты енгізілуде.

Топырақ ғылымының проблемалық және перспективалық міндеттерін шешу жақын және алыс шет елдердегі шетелдік әріптестермен ынтымақтастықсыз мүмкін емес. Топырақ ғылымының проблемалары бәрінде бірдей, ғалымдардың күш-жігерін топырақ құнарлылығын сақтау мен молықтыруды, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін ең аз шығынмен арттыруды қамтамасыз ететін индустриялық-инновациялық технологиялардың неғұрлым жоғары деңгейін әзірлеуге біріктіру қажет.

Жаңа ғасырға аяқ басқан Қазақстан Республикасы, басқа да көптеген мемлекеттердегі сияқты қоршаған орта саласындағы күрделі мәселелерге тап болып, бұл мәселелерді шешу мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерілді. Қазақстан Республикасының «2050-стратегиясында» аграрлық секторды тұрақты дамыту шаралары, атап айтқанда, топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру негізінде дақылдарды өсірудің қолданыстағмы агротехнологияларын жетілдіру және жаңаларын әзірлеу көзделген. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ХХІ  ғасырдағы елдің тұрақты дамуының басты трендтерінің бірі.

Ел халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану және топырақ құнарлылығын мақсатты басқару мен реттеу негізінде мүмкін болады.

Институттың әзірлемелері Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарының фермерлік және шаруа қожалықтарының егістіктерінде дәнді, дәнді-бұршақты, дәндік жүгері, мақта, күріш және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру кезінде енгізілуде.

Топырақтанушылар, агрохимиктер, мелиораторлар, агрономдар, экологтар мен биологтарға таяудағы жылдары азық-түлік бағдарламасында қойылған ауқымды міндеттерді шешу күтіп тұр. Ғылымның жетістіктерін егіншілік тәжірибесіне сәтті қолдану үшін,  ғалымдар мен мамандардан жаңа шығармашылық және техникалық шешімдер қажет етіледі.

 Материалды Еңбек Қызыл Ту орденді Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері дайындады