Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Құрметті Үкімет мүшелері! Мемлекет басшысы 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге ұлғайту бойынша, сондай-ақ экспортқа бағытталған индустрияландыруға көшу бойынша міндеттер қойды. Министрлік Қытаймен, Парсы шығанағы елдерімен және басқа да эскпортқа бағдарланған елдермен шектеулерді алу бойынша өз қызметтерін атқаруда. Нәтиже ретінде тауарлардың басым түрлері бойынша ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шектеулер алынуда. Сонымен қатар, өңделген өнімдерді экспорттаудағы мәселелерді шешу үшін техникалық реттеу, стандарттау және сәйкестікті бағалау ережелерін қосымша орындау қажет. Осыған байланысты, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазірдің өзінде қазақстандық өнімдер нарығына қол жеткізу бойынша талаптар мен шарттарды айқындау жөнінде басым елдермен келіссөздер жүргізуді бастауы қажет. Бұл ретте, олардың сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тануы туралы келісім жасасу мәселесін де шешу керек. Денсаулыққа пайдалы деген өнімдер үшін Денсаулық сақтау министрлігі мұндай өнімдерге қол жеткізуді келісу бойынша келіссөздер өткізуі қажет. Стандарттарға еркін қол жеткізуді және қолдануды қамтамасыз ету мүмкіндігі үшін отандық өндірушілер тиісті келісімдер жасасуы керек. Шетелдік стандарттарды аудару қарастырылуы керек. Бастапқы кезеңде қазақстандық сәйкестік сертификаттарының шетелдік нарықтарда таныла қоймайтынын түсінеміз. Осыған байланысты, жедел шара ретінде Еуроодақ, АҚШ және ҚХР нарығында жұмыс істейтін халықаралық танылған сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды тарту қажет. Бұл үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Қазақстанда мұндай органдардың аккредиттеуден өтуін оңайлатып, мерзімдерін қысқартуы керек. Келісілген саясатты және экспорттың мемлекеттік қолдау шараларын орталықтандыруды қамтамасыз ету үшін «Қазақстанда жасалған» «Qazaq Organic Food», «KazMeat», «Halal Kazakhstan», «KazMai» қазақстандық брендтермен байланысты мәселелерді шешу қажет. Қазіргі уақытта аталған брендтерді беруге, оларды қолдану шарттары мен жауапкершілігіне байланысты мәселелер шешілген жоқ. Ерекше қасиеттері немесе сапасы бар өнімді өндірумен және өткізумен байланысты мәселелерді реттеу бойынша шаралар қабылдану керек. Мысалы, нарықта ешқандай сәйкестікті бағалаудан өтпеген «халал» таңбасы бар өнімді кездестіруге болады. Бұл үшін Қоғамдық даму министрлігі халал индустриясы саласында бірыңғай саясатты іске асыруы қажет. Жоғарыда аталған мәселелердің барлығы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретіне емес, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің құзыреттеріне жатады. Қазіргі уақытқа дейін жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізілмегенін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті жанынан ауыл шаруашылығы және тамақ өнімі бойынша нысаналы функциялары бар жекелеген құрылымдық бөлімшелер мен төрағалар орынбасарларының бірліктерін құру қажеттілігі туындап тұр. Қойылған міндеттерді іске асыру тек экспортты ілгерілетуге ғана емес, отандық өндірушілердің заманауи өндірістік стандарттарға көшуіне де ықпал етеді деп есептейміз. Назарларыңызға рахмет!