Құрметті Владимир Карпович!
Құрметті депутаттар мен шақырылған қонақтар!
Заставка. 2019 жылы саланың даму қорытындылары туралы қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер.
Слайд 1. 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға ұлғайып, 5,2 трлн. теңгені құрады. Бұл ретте мал шаруашылығы өнімін өндіру 4,0%-ға артып, өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру 2019 жылғы қолайсыз ауа-райы жағдайларына байланысты 1,7%-ға төмендеді.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 41,1%-ға артып, 501,6 млрд. теңгені құрады.
Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 6,4%-ға ұлғайып, 3,3 млрд. АҚШ долларын құрады.
Слайд 2. Егін жинау қорытындылары бойынша 17,4 млн. тонна астық бастырылды, бұл 2018 жылдың деңгейінен 2,9 млн. тоннаға немесе 14%-ға аз.
Бүгінгі күні республика бойынша қолда 10,2 млн. тонна астық, оны ішінде 7,8 млн. тонна бидай бар.
Астықты ішкі тұтыну көлемі 1 шілдеге дейін (жаңа маркетингтік жылдың басы) шамамен 5,8 млн. тоннаны, бидай 3,8 млн. тоннаны құрайды (бидай – азық-түліктік мұқтаждықтар – 1,1 млн. тонна, жемшөп – 577 мың тонна, тұқым – 1,6 млн. тонна, өнеркәсіптік өңдеу – 450 мың тонна).
Экспорттық әлеует 3,1 млн. тонна астықты, оның ішінде бидай 2,7 млн. тоннаны құрайды.
Өтпелі қалдық шамамен 1,3 млн. тоннаны құрайды.
Осылайша, елде бар астық көлемі халықты қамтамасыз ету, тұқым мен жемшөп қорын қалыптастыру үшін жеткілікті. Бұл ретте, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 604 мың тонна астық көлемінде азаймайтын қор қалыптастырды.
Жалпы, өсімдік шаруашылығында жүргізіліп жатқан егіс алаңдарын әртараптандыру саясаты оң нәтижелер беруде.
2011 жылмен (әртараптандыру басталған кезең) салыстырғанда майлы дақылдар өндіру көлемі 1,6 есе ұлғайып, 2,9 млн. тоннаны құрады. Көкөніс-бақша дақылдарының жалпы жиналымы 33%-ға (261,2 мың тонна), картоп 4,7%-ға (193 мың тонна) өсті.
Слайд 3. 2019 жылы ет өндіру көлемі (сойыс салмағында) 5,8%-ға ұлғайып, 1,1 млн. тоннаны құрады.
Ет өндірісінің ұлғаюы ауыл шаруашылығы жануарлары санының өсуіне байланысты орын алды. Соңғы 5 жылда ірі қара мал басы 23,3%-ға өсіп, 7,4 млн. басты құрады, ұсақ мал 6,6%-ға артып, 19,1 млн. басты, жылқы 45,8%-ға артып, 2,8 млн. басты құрады.
Саланың құрылымы да өзгеруде, 2014 жылы ұйымдастырылған шаруашылықтардағы ірі қара мал басының үлесі 35,1% болса, қазір 44,9%-ды құрайды.
Жалпы, ет бойынша қамтамасыз ету көлемі 85%-ды құрайды. Бұл ретте «қызыл ет» (сиыр еті, қой еті, жылқы еті және шошқа еті) бойынша импорт үлесі жалпы тұтыну көлемінің 5%-ынан аспайды. Өңдеуге тек мұздатылған ет ғана әкелінеді.
Құс еті бұған кірмейді, ол бойынша ішкі тұтынудағы импорт үлесі 44,7%-ды құрайды.
Слайд 4. Жалпы ФАО (БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) сыныптамасы бойынша тұтыным 80%-ға отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілген жағдайда ғана азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Министрлік негізгі азық-түлік тауарларының 29 түрі бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бұл тізбені шартты түрде мынадай 3 топқа бөлуге болады:
Бірінші топ – қамтамасыз етілуі 100 және одан да көп пайызды құрайтын азық-түлік тауарлары (тауық жұмыртқасы, күріш, қой еті, картоп, ұн, макарон және т.б.). Отандық өндірушілердің өндіріс көлемі жеткілікті болғандықтан, бұларға басымдық бермеуді ұсынамыз.
Екінші топ – қамтамасыз етілуі 90 және одан асатын пайызды құрайтын өнім түрлері. Бұлар – маусымға тәуелді болатын көкөніс өнімдері (қызанақ, қияр, қырыққабат, сәбіз, басты пияз, бұрыш), сиыр еті, шошқа еті, жылқы еті, қышқыл сүт өнімдері, сары май және күнбағыс майы. Көрсетілген өнімдерді жеткілікті көлемде өндіреміз, сонымен бірге аз көлемде импорт та бар.
Үшінші топ – қамтамасыз етілуі 80 пайыздан төмен өнім түрлері. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, балық, алма мен қант.
Бұл тауарлық позициялар бойынша импорт жыл сайын 580,7 млн. долларды немесе 220 млрд. теңгені құрайды.
Бұлар экзотикалық тауарлар емес. Бұлар өз елімізде өндірілетін және 2024 жылға қарай өз-өзімізді қамтамасыз ету деңгейіне жеткізуге болатын тауарлар. Аталған міндеттер сала алдына қойылды, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасында да көрініс тапты.
Министрлік сүт, құс етін, алма мен қант өндіру көлемін ұлғайтуды көздейтін салалық бағдарламалар әзірледі.
Мәселен, 2020 жылы заманауи цифрлық технологиялар қолданылатын 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермалары, 3 ет комбинаты, 8 құс фабрикасы салынады, 2000 гектарға бақ отырғызу жоспарлануда, Жамбыл облысында қант зауытының құрылысы басталып кетті.
Бұл жобалардың барлығы бойынша өткен жылы дайындық жұмыстары жүргізілді, нақты инвесторлар айқындалып, қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі шешілуде.
Енді әрбір тауарлық позиция бойынша толығырақ тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.
Үш жыл ішінде ірімшік пен сүзбе өндірісі 16,2%-ға ұлғайып, 29,5 мың тоннаны құрады. Қамтамасыз етілу 54,8%-дан 57%-ға өсті.
Бұл ретте, елімізде шамамен 5,8 млн. тонна сүт өндірілгенімен, сүт зауыттарының жүктелуі қазір шамамен 65%-ды құрайды.
Осыған байланысты, жыл сайын 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын енгізу арқылы сүт өндірісін қарқынды форматқа ауыстыру ұсынылады. Бұл жыл сайын қосымша 120 мың тоннаға дейін сүт өндіруге және 1250 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Осы үшін қаржыландырудың жеңілдетілген шарттары пайдаланылатын болады.
Бұл шараларды іске асыру есебінен 5 жыл ішінде сүт зауыттарының толық жүктелуін қамтамасыз ету жоспарлануда.
Салаға инвестициялар салынуда, жаңа қуаттылықтар іске қосылуда және қолда бар қуаттылықтар кеңейтілуде. «Макинск құс фабрикасы» (қуаты 25 мың тонна – бірінші кезең) пайдалануға берілді, «Әулие-ата Феникс» құс фабрикасында кеңейту (5 мың тоннаға) жұмыстары аяқталды.
Нәтижесінде, өндіріс 3 жыл ішінде 24%-ға ұлғайып, 222,9 мың тоннаны құрады. Тиісінше импорт үлесі 50 пайыздан 44,6 пайызға төмендеді.
Құс етімен қамтамасыз ету үшін жалпы қуаты 200 мың тонна болатын құс фабрикалары қосымша пайдалануға енгізілетін болады, қазір бізде 155 мың тонна құс етіне арналған 12 жоба жобалау мен іске асырылу кезеңінде тұр.
Слайд 5. Алма өндіру көлемі соңғы 3 жыл ішінде 15%-ға (188 мың тоннадан 216,5 мың тоннаға) ұлғайды. Отанымызда өндірілген алмалармен қамтамасыз етілу көлемі 63%-ды құрайды.
Алма импортын алмастыру үшін 2024 жылға қарай қосымша 12,5 мың гектар алаңда бақ өсірілетін болады, олар 105 мың тонна алма өндіруге мүмкіндік береді.
Слайд 6. Қант өнеркәсібін дамыту үшін қолдаудың жүйелі шаралары қабылдануда.
Қант қызылшасын өндіру 345 мың тоннадан 486 мың тоннаға дейін ұлғайды, түсімділік гектарына 285 центнерден 325 центнерге дейін өсті. Отанда өндірілген қантпен қамтамасыз етілу көлемі 7%-дан 14%-ға дейін өсті.
Шикізат базасын дамыту жоспарлануда, бұл ретте қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейтуді қосымша суармалы жерлерді қалпына келтіру және солтүстік өңірлерде қант саласын дамыту есебінен жүзеге асыру көзделуде, жұмыс істеп тұрған зауыттар жаңғыртылып, Жамбыл мен Павлодар облыстарында жалпы қуаты жылына 216 мың тонна қант өндіретін 2 жаңа қант зауыты пайдалануға берілетін болады.
Слайд 7. Шұжық өнімдерін өндіру көлемі 3 жыл ішінде 21%-ға (44,3 мың тоннадан 53,7 мың тоннаға дейін) ұлғайды. Елімізде өндірілген шұжық өнімдерімен қамтамасыз етілу көлемі 62,0%-ды құрайды. 2020 жылы қуаты 45 мың тоннаға ұлғайтылатын 3 ет өңдеуші кәсіпорын іске асырылу сатысында тұр, бұл қамтамасыз етілу көлемін 2021 жылға қарай 70%-ға дейін, 2024 жылға қарай 100%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балық өндіру көлемі 3 жыл ішінде 4%-ға ұлғайып, 27,4 мың тоннаны құрады. Қамтамасыз етілу көлемі 61,0%-ды құрайды.
Қазіргі уақытта балық өсіретін (акваөсіру) 5 кәсіпорын, сондай-ақ балық өңдеуші кәсіпорындар қуаты 10 мың тоннаға ұлғайтыла отырып, іске асырылу және жаңғыртылу сатысында тұр, мұнда 44 мың тонна балық пен балық өнімі өндірілетін болады.
Тұщы су балығымен қамтамасыз етілу деңгейі жалпы қалыпты жағдайда, алайда негізінен балықтардың теңізде өсетін түрлері әкелінеді, олар тауарлы балық шаруашылығында (акваөсіру) өсірілмейді.
Сонымен қатар көршілес елдердің (Ресей, Өзбекстан) тәжірибесін ескере отырып, аграрлық азық-түлік нарығын реттеу шараларын сауатты және икемді пайдалану керек. Маусымды баждарды, әкелу баждарын және квоталарды қысқартуды біз белсене пайдалануға, отандық өнімнің өткізілуін қорғауға, қолдау көрсетуге тиіспіз.
Сондай-ақ, біз техникалық регламенттер талаптарының сақталуы мен бұрмаланған өнімнің анықталуын бақылауды күшейте отырып, тарифтік емес шараларды іске қосуымыз керек, бұл шын мәнінде тамақ қауіпсіздігі болып табылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға нақты екпін жасау қажет, бұл тек тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары үшін ғана емес, қарапайым фермерлер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін де шикізатты өңдеу сатылары мен табыстылықты арттырады, сондай-ақ ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді.
Бұл үшін импорт алмастыру мен экспорттық әлеуетті іске асыру шеңберінде 9 басым бағыт (сүт, ет, тері, жүн, майлы дақылдар, астықты тереңдете өңдеу, жемістер мен көкөністер, қант қызылшасы, картоп) бойынша өңдеуші қуаттылықтарға тексеру және бағалау жүргізілді.
Аталған өңдеу түрлеріне тән проблема – бұл өндіріс қуаттылықтарының толық жүктелмеуі. Бұл проблеманы екі бағытта: субсидиялауды ескере отырып, өңдеушілерді «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 6% қолжетімді айналым қаражатымен қамтамасыз ету арқылы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілеріне ынталандыратын субсидиялар бойынша шикізатты өңдеуге тапсыру түріндегі қарсы міндеттемелер белгілеу арқылы шешетін боламыз.
Қосымша қазір Жобалық офис арқылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында сатып алудағы жергілікті қамтудың нақты пайызы талқылануда. Мектептер, балабақшалар, ауруханалар, әскер және басқа да мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар отандық тамақ өнімдерін және тамақтандыру қызметтерін қазақстандық қамту шартымен сатып алуы тиіс.
Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау және дұрыс тамақтану мен салауатты ұлт қалыптастыру мақсатында «Мектеп алмасы», «Мектеп сүті», «Мектеп балы» сияқты бағдарламаларды енгізу керек.
Сонымен қатар, салаға 5 жылда 4,4 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарлануда, Министрлік пен Үкімет тиісті меморандумға қол қойды. Оған сәйкес биылдың өзінде салаға 559 млрд. теңге инвестиция тартылатын болады, бұл ретте 94 жоба іске асырылады.
Трансұлттық компанияларды қоса алғанда, ірі инвесторлар тартылатын болады. Бұл елге шетелдік инвестицияларды тартып ғана қоймай, сонымен бірге озық технологияларды, әлемдік нарықтағы сауда байланыстарын тартуға, қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға және 12 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қойылған міндеттерді сапалы шешу үшін тиімсіз субсидиялардан бас тартып, нәтижеге бағдарланған субсидияларға көшу арқылы қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруді ұсынамыз.
Мұнда, айта кетерлігі, барлық өзгерістер бұдан бұрын қабылданған Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, бұл құжатта әуел баста-ақ өсімдік шаруашылығында 2019 жылдан бастап, мал шаруашылығында 2020 жылдан бастап тауарлық-спецификалық субсидиялардан арылу көзделген болатын.
Мынадай мемлекеттік қолдау өлшемшарттары белгіленетін болады.
Бірінші. Өсімдік шаруашылығында түсімділіктің артуына көптеген факторлар баршасы жиналып та, жеке-жеке де әсер етеді.
Осыған сүйене отырып, біз тұқым, тыңайтқыш пен өсімдіктерді қорғау құралдары құнының бір бөлігін арзандатуға бағытталған базалық субсидияларды қалдырамыз.
Екінші. 2017 жылдан бастап біз өсімдік шаруашылығындағы тауарлық-спецификалық субсидияларды азайта бастадық. Мәселен, алдымен дәнді дақылдарды, сосын майлы және көкөніс-бақша дақылдарын субсидиялаудан бас тарттық.
Үшінші. Инвестициялық субсидиялар машина-трактор паркін жаңартуға ынталандырады, импорт алмастыру мен экспорттық әлеуетті іске асыру мәселелерін қоса алғанда, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңаларын құруға ықпал ететін болады.
Қорыта келе, импорт алмастыру жөніндегі аталған шаралардың іске асырылуы 2024 жылға қарай ішкі нарықты 80%-дан 100%-ға дейін отандық өнімдермен молықтыруға мүмкіндік беретінін атап өткім келеді.
Назарларыңызға рақмет!