
Жас кәсіпкер, жылқышы әрі блогер Нұрлы Сайлауов 15 жылдан бері қымыз өндірісін дамытып, ұлттық сусынды заманауи брендке айналдыруға күш салып келеді.
Нұрлы Қарағанды облысы, Шет ауданынан шыққан. Оның жылқы шаруашылығындағы жолы ағасының үлгісінен басталып, бірте-бірте отбасылық іске айналды.
«Біз асыл тұқымды жылқыларды өсіреміз, қымыз өндіреміз және тұтынушыларға ұсынамыз. Жоспарда – жылқы басын көбейту, жаңа технологияларды енгізу, өндірісті кеңейту және қымызды республикалық деңгейге шығару бар. Болашақта экспортқа шығару да ойымызда», – дейді Нұрлы.
Ол ахалтеке, қарабайыр және ұғалжар сынды тұқымдарды көбейтуге ерекше мән береді. Оның айтуынша, қымыз – бұл тек бизнес қана емес, мәдени мұрамыздың маңызды бөлігі.
Фермерлікпен қатар Нұрлы Instagram мен TikTok-та белсенді парақша жүргізеді. Мұнда ол күнделікті ауыл өмірімен бөлісіп, қымыз өндірісінің қыр-сырын көрсетеді және дәстүрді насихаттайды. Мәселен, құлынның мысықтай еркелеп жүрген видеосы Қазақнетте кең таралған.
«Егер жануарларға мейіріммен қарасаң, олар да соған сай жауап береді. Жылқы мен үшін табыс көзі ғана емес, жанымның бір бөлігі», – дейді кәсіпкер.
Нұрлы Сайлауовтың миссиясы – ауыл өмірін трендке, қымызды брендке айналдыру. Оның мақсаты – қазақстандық қымызды жаңа деңгейге көтеріп, әлемге бірегей ұлттық өнім ретінде таныстыру.