
Салтанатты іс-шара барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мемлекеттік қызметтің маңыздылығын және әрбір қызметкердің еңбегінің құндылығын атап өтті.
– Бұл күн еліміздің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етудегі мемлекеттік қызметтің рөлін айқындайды. Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған бірнеше реформа жүзеге асырылды. Бұл өзгерістер сіздердің жанқиярлық еңбектеріңізсіз мүмкін болмас еді, – деді Айдарбек Сапаров.
Ол мемлекеттік қызметтің жоғары жауапкершілікті әрі үнемі кәсіби дамуды талап ететінін атап өтті.
Министрлік адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Ведомствода 2 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты, «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі және шетелдік жоғары оқу орындарының 150 түлегі еңбек етуде.
Министр қызметкерлерге сіңірген еңбегі мен іске адалдығы үшін алғысын білдірді. Соңғы 10 жыл ішінде министрліктің 38 қызметкері «Үздік мемлекеттік қызметші» және «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Соның ішінде 2025 жылы 8 қызметкер осы марапаттарға ие болды.
– Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған елі мен халқына адал қызмет ету. Еңбектеріңіз сіздерге қуаныш әкелсін, ал жеткен жетістіктер еліміздің өркендеуіне жол ашсын, – деп қорытындылады Айдарбек Сапаров.