
Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешені тарихындағы алғашқы «Рентабельді гектар» байқауы өз мәресіне жетті. Байқау 2025 жылдың көктемінде егіс науқанымен қатар басталып, жинау кезеңінде аяқталды.
Байқаудың бастамашылары — микротыңайтқыштар жеткізушілері, ал EXPO TIME компаниясы ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдау көрсетті.
Басты мақсат – тәуекелді егіншілік аймағына тән жағдайларда ең тиімді тыңайтқыштар мен құрамдарды анықтау. Бұл бағыт Қазақстанның көптеген өңірлері үшін өзекті.
Байқау алаңы ретінде Ақмола облысындағы «Ақтық» агрофирмасының алқаптары таңдалды.
Жеті қатысушының әрқайсысына 50 гектардан бөлінді. Барлық қатысушылар бірдей жағдайда «Әзиев естелігі» атты жаздық бидай сортын өсірді. Ал бақылау алқабы ретінде агрофирманың өз жерлері пайдаланылды.
Үміткерлер бір сортпен, бірдей ауа райы мен топырақ жағдайында, біркелкі өңдеу саны және ауыл шаруашылығы техникасын пайдаланды.
Сынақ жүргізу AssistAgro интеллектуалды платформасының көмегімен жүзеге асырылды. Ол дрондар мен жасанды интеллект арқылы егістіктің жай-күйін толықтай саралап, өнімді масақтар мен арамшөптерді анықтап, өнімділік деңгейіне болжам жасады.
Нәтижесінде «ЕвроХим-Қазақстан Агроорталығы» компаниясының тыңайтқыштарымен өңделген алқаптар ең жоғары көрсеткішке ие болды — гектарына 24,3 центнер, бұл өңірлік орташа деңгейден 8 центнерге артық.
Сөйтіп, «Рентабельді гектар» жобасы ауыл шаруашылығындағы инновациялар мен заманауи шешімдердің тиімділігін айқын көрсетті.
EXPO TIME ЖШС директоры Әділхан Сағымбаев жобаның тек агросала өкілдері ғана емес, ғылыми институттар мен агробизнес үшін де маңыздылығын атап өтті:
«Қосымша 4–5 центнер өнімнің өзі шаруашылықтардың тұрақтылығын күшейтіп, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға нақты қадам деуге болады», — деді Әділхан Сағымбаев.
Байқау көрсеткендей, ғылыми тәсіл, агротехнологиялар және микротыңайтқыштарды дұрыс таңдау күрделі климаттық жағдайларда да өнімділікті едәуір арттыруға мүмкіндік береді.