
Бал ара шаруашылығы саласындағы қызметті заңнамалық реттеу «Бал ара шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 12 наурыздағы Заңының (бұдан әрі – Заң) қабылдануынан басталды.
Заң бал ара шаруашылығы өнімін өндіру, бал араны қорғау, пайдалану және молықтыру, оларды ауылшаруашылық дақылдарын және барлық тозаңдандырылатын флораны тозаңдандыру үшін тиімді пайдалану, ара шаруашылығының, сондай-ақ өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін жағдай жасау, бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін сақтау кепілдіктерін қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды реттейді.
Заңға сәйкес барлық жеке және заңды тұлғалар бал ара шаруашылығымен айналысуға құқығы бар және бұл ретте бал ара шаруашылығымен айналысу үшін мемлекеттік органның қандай да бір рұқсатын алу талап етілмейді.
2002 жылы қабылданған Заң ара шаруашылығы секторында қалыптасқан нарықтық қатынастардың жағдайын толық ескермеді, бұл ара шаруашылығы саласының дамуын тежеу түрінде көрінетін жағымсыз жағдайлардың себебі болды - бұл асыл тұқымды ұялар санының да, аралардың өнімділігінің де төмендеуі.
Жағдайды тұрақтандыру, асыл тұқымды аралардың гендік қорын сақтау мен дамытудың нақты алғышарттарын жасау мақсатында асыл тұқымды бал ара шаруашылығының заңнамалық базасын реформалау туралы шешім қабылданды.
Осыған байланысты, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2004 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Заңның «Бал ара шаруашылығы саласындағы мемлекеттік реттеу» 4-тарауы 14-1-баппен толықтырылды. «Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының құзыреті».
Осы бапқа сәйкес жергілікті атқарушы органдарға әкімшілік-аумақтық бірліктің тиісті аумағында бал ара шаруашылығының дамуы мен қорғалуын бақылау; селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және бал ара шаруашылығында асыл тұқымдық істі мемлекеттік қолдауды ұйымдастыру және бал ара шаруашылығы саласындағы мамандарды даярлау мен қайта даярлау жөніндегі өкілеттіктер және жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктер берілді.
Кейінгі жылдары Заңға «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістермен үндестіруге бағытталған өзгерістер енгізілді.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес асыл тұқымдық істе қайта реттеу практикасын жалғастыру мақсатында 2015 жылы мал шаруашылығының барлық салаларында республикалық палаталар құрылғанын атап өткен жөн. Бал ара шаруашылығы саласында бал ара шаруашылығы бойынша Республикалық палата құрылды.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы жүйесін қайта реттеу шеңберінде бал ара шаруашылығы жөніндегі Республикалық палатаға асыл тұқымдық мәртебені айқындау жөніндегі функцияларды беру және тікелей асыл тұқымды аналыққа мәртебе беру көзделеді. Осыған байланысты өзгерістер енгізілді, нәтижесінде «асыл тұқымды шаруашылық» ұғымы алынып тасталды және Заңның 17-бабының 2-тармағы мынадай редакцияда жазылды: «жеке және заңды тұлғалар бал араларының тұқымдарын сақтау және жақсарту мақсатында олардың мекендеу ареалдарында асыл тұқымды таза тұқымды бал араларын өсірумен және өткізумен айналысатын шаруашылықтарды құра алады».
Өз кезегінде, уақытылы түзетулер енгізу бал ара шаруашылығында селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуді оңтайландыруға және бал ара өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді.