Құрметті брифингке қатысушылар!
1-слайд. Басты бет.
Соңғы уақытта астық өңдеуші кәсіпорындарда астық тапшылығы орын алып, осының салдарынан нан бағасының жоғарылауы мәселесі бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілуде.
Осыған байланысты, сіздерге астық нарығындағы қазіргі жағдай мен нан бағасы туралы толығырақ айтып беруге рұқсат етіңіздер.
Өткен жылдың басынан бастап ағымдағы жылғы ақпан айының соңына дейін біздің өңірде (Қазақстан, Орталық Азия, Иран) астық бағасының оң өсімі байқалып, сұраныстың артуы орын алуда. Бұған әсер еткен факторлардың бірі өткен жылы Ресейде дәнді дақылдар түсімділігінің алдыңғы жылмен салыстырғанда 20%-ға төмендеуі болды. 3-сыныпты бидайдың бір тоннасы 75 мыңға дейін жетті. Бұл әрине ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін оңды жағдай. Бағаның жоғары болуынан көптеген шаруалар кредиттерін жауып, көктемгі дала жұмыстарына қаржы бөле алды.
Сонымен бірге, соңғы екі аптада ішкі және экспорттық нарықтарда астық бағасының құлдырай бастағанын байқап отырмыз. Осының салдарынан 3-сыныпты бидайдың бір тоннасы 65 мың теңгеге дейін түсіп кетті.
Мұндай жағдайды Ресейде де байқауға болады.
Бұл астық қолхаттарымен жасалатын мәмілелердің 100%-ы дерлік тіркелетін Астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік тізіліміндегі сауда-саттық деректері бойынша да расталып отыр.
2-слайд. Қазіргі уақытта республикада ресми статистикаға және әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес 10,5 млн. тоннаға жуық астық бар, оның ішінде лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарында 3,7 млн. тонна, ұн тарту кәсіпорындарда 462 мың тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 6,3 млн. тонна астық сақталуда. Көрсетілген деректер Астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік тізілімі порталындағы есептіліктермен расталады, онда онлайн режимінде астық қолхаттарын шығару құқығына ие, лицензиясы бар барлық астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысын бақылап отыруға болады.
Мәлімет ретінде айтсам, порталда астықпен операциялар жасауға тікелей қатысы бар 4 мыңнан астам пайдаланушы жұмыс істейді.
Анықтама ретінде: ұн тарту кәсіпорындарындағы 462 мың тонна астық 1,5 ай жұмыс істеуге жетеді.
Көріп отырғанымыздай, өңірлерде астық бар, мысалы Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы қолда бар астық көлемі облыстардың халқын 2 жыл нанмен қамтамасыз етуге жетеді. Алматы облысында бір жарым жылға жететін астық бар.
3-слайд. Деректер бойынша қолда бар астық көлемі жоспардағы экспорттық көрсеткіштерді және елдің ішкі сұранысын қамтамасыз ету үшін жеткілікті.
Слайдта астық жұмсалатын барлық бағыттар –тұрғындардың тұтынуы, жемдік астық, тұқым, өнеркәсіптік өңдеу бойынша жасалған есептемелерді, сондай-ақ 2018/2019 маркетингтік жылдың соңына дейінгі экспорт болжамын көріп отырсыздар.
Бидай мысалға ала отырып, есептеме жасап көрелік.
Қазіргі сәтте 8,3 млн. тонна бидай бар. Оның 690 мың тоннасы азық-түліктік қажеттілікке, 1,6 млн. тоннасы тұқымдық мақсатқа, 730 мың тоннасы жемдік астыққа, 128 мың тоннасы өнеркәсіптік өңдеуге жұмсалатын болады.
Ағымдағы маркетингтік жылдың соңына дейін экспортқа 2,2 млн. тонна астық жөнелтуді жоспарлап отырмыз, осы сәтке дейін 6,7 млн. тонна жөнелтілді.
Нәтижесінде, қолымызда келесі жылға ауысатын қалдық ретінде 2,9 млн. тонна қалады.
Мысалы, ғылыми негізделген бір адамның нан тұтыну нормасына (Ұлттық экономика министрлігінің 2016 жылғы 9 желтоқсандағы № 503 бұйрығымен бекітілген норма – бір адамға жылына 62,96 кг) сәйкес Қазақстанның бүкіл халқы үшін айына 95 мың тонна шамасында астық қажет.
Анықтама ретінде: Германиядағы норма – бір адамға жылына 72 кг.
Тиісінше, көрсетілген өтпелі баланс халықты нанмен қамтамасыз ету үшін 2,5 жылға жетеді. Ал, жаңа өнімді жинауға 5 айдан астам ғана уақыт қалды.
4-слайд. Енді нан бағасына келер болсақ...
Слайдта нан бағасының өсуі бойынша статистикалық мәліметтер көрсетілген. Мұнда мониторинг пен реттеу жүргізілетін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізбесіне нанның барлық түрлері емес, тек бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны немесе бізше атқанда, «әлеуметтік нан» ғана кіретін атап өту керек.
Слайдта көріп отырғанымыздай, оның бағасы тұрақты, ауытқулар болса да, мән берерліктей емес.
2015 жылы Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен нан бағасын реттеуден бас тарту мәселесі қолдау тапқанын еске сала кеткім келеді.
2016 жылдың бағасымен салыстырғанда, 2019 жылы әлеуметтік нан бағасының 6 теңгеге өскені слайдта көрініп тұр.
Иә, астықтың бағасы өсуде, алайда ескеретін жағдай, астық үлесі нанның өзіндік құнының 50 пайызын ғана қамтиды, ал қалған бөлігін жанар-жағармай, жалақы, электр энергиясы, әкімшілік және басқа да шығындар құрайды.
Бірақ, сонымен қатар, өңірлердегі әкімдіктер тұрғындарға арналған әлеуметтік маңызы бар тауарларға деген бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдауда. Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі белсенді қолданылып келеді, оларға кейіннен тұрғындар қамтамасыз етілетін бірқатар тауар түрлері сатып алынуда. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған 3,1 млрд. көлемінде қаржы бар, бұл қаражатты әкімдіктер нан бағасын тұрақтандыруға да бағыттай алады.
Назарларыңызға рахмет!