Астық жинау науқаны аяқталуға жақын. Өнімнің сапасы өте жоғары

Астық жинау науқаны аяқталуға жақын. Өнімнің сапасы өте жоғары

2021 жылғы 28 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен Қазақстандағы егін жинау науқанының барысы тақырыбында брифинг өтті.

 Брифинг барысында егін жинау науқанының барысы мен күтілетін нәтижелер, шаруалардың қажетті техникалармен қамтамасыз етілуі, жанар-жағармайды жеткізу және астық сапасы туралы ақпарат жеткізілді.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, ағымдағы жыл еліміздің агроөнеркәсіптік кешені үшін күрделі болды. Ауа райының қолайсыздығы едәуір қиындықтар туғызды. Бұл жағдайларға қарамастан егін жинау жұмыстары уақытылы басталды.

«Егін жинау қарқыны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Шаруалар барлық қажетті ресурстармен, оның ішінде қаржыландыру, жанар-жағар май, техника, қосалқы бөлшектер, тұқым, өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық қамтамасыз етілген» - деді А.Сапаров.

2021 жылдың 28 қыркүйегіндегі жағдай бойынша республикада 15,5 млн гектар жердегі дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл жалпы жинау алаңының  97,9 %-ын құрайды. Орташа өнімділік гектарына 9,7 центнерден айналып, 15 млн тонна астық түсті. Оның ішінде 11,7 млн тонна бидай.

Айдарбек Сапаров атап өткендей, барлық тиісті агротехнологияларды сақтап, жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 20 ц/га және одан жоғары өнімділікке шығуға мүмкіндіктері бар. Мысалы,"Максимовское" ЖШС-да астық өнімділігі 21 ц/га құраса, "Тұқым" ЖШС орташа өнімділікті 18,7 ц/га жеткізуді жоспарлап отыр.

"Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің шаруаларға атқарған жүйелі жұмыстары мен кәсіби және адал еңбектері үшін алғысымды білдіргім келеді", - деді А.Сапаров.

Ағымдағы жылы дәнді және дәнді-бұршақ дақылдардың болжамдалған өнімнің мөлшері 16 млн тоннаны, орташа шығымдылық 10,1 центнерді құрайды. Одан бөлек, республикада былтырғы жылдан қалған астықтың көлемі 3,5 млн тонна құрайды, оның 2,8 млн тоннасы – бидай.

Бірінші вице-министр, қазіргі уақытта элеваторларда астықты қабылдау үзіліссіз жүріп жатқанын айтты. Республикада астықты сақтаудың жалпы сыйымдылығы 29 млн тоннаны құрайды, бұл болжамды өнімді сақтау үшін жеткілікті.

«Лицензияланған элеваторларға 2,6 млн тонна астық келіп түсті. Оның 91% бірінші, екінші, үшінші класты жоғары сапаға жатады. 2020 жылы бұл көрсеткіш 83,8% деңгейінде болған» - деп атап өтті А.Сапаров.

Құрамында клейковинасы жоғары бидай үлесінің өскені байқалады. Жоғары сұранысқа ие клейковинасы 28% және одан жоғары сапалы бидайының үлесі өткен жылы 59% болса, биыл 71%-ға жетті.