Меню

Страницы

Статья

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Нысанбаевтың баяндамасы

Құрметті Асқар Асанұлы, Құрметті депутаттар! 1-слайд. Қазақстанда балық шаруашылығының дамытуға ішкі су айдындарының көлемі 3 млн. гектардан астам (Каспий теңізін қоспағанда) қолайлы жағдайлар бар. Балық шаруашылығының табыс және халықты жұмыспен қамту, экспортты арттыру әлеуеті, биологиялық әртүрліліктің жаңарып отыратын көзі ретінде маңызы зор. Балық ресурстарын сақтау мақсатында уәкілетті органның қызметі су айдындарындағы балық ресурстарының өсімін молайтуға, балық ресурстарын қорғауға, реттеуге және орнықты пайдалануға,тауарлы балық өсіруді (акваөсіруді) дамытуға жұмылдырылған. 2-слайд. Осы көрсетілген бағыттар бойынша жұмыс істеу негіздерінің бірі балық шаруашылығы су айдындарын ұзақ мерзімге бекітіп беру болып табылады. Балық шаруашылығын жүргізу үшін су айдындарын берудің міндетті шарты ол дамытуға жыл сайын қаржы құйып отыру. 2017 жылы балық шаруашылығы субъектілері шамамен 2,5 млрд. теңге салды. 3-слайд. Балық шаруашылығын жүргізу және өңдеу мүмкіндігін пайдалану нәтижесінде балық өнімдерін экспорты қамтамасыз етілді, оның көрсеткіштері слайдта көрсетілген. Бүгінгі таңда 17 қазақстандық кәсіпорындарының экспортталатын балық өніміндерінің сапасы Еуропалық Одақтың қойылатын жоғарғы талаптарына сәйкес келеді. Соңғы жылдары олар өздерін жақсы жағынан көрсетіп, осы нарықта аяғынан тік тұрды деуге болады. Сонымен қатар балық өнімі экспортының нарығы Қазақстан мен Қытайдың ветеринариялық сертификаттын келісімдеп алуы арқасында кеңейіп келеді. Бұл ретте ҚХР-ның тізіміне 52 отандық өндіруші енгізілген. Бұдан басқа, балық өнімі 10-нан астам мемлекетке (Аустрия, Германия, Грузия, Канада, Қырғызстан, Литва, Нидерланды, Польша, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Чехия) экспортталуда. 4-слайд. 2017 жылы балық өнімінің импорты осының алдындағы жылдармен салыстырғанда біршама азайғанын көрсетеді. Импорт құрамында теңіз және мұхит балықтары (майшабақ, скумбрия, ақсерке, албырт, нәлім) және теңіз өнімдері (креветка, кальмар, мидия, теңіз қырыққабаты) басым. Олар біздің нарықта сұранысқа ие болып отыр, өйткені ішкі су айдындарында ауланбайды. Балық өңдеу кәсіпорындары әдетте ірі кәсіпшілік су айдындарына жақын орналастырылып келді. Бұл орайда балық өңдеудің негізгі көлемі Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының үлесіне тиеді. 72 балық өңдеу кәсіпорнының жиынтық қуаты бүгінгі таңда жылына 87 мың тоннаны құрайды, алайда олардың шикізатпен қамтамасыз етілуі небәрі 43%-ды құрайды. 5-слайд. Сондықтан Аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында тауарлы балық өсіру (акваөсіру) көлемін 2021 жылға қарай 1,6 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін көбейту болжамдалуда, бұл өнім өңдеу қуаттарының жүктемесін арттыра түсуге мүмкіндік береді. 2017 жылы балық өсіру кәсіпорындары 2700 тонна тауарлы балық өсірді. Негізінен өсіру биотехнологиясы пысықталған бекіре, бахтах және тұқы тұқымдас балықтар өсіріледі. 6-слайд. Тауарлы балық өсіруді дамыту үшін мына бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау көзделген: – балық өсіру шаруашылықтары үшін техника мен жабдықтар сатып алуға инвестициялық салымдар жұмсалған жағдайда шығындардың 30% өтеу; – бекіре, бахтах және тұқы тұқымдас балық түрлерін өсіру кезінде балық жеміне жұмсалған шығындар құнының 30% өтеу. анықтама үшін: Бұдан басқа, «ҚазАгро» бағыты бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды кредиттеу, оның ішінде экпорттық әлеуеті бар балық өсіру жобаларын қаржыландыру қарастырылған. Анықтама үшін: Балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы және сумен қамтамасыз ету циклі тұйықталған балық өсіру шаруашылығын құруға кеткен шығынның 20 % өтеу үшін инвестициялық субсидиялар беріліп келеді. Атап айтқанда: 2014 жылы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС – 100,5 млн. теңге, «Kazakh Osseter» ЖШС – 45,3 млн. теңге; 2015 жылы «Kazakh Osseter» ЖШС – 25,0 млн. теңге; 2016 жылы «Caspian Royal Fish» ЖШС – 140,9 млн. теңге, «Караганда Осетр» ЖШС – 79,6 млн. теңге, «OstFish» ЖШС – 317,9 млн. теңге субсидия алды. 7-слайд. Ауыл шаруашылығы министрлігі тауарлы балық өсіру саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша шаралар қолдануда. Елбасы 2017 жылғы 15 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер және жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда келесі нормалар қарастырылған: біріншіден, «көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығы, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы және сумен қамтамасыз ету циклі тұйықталған балық өсіру шаруашылығы» деген ұғымдар енгізілді. анықтама үшін: бұл Каспий теңізінің жағалауында тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы мен солтүстік және орталық өңірлердің көлдерінде көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын дамытуды қамтамасыз етеді. екіншіден, уәкілетті органның құзыреті су айдындарын кәсіпшілік балық аулауды, әуесқойлық балық аулауды, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізуге жатқызу критерийлерін бекіту жөніндегі нормамен толықтырылды. анықтама үшін: осының нәтижесінде ықтимал пайдаланушылар су айдындарын бекітіп беру жөніндегі конкурс өткізілгенге дейін-ақ балық шаруашылығын жүргізудің нақты түрлеріне бағдар ұстанатын болады. үшіншіден, мемлекеттік бекіре балығын өсіру зауыттарының қолдан өсірілген бекіре балықтары шабақтарының, сондай-ақ тірі күйінде ересек дарақтардың бір бөлігінің жыныстық өнімдері алынғаннан кейін оларды сатуына мүмкіндік беретін норма енгізілді. Бұл тауарлы бекіре балығын өсіру шаруашылығын дамытуды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, жалғыз жіптен тоқылған балық ауларын сатуға заңды түрде тыйым салынды, сондай-ақ балық шаруашылығы су айдындарында кәсіпшілік күш-жігерді реттеу жөніндегі уәкілетті органның құзіреті қосылды, бұл браконьерлікпен тиімді түрде күресуге мүмкіндік береді. 8-слайд. Қазіргі кезде ғылыми зерттеулер мен ұсыныстардың негізінде балық өсіру шаруашылықтарының әртүрлі нысандарында (КТБӨШ, тор қоршама) табиғи жағдайларда өсірілетін балықтардың түрлері бойынша өңірлердің мамандану жоспары жасалды. Бұл орайда көл тауарлы балық өсіру шаруашылығын солтүстік өңірлерде, ал тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын оңтүстік өңірлерде және каспий жағалауында жүргізген жөн. Анықтама үшін: Қазіргі кезде Атырау облысында – 1 («Луговой жылқы зауыты» ЖШС), Шығыс Қазақстан облысы – 2 («Грандфиш» ЖШС, «ШығысУниверсал» ЖШС), Оңтүстік Қазақстан облысында – 1 («Хамит») тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы бар. Сондай-ақ Каспий теңізінде 2 балық шаруашылығы учаскесі тор қоршамада балық өсіру шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілді. 9-слайд. Жыл сайын бюджет қаражаты есебінен балықтарды қолдан өсіру және су айдындарына балық жіберу шаралары жүзеге асырылып келеді. Мәселен, 2018 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде балық өсіру кәсіпорындары балық шаруашылығы су айдындарына құнды балық түрлерінің 60,1 млн. данадан астам шабақтарын жіберуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, конкурстық негізде жекеше балық өсіру кәсіпорындары 2018 жылы 9,1 млн. дана құнды балық шабақтарын жіберуді жоспарлаған. 2017 жылы үш балық өсіру кәсіпорынын жекешелендіруден кейін бұдан бұрын оларды ұстауға бөлініп келген бюджет қаражаты енді конкурстық негізде жекеше балық өсіру кәсіпорындарына бөлінетінін атап өткен жөн. Бұл конкурс жариялау кезінде су айдындарына құрт шабақтар жіберу жөніндегі қызметтен бас тартып, оларды құнды балық түрлерінің неғұрлым өміршең бір жазғы шабақтарымен балықтандыруға мүмкіндік берді. 10-слайд. Елбасы 2009 жылы Атырау облысына барған сапары барысында жобалық қуаты жылына 30 млн. дана бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын өсіретін бекіре балығын өсіру зауытын салу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. 2014 жылғы 28 қаңтардағы қарарымен Елбасы табиғи сипаттағы тәуекелдерді ескере отырып, осы тапсырманың бірнеше кезеңде орындалуын мақұлдады. Анықтама үшін: Жайық өзені ағынының азаюына байланысты су ресурстарының жетіспеуі және Жайық-Каспий бассейнінде жыныстық жағынан жетілген өндірушілердің жалпы санының қысқару үрдісі байқалып отырған жағдайда олардың қажетті мөлшерінің болмауы салдарынан Жобаны іске асыру жақын арада тиісті нәтиже бере қоймайды. Ықтимал тәуекелдерді ескере отырып, мынадай ұзақ мерзімді шараларды іске асыру ұсынылады: 1) Табиғи өсімін молайту жағдайларын жақсарту және бекіре балықтарының жыныстық жағынан жетілген дарақтарының жаппай өтуін қамтамасыз ету мақсатында Жайық және Қиғаш өзендерінің атырауларында балық өтетін арналарында мелиоративтік (су түбін тереңдету) жұмыстар, бұдан бұрын бүлінген уылдырық шашу орындарын қалпына келтіру бойынша іс-шаралар кешенін жүргізу, бұл жобаланып отырған зауытты өндірушілермен табиғи ортадан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2) Осы заманғы жабдықтармен қайта жарақтандыру және жаңа технологияларды енгізу жолымен Атырау және Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыттарын қайта жаңартып, олардың жиынтық қуатын жылына 7 миллионнан 12 миллион дана шабаққа дейін жеткізу. Жұмыс істеп тұрған зауыттарды қайта жаңарту нәтижесінде қажеттілігі шамамен 12 мың дарақты құрайтын жаңа зауыт үшін алғашқы толықтырушы-аналық балықтар табыны қалыптастырылатын болады. Сондықтан жаңа бекіре балығын есіру зауытын (қуаты жылына 30 млн. дана бальқ шабағы) салу жобасы жұмыс істеп тұрған зауыттарды қайта жаңарту аяқталып, олар жобалық қуатына шыққаннан кейін іске асырылатын болады. Осыған байланысты 2015 жылы Ұлттық экономика министрлігінің оң қорытындысы алынды. ҰЭМ бірінші кезеңде Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауытын (ЖАББӨЗ) қайта жаңарту жобасын іске асыруды, ал содан соң Атырау бекіре балығын өсіру зауытын қайта жаңарту жобасын қарастыруды ұсынды. Бірінші кезеңде Атырау қаласындағы бекіре балығын өсіру зауыттарын қайта жаңартуды жүзеге асыру жоспарлануда. Қазір Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауытын кеңейту жобасының технико-экономикалық негіздемесі (ТЭН) «Мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына енгізілді. Сонымен қатар, Қызылорда облысының Арал ауданындағы «Қамыстыбас балық питомнигі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының өндірістік базасын қайта жаңғыртудың қаржылық-экономикалық негіздемесін (ҚЭН) әзірлеу көзделіп отыр. Анықтама үшін: «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК. 1. Орналасқан жері: Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қосжар ауылы. 2. Басшының аты-жөні және тағайындалған мерзімі: директоры – Нұрқабыл Әлімбекұлы Құланов, тағайындалған мерзімі – 2011 жылғы 1 қараша. 3. Штат саны, оның ішінде Әкімшілік-Басқару Персоналы (ӘБП): 114 бірлік, ӘБП – 7 бірлік. 4. Қысқаша тарихи анықтама: Қамыстыбас балық питомнигі 1966 жылы балық ресурстарын қолдан өсіру мақсатында пайдаланылуға берілді, өйткені Арал теңізі деңгейінің төмендеуі балықтардың табиғи жолмен көбеюіне теріс әсерін тигізді. 1988 жылы балық питомнигіне балық өсімін молайту объектісі ретінде 1947 жылдан бері жұмыс істеп келген «Тастақ» учаскесі қосылды. Бас балық өсіру учаскесі Қосжар кентінде, Арал қаласынан 120 шақырым қашықтықта, «Тастақ» учаскесі Тастақ кентінде Арал қаласынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан. Балық питомнигінің тоғандары мен аумағының жалпы көлемі 263 га, оның ішінде: Қосжар – 183 га, Тастақ – 80 га. Балық өсіру маусымында балық питомнигінде екі инкубациялық цех жұмыс істейді. Қосжар учаскесіндегі цех 2003 жылы израиль өндірісінің инкубациялық аппараттармен қайта жабдықталған. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде құнды балық түрлерінің шабақтарын өсірудің және табиғи мекендеу ортасына жіберудің жыл сайынғы көлемі – 14,8 млн. дана біржазғы және 0,42 млн. дана екі жылдық тұқы және өсімдіктермен қоректенетін балық түрлерінің шабақтары. 2018 жылға, мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес 241 883 мың теңге сомаға бюджет бөлінді. Жалпы алғанда бұлар – құнды балық түрлерінің шабақтарын қолда өсіруге арналған сумен қамтамасыз ету циклі тұйықталған балық өсіру қондырғылары енгізілетін инновациялық жобалар. 11-слайд. Бекіре тұқымдас балық түрлерінің табиғи өсімін молайту үшін жағдайлар жасау мақсатында Атырау облысының әкімдігі Атырау облысының шегінде Жайық және Қиғаш өзендерінің суын молайту және олардың гидрологиялық режимін жақсарту жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлді. Парламент Сенаты депутаттарының бастамасының арқасында осы жобалар бойынша республикалық бюджеттен 4 739 589 мың теңге, оның ішінде: 2018 жылға – 1 579 863 мың теңге; 2019 жылға – 1 579 863 мың теңге; 2020 жылға – 1 579 863 мың теңге бөлінуіне қолдау көрсетілді. Анықтама үшін: Конкурс қорытындылары бойынша аталған жұмыстардың орындаушысы болып «Павлодар өзен порты» АҚ айқындалды. Қазіргі кезде «Атырау облысы шегінде Жайық өзенінің суын молайту және оның гидрологиялық режимін жақсарту жобасы» бойынша жұмыстар басталып кетті. Жобада мыналар көзделген: – Яицкий арнасының түбін тереңдету жұмыстары оның оң және сол қолтықтарында іріктеп жүргізілетін болады, жалпы ұзындығы 45,470 км; – Каспий теңізіне шығатын жаңа арнаның құрылысы (қазіргі арнаның жалғасы), тереңдігі 2,5 м, ұзындығы 16,9 км. Су түбін тереңдету жұмыстары мен жаңа арнаның құрылысы арнаның мына параметрлерін қамтамасыз ету үшін орындалады: түбі бойынша ені 25 м, тереңдігі 2,5 м, ылди салынымы 1:2. Теңіз бөлігінде жұмыс жер снарядымен топырақты 500 м қашықтыққа арнаның оң жағалауында теңізге лақтыру арқылы жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта Яиций қолтығының оң жағалауы бойынша Жайық өзенінен шығарылатын топырақты көму үшін жыралар дайындалып жатыр. 2018 жылғы 17 мамырдағы жағдай бойынша қазылған жыраның ұзындығы шамамен 5 км. 12-слайд. Елбасының Үшінші жаңғыру және инновациялық даму бойынша тапсырмасын орындау мақсатында балық шаруашылығы саласындағы ғылыми ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. Мысалы, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зертеу институты қолданбалы ғылыми зерттеулер шеңберінде Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы мен Қамыстыбас балық питомнигінің базасында көксерке балығының тәжірибелік топтамасын қалыптастыра отырып, оларды өсірудің биотехникалық тәсілдерін әзірледі. Бұдан басқа, Қазақстан жағдайында балықтың жаңа түрлерін (африкалық жайын, тилапия) өсіруге арналған биотехнология мен жем рецептурасы әзірленіп, олар С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Балық шаруашылығы ғылыми орталығының базасында ойдағыдай енгізілді. 13-слайд. Бүгінгі таңда Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында заманауи жабдықтармен жарақтандырылған генетикалық зерттеулер зертханасы құрылған, ол браконьерлік балықтың сатылуын болдырмау, балық жіберу кезінде су айдындарының балықтың будан немесе бөгде түрлерімен биологиялық ластануына жол бермеу үшін бекіре тұқымдас балық түрлерінің уылдырығы мен өнімдерінің заңдылығын шынайы анықтауға мүмкіндік береді. Өндірушілерді генетикалық деңгейде сұрыптап алу, сау және өміршең балық шабақтарын өсіруді ұлғайтуға мүмкіндік беріп, бұл балық қорларының тез толығып отыруына көмектесетін болады. 14-слайд. Инновациялық технологиялар әзірлеуге және енгізуге бағдар ұстану Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын қаржыландыру көлемін шаруашылық шарттар жұмыстары есебінен 2017 жылы 2010 жылдың деңгейімен салыстырғанда екі есе дерлік ұлғайтуға мүмкіндік берді. Инновациялық даму мәселелері бойынша осында қатысып отырған Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы Қуаныш Байболатұлы Исбеков толығырақ баяндап береді. 15-слайд. Балық шаруашылығы саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмысы ұйымдастырылды. Қазіргі кезде балық шаруашылығы саласы бойынша 8 көрсетілетін мемлекеттік қызмет «Е-Лицензиялау» ақпараттық жүйесі, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Анықтама үшін: 1) «Әкімшілік органның Жабайы флора мен фаунаның құрып кету қаупi төнген түрлерiнің халықаралық саудасы туралы конвенция қолданылатын жануарлар түрлерін Қазақстан Республикасының аумағында әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге рұқсат беруі» (электронды түрде); 2) «Қазақстан Республикасының ішкі нарығында сауда үшін бекіре тұқымдас балық түрлері уылдырығының таңбасын беру» (электронды, сонымен қатар мемлекеттік корпорацияға берілді); 3) «Су тарту құрылыстарының балық қорғау құрылғыларын орнатуды келісу» (электронды, сонымен қатар мемлекеттік корпорацияға берілді); 4) «Балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтама беру» (электронды түрде); 5) «Жануарларды интродукциялауды, реинтродукциялауды және будандастыруды жүргізуге рұқсат беру» (электронды түрде); 6) «Саны реттеуге жататын жануарлар түрлерін алып қоюға рұқсат беру» (электронды түрде); 7) «Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру» (электронды түрде); 8) «Балық аулауға тыйым салынған уылдырық шашу кезеңінде, сондай-ақ балық аулауға тыйым салынған су айдындарында және (немесе) учаскелерде кеме жүргізу режиміне келісім беру» (электронды түрде); Мемлекеттік қызметшілермен тікелей байланысқа шығуды болдырмау мақсатында рұқсат беру рәсімін ықшамдау жұмысы одан әрі жүргізілуде. Ағымдағы жылы мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру конкурсын өткізу рәсімін цифрландыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, балық өнімінің көлеңкелі айналымын тыю мақсатында оның нарықтағы қозғалысына мониторинг енгізу шаралары қолданылуда. Бұл үшін балық өнімдерінің айналымын бақылаудың автоматтандырылған жүйесін құру мәселесі пысықталуда. Автоматттандырылған есеп рұқсат беру құжаттарының санын азайтады, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелін жоюға мүмкіндік береді, ал бұл нарыққа қатысушыларға (балықшылар, тасымалдаушылар, өндірушілер, экспорттаушылар) қолайлы жағдайлар туғызады. Осыған байланысты балық шаруашылығы субъектілері арасында квота бөлу, ауланған балықты есепке алу электронды форматқа көшіріледі, сондай-ақ балық өнімін өңдеушілер мен экспорттаушыларға оның шығу тегінің заңдылығын растау қажеттілігі жойылады. Шаруашылық жүргізуші субъектілер электронды құжаттарды (ауланған балық туралы мәлімет және жөнелтілетін балық көлемі туралы мәлімет) өздері толтырады, осылайша бақылау толық автоматтандырылады, адам факторы жойылады. 16-слайд. Бүгінгі таңда балық шаруашылығы саласында халықаралық ынтымақтастық ойдағыдай дамып келеді. Мәселен, Каспий жағалауының мемлекеттері 2016 жылғы 24 мамырда күшіне енген Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық Келісімге қол қойды. Осы Келісімнің аясында Су биологиялық ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану және олардың бірлескен қорларын басқару комиссиясы құрылған. Комиссия қызметінің негізгі бағыты Каспий теңізіндегі балық ресурстарын басқару, сақтау, өсімін молайту, ұтымды пайдалану жұмыстарын үйлестіріп отыру болып табылады. Анықтама үшін: 2017 жылғы 21-23 қарашада ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері Әзірбайжан Республикасының, Иран Ислам Республикасының, Ресей Федерациясының және Түркменстанның мемлекеттік балық шаруашылық ведомстовалары өкілдерінің қатысуымен Баку қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткен Су биологиялық ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану және олардың бірлескен қорларын басқару комиссиясының 1-ші отырысының жұмысына қатысты. Осы Комиссияның аясында Каспий жағалауы мемлекеттерінің өкілдері су биоресурстарын аулау квоталарын игеру туралы, табиғи мекендеу ортасына жіберілген бекіре тұқымдас балық түрлері шабақтарының саны туралы, браконьерлікпен күресу бойынша қолданылып жатқан шаралар туралы есептер ұсынды. Бұдан басқа, әрбір қатысушы ел 2017 жылы Каспий теңізінде жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін баяндады. Су биологиялық ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану және олардың бірлескен қорларын басқару келісімінің ережелерін іске асыру мақсатында Комиссия 2017 жылы: – бірлескен су биологиялық ресурстарын (бекіре тұқымдас балық түрлері өсімін молайту үшін аулау, шабақ балық пен майшабақты кәсіптік аулау) аулаудың 2018 жылға арналған көлемін келісімдеді; – 2018 жылға бекіре тұқымдас балықтардың коммерциялық кәсіпшілігіне тыйым салу шарасын белгіледі. Қазіргі кезде Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп Комиссияның хатттамалық тапсырмаларын орындау бойынша жұмыс жүргізілуде. 2018 жылғы 18 мамырда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында өңірлермен видео конференция режимінде кеңес ұйымдастырылғанын атап өту қажет. Осы кеңесте балық шаруашылығын дамыту саласындағы негізгі проблемалық мәселелер талқыланды. Кеңестің қорытындылары бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды, ол енді апта сайын кәсіпкерлер ұсыныстарын талқылап, содан соң ай сайын оларды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қарауына және талқылауына шығарып отыратын болады. Жұмыс тобының құрамына бизнес қауымдастықтар мен ғылыми ұйымдардың өкілдері енді. Жұмыс тобы бірқатар басқа елдерде осындай жобаларды іске асыруда тәжірибесі бар ірі американдық «AGCO GSI» компаниясының Ақмола облысында бахтақ балығын өсіру жобасының бастамашыларымен тығыз байланыс орнатқан. Министрлік бірлесіп белгіленген шаралардың нақты орындалуына тұрақты бақылау жасап отыр. 17-слайд. Балық шаруашылығын инновациялық дамытудың атап өтілген негізгі бағыттарымен қатар келешекке мына мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу белгіленген: – уәкілетті органның құзіреті бойынша заңнамаға бұдан бұрын бекітіп берілген су айдындарын көлде тауарлы балық өсіру шаруашылықтары мәртебесіне ауыстыру тәртібін әзірлеу және бекіту жөнінде толықтыру енгізу, бұл көлде тауарлы балық өсіру шаруашылықтары үшін жарамды бұдан бұрын бекітіп берілген су айдындарында тауарлы балық өсіруге мүмкіндік береді; – шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде балық ресурстарына және басқа да су жануарларына келтірілген зиянды өтеу бойынша өтемақылық іс-шараларының тізбесін кеңейту; – бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдынына ауланған балықтың жыл сайынғы көлеміне барабар мөлшерде балық жіберу міндеттемесін енгізу; – уылдырық шашу кезеңінде тыйым салу мерзімін гидрометеорологиялық жағдайларға байланысты ауыстыру тетігі бойынша ұсыныстар енгізу. Заң жобалау жұмысының осы бағыттары бойынша депутаттық корпустан қолдау көрсетілуін сұраймыз. Мемлекеттік бағдарламаны түзету шеңберінде ауыл шаруашылығы мәселелеріне жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары басқаратын Мемлекеттік бағдарламаны басқару кеңесін құру ұсынылады. Бұл орайда Басқарма Кеңесіне ұзақ мерзімді арнайы салалық бағдарламаларды бекіту өкілеттігі беріледі. Атап айтқанда, «Биологиялық ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану» арнайы салалық бағдарламасын әзірлеу және бекіту белгіленген. Сөзімнің соңында балық шаруашылығын дамытудың негізгі мәселелері тұрақты бақылауға алынғанын атап өту қажет. Басты ұстанымдар мен проблемалық мәселелер бойынша жол карталары жасалған және олардың орындалу барысы Министрлік басшылығының деңгейінде жүйелі түрде тыңдалып отырады. Назарларыңызға рахмет!

Дата публикации
25 мая 2018
Дата обновления
25 мая 2018
Тип
Баяндама

Сейчас читают

29 сентября 2026
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛІНЕ ШАЛДЫҚҚАН ЛАУАЗЫМДАР ТІЗІЛІМІ 2026 (Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті, аймақтық департаменттер)
29 сентября 2026
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛІНЕ ШАЛДЫҚҚАН ЛАУАЗЫМДАР ТІЗІЛІМІ 2026 (Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті)
29 сентября 2026
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІНІҢ ТІЗБЕСІ 2026 (Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті, аймақтық департаменттер)

Социальные медиа

Facebook
Instagram
Youtube
Telegram

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы