Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Құрметті кеңеске қатысушылар!
1-слайд. Бастапқы бет.
2019 жылға арналған ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарының құрылымы
2-слайд.
Алдын ала деректер бойынша 2019 жылы егіс алаңдары 22,3 млн. гектарды құрайды. Бұл өткен жылдың деңгейінен 291 мың гектарға немесе 1,3%-ға көп.
Егістік алқаптарды әртараптандыру жалғасуда. Атап айтқанда, дәнді дақылдарды 14,9 млн. гектар алаңға, оның ішінде бидайды 2017 жылдың деңгейіне қарағанда
168 мың гектарға қысқарта отырып, 11,2 млн. гектарға егу жоспарлануда. Бұл ретте мал шаруашылығының артып келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету үшін азықтық дақылдардың алаңы 654 мың гектарға (2018 жылға қарағанда 19%) ұлғаятын болады, жемдік астық дақылдары өткен жылдың деңгейінен 42 мың гектарға өсіп, 3,0 млн. гектардан астам алаңға себіледі.
Қант қызылшасын 2,6 мың гектарға (13,3%) арттыра отырып, 22,2 мың гектар алаңда орналастыру жоспарлануда. Көкөніс-бақша дақылдарына арналған алқаптар да оң өсу динамикасын көрсетіп, 256 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылдың деңгейінен 3,2%-ға артық.
Күзгі-қысқы кезеңде ылғал жинау
Гидрометеорологиялық қызмет деректері бойынша топырақтың үстіңгі қабатындағы күзгі ылғал қоры 2018 жылғы деңгейден жоғары.
Қар тоқтату жұмыстарын жүргізу қарқыны өткен жылдағыдан жоғары. 2019 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша бір ізбен қар тоқтату 5,8 млн. га алқапта жүргізілді, бұл 2018 жылдың тиісті кезеңінен 2,2 есеге артық.
Қазіргі кезде қардың қалыңдығы ықтырма сүрі жер танаптарында 22 см-ден 44 см-ге дейін, сүдігер жыртылған жерде – 16 см-ден 42 см-ге дейін, жыртылмаған жерде – 17 см-ден 42 см-ге дейін құрайды.
Тұқыммен қамтамасыз ету
3-слайд.
Ағымдағы жылы егіс науқанын жүргізу үшін 2,5 млн. тонна шамасында тұқым дайындалды.
Жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдіктері жұмысты жандандыруы қажет. Айырбас арқылы немесе нарықтан сатып алу есебінен тұқым жетіспеушілігін жабу қажет.
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа схемасы енгізілгенін атап өту қажет, ол шаруалардың элиталық тұқымдар мен бірінші репродукция тұқымдарын нормалар бойынша төлемсіз алуын көздейді.
Осы тетікті іске асыру үшін облыстардың әкімдіктері тез арада субсидияланатын тұқымдардың нормалары мен шекті бағаларын бекіту бойынша қаулылар қабылдауы, сондай-ақ аталған бағдарламаға арналған қаржыны наурыз айында қарастыруы қажет.
Минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету
4-слайд.
2019 жылға арналған жергілікті бюджеттерде тыңайтқыштарды субсидиялауға 21,4 млрд. теңге көзделген. Тыңайтқыштарды сатып алу өткен жылдың деңгейінде болады деп болжануда.
2018 жылдың қорытындысы бойынша тыңайтқыштарды қолдану көлемі 463,2 мың тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың деңгейінен 94,8 мың тоннаға немесе 26%-ға жоғары.
Бұл ретте, минералды тыңайтқыштарды қолдану қажеттіліктің 18%-ына жетті, өткен жылдары бұл көрсеткіш 10-14%-дан аспайтын. Алайда жекелеген облыстарда тыңайтқыштар енгізу төмен деңгейде қалып отыр, атап айтқанда Қостанай және Қарағанды облыстарында минералды тыңайтқыштарды қолдану қажеттіліктің 6%-ын, Павлодар облысында – 9%-ын ғана құрайды.
Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы
5-слайд.
2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республиканың агроөнеркәсіптік кешенінде қолданыста 147,0 мың трактор, 3,9 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 79,4 мың дәнсепкіш, 249,0 мың топырақ өңдеу құралы бар.
Республика бойынша ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы жоспарға сай жүргізілуде.
Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша 12 наурызға көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін техниканың дайындығы тракторлар бойынша 91%-ды, егіс кешендері бойынша 100%-ды, дәнсепкіштер бойынша 91%-ды, топырақ өңдеу құралдары бойынша 93%-ды құрайды.
Ағымдағы жылдың егіс науқанына сатып алынғандарымен қоса 3,9 мың өнімділігі жоғары заманауи кешен қатысады, осы кешендермен дәнді дақылдар егілетін алқаптың 60%-ына егін сегу жоспарланып отыр.
Жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету
6-слайд.
Ағымдағы жылы егіс жұмыстарын жүргізуге Энергетика министрлігімен келісім бойынша наурыз-маусым айлары аралығында 380,0 мың тонна дизель отыны бөлінді (2018 жылы – 375,0 мың тонна).
Энергетика министрлігімен бірлесіп, ағымдағы жылғы наурыз-маусым айлары кезеңіне өңірлерге дизель отынын жеткізу графигі бекітілді.
График жұмыс істеп тұрған кезеңде Министрлік Энергетика министрлігімен бірлесіп мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынының өңірлерге тиеп жөнелтілуіне күн сайын мониторинг жүргізетін болады.
Бұдан басқа, өткен жылы Павлодар облысында дизель отынын электрондық түрде бөлу және өткізу пилоттық режимде енгізілді. Биыл осы пилоттық режим Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Түркістан облыстарына таралады. Күзгі егіс жұмыстарына арналған жанар-жағар майды бөлуді толығымен автоматты режимде жүзеге асыру болжанып отыр.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру
7-слайд.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін ағымдағы жылы 60 млрд. теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінді.
Қаржыландыру бағдарламасының операторы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы болып табылады.
Кредит беру мерзімі желтоқсанға дейін.
Соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7%-дан аспайды.
Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық қаражат толық көлемде игерілетін болады.
Жалпы дайындық жұмыстары жоспарлы режимде өтуде және көктемгі дала жұмыстарын жаппай жүргізуді бастауға барлық бағыттар бойынша дайындық деңгейі 100% құрайды.
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Сіздің белсенді қолдауыңыздың арқасында қазіргі уақытта Атамекен-Агро, Қазэкспортастық және Әлиби тәрізді ірі агрохолдингтердің жерлерінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дайындық басталды, олардың жалпы егістік алқабы 1,5 миллионнан астам гектарды құрайды.
Назарларыңызға рахмет!