
Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін ауылшаруашылық санақтың онлайн-кезеңін өткізу мерзімі 20 қыркүйекке дейін ұзартылды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын барлық заңды тұлғалар, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер sanaq.gov.kz сайтында санақтан өте алады.
Ұлттық статистика бюросының тіркелімі бойынша санақ 22 мың ірі кәсіпорынды және 271 мың шаруа, фермер қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерді қамтуы тиіс. Тамыз айында онлайн-кезеңнен 574 мың респондент өтті. Оның ішінде 245,7 мыңнан астамы – ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері, ал шамамен 328 мыңы – үй шаруашылықтары.
Жедел мәліметтерге сәйкес, сайт арқылы сауалнамаға ауыл шаруашылығы құрылымдарының 84%-ы қатысты. Айта кету керек, жалпы тізімге ұзақ уақыт бойы белсенділігі жоқ, бірақ тіркеуде тұрған кәсіпорындар мен қожалықтар да енгізілген. Кейбір респонденттер жұмысбастылығына байланысты санақтан уақытында өте алмаған. Қосымша берілген 20 күн олардың осындай маңызды мемлекеттік науқаннан тыс қалмауына мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, онлайн-санақ кезеңі 1 тамызда басталып, 31 тамызда аяқталуы тиіс болған. Интервьюерлердің үй шаруашылықтарын аралайтын екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін болады.
Ауыл шаруашылығы санағына қатысты барлық сұрақ бойынша 1446 байланыс орталығына сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қоңырау шалуға немесе санақ сайтында орналасқан Sanaq myrza чат-ботына жазуға болады.