
Ауыл шаруашылығы министрлігі Еңбек күні мерекесіне орай, сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында, саланы дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің еңбегіне айрықша назар аударды.
Осыған орай республиканың барлық өңірлерінен 217 сала мамандары ведомстволық марапаттарға ие болды.
Оның ішінде көп жылғы адал еңбегі үшін 29 адам «Еңбек ардагері» құрмет белгісіне, кәсіби жетістіктері және ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін 63 сала өкілі «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» белгісіне ие болды. Тағы 125 қызметкер Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігі Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мұндағы әрбір қызметкер өндірістен және өңдеуден бастап, аграрлық ғылым, білім беру және агросервис қызметтеріне дейін аталған саланың дамуына елеулі үлес қосты.
Марапаттарды табыстау рәсімдері облыстар мен аудандарда жергілікті атқарушы органдар басшыларынің, әріптесмтердің және еңбек ұжымдарының қатысуымен салтанатты түрде өткізіледі.
Бұл шара жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттырып, ауыл еңбекшілерінің маңдай терін лайықты бағалауға жол ашады.
Жұмысшы мамандықтарын қадірлеп, қарапайым еңбеккерлердің беделін көтеру Министрліктің басымдықтарының бірі болып қала бермек.