Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті депутаттар!
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі концептуалдық өзгерістері.
Бірінші. Қаржыландырудың қолжетімділігі
Қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін заң жобасы аясында қолданыстағы қаржы құралдарын жетілдіру және жаңаларын енгізу көзделген.
Айталық, ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесі түбегейлі өзгеретін болады: міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға, сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу жүзеге асырылады.
Сақтандырудың қолданыстағы механизмі салада тәуекелдерді басқарудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпейді деп айтуға болады. Егіс алаңдарының жартысы да сақтандырумен қамтылмайды, 2018 жылы бар-жоғы 43% ғана сақтандырылды.
Сақтандырудың 70%-ын өзара сақтандыру қоғамдары жабады. Оларды тиісті бақылаудың жоқтығы тарифтерді белгілеу, сақтандыру сыйақыларын жинау, сақтандыру төлемдерін төлеу бөлігінде заңнаманы бұзуға әкеледі.
Міндетті сақтандырудың келеңсіз тәжірибесін ескере отырып, ерікті сақтандыруға көшу туралы шешім қабылданды.
Сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін сақтандыруға қолжетімділікті арттырады, өйткені сақтандыру полисі екінші деңгейдегі банктерден қарыз алуда қосымша кепілдік бола алады.
Бұдан басқа, кредиттік серіктестіктер жүйесін қайта қарау көзделуде. Бүгінгі күні барлық кредиттік серіктестіктер бір ғана қорландыру көзіне, бюджетке тәуелді болып отыр, қаржыландырудың өзге көздерін тарту мүмкіндігі жоқ, шындығында кредиттік серіктестіктер қазір тығырыққа тірелді. Егер шара қолданбаса, кредиттік серіктестіктер тоқырауға ұшырайды.
Осыған байланысты «Кредиттік серіктестіктер туралы» Заңға кредиттік серіктестіктерге орталық кредиттік серіктестік құруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді.
Орталық кредиттік серіктестіктерге де кредиттік серіктестіктердің қызметін реттейтін жалпы талаптар қолданылатын болады.
Кредиттік серіктестіктерді – орталық кредиттік серіктестік қатысушыларын қаржылық сауықтыру үшін олардың құрылымында тұрақтандыру қорын құру көзделуде.
Сонымен бірге, Заң жобасымен кредиттік серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысын өткізу тәртібі мен мерізімін нақтылайтын түзетулер енгізілетін болады.
Жоспарланып отырған өзгерістер кредиттік серіктестіктерге агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру үшін бюджеттен тыс қосымша қаражат тартуға мүмкіндік береді.
Екінші. Фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздік
Жыл сайын аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы фитосанитариялық және карантиндік іс-шаралар жүргізуге бөлінген республикалық бюджет қаражаты есебінен өңдеуге жататын алаңның 50%-дан аспайтын бөлігі ғана өңделеді.
Бұл жағдай бірінші кезекте мынаған байланысты: бөлінген қаражаттың 30 пайыздан 50 пайызына дейін пестицид сатып алуға, ал қалған бөлігі, шамамен жартысы сатып алынған пестицидтерді сақтау, тасымалдау және қолдану бойынша көрсетілетін қызметті сатып алуға жұмсалады.
Өңдеуге жататын алаңдарды фитосанитариялық және карантиндік іс-шаралармен барынша қамту мақсатында Заң жобасымен осындай іс-шараларды жүргізуге қатысты жауапкершілікті мемлекет пен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында бөлу көзделеді.
Жоғары фитосанитариялық қатер төндіретін зиянкестерге, ауруларға және арамшөптерге (үйірлі және саяқ шегірткелер, жеміс ағаштарының бактериялық күйігі, шыбын қоңызы, оңтүстік америкалық қызанақ күйесі) қарсы іс-шаралар жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік босалқы жерлерде карантиндік арамшөптерге қарсы іс-шаралар жүргізу бойынша жауапкершілікті мемлекетте қалдыру, ал қалған зиянкестер мен ауруларға қарсы өңдеулер жүргізу бойынша жауапкершілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бекітіп беру ұсынылады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің фитосанитариялық және карантиндік іс-шаралар жүргізу үшін пестицидтер сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау көзделеді.
Осылайша фитосанитариялық және карантиндік іс-шараларды жүргізу схемасын өзгерту есебінен өңделетін алаңдарды ұлғайту және өсімдіктерді қорғау шараларын оңтайлы мерзімде жүргізу күтілуде, бұл өз кезегінде зиянкестер мен арамшөптердің таралу ошақтарының біртіндеп азаюына ықпал етеді.
Ветеринария
Ветеринария саласында ұйымдастыру, іске асыру функцияларының негізгі бөлігі және бақылау-қадағалау функцияларының бір бөлігі жергілікті атқарушы органға бекітілген. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінде ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау/импорттаумен байланысты, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың қызметтеріне бақылау жүргізу және үйлестіру функциясы қалды.
Жергілікті атқарушы органдарда бақылау-қадағалау және іске асыру функцияларының бір бөлігін шоғырландыру мүдделер қайшылығына әкеледі, себебі әкімдік өзі іс-шараларды ұйымдастырады және оны өзі бақылайды.
Сондай-ақ екі қызметке (ЖАО және ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті) бақылау-қадағалау функцияларын шоғырландыру кейбір жағдайларда ветеринария саласындағы функцияларды іске асыру бойынша жауапкершілікті анықтауда қиыншылық тудырады.
Ветеринария қызметінің жұмыс істеу тиімділігін арттыру үшін заң жобасында мыналар көзделеді:
бірінші, жергілікті атқарушы органдардан және кеден органдарынан (автокөлікте бақылау) бақылау-қадағалау функциясын ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосына қайтару жолымен барлық бақылау-қадағалау функциясын бір органға шоғырландыру;
екінші, жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметінің вертикалды бағыныстылығын құру жолымен олардың құрылымын өзгерту, яғни ветеринариялық бөлімшелерді аудандар, облыстық маңызы бар қалалар деңгейінде өкілдері болу мүмкіндігімен облыс деңгейінде шоғырландыру, сондай-ақ мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды облыстық деңгейге бағынысты ету.
Жоғарыда көрсетілген өзгерістерді қабылдау кезінде жергілікті атқарушы органдарда ветеринария саласындағы іске асыру функциясы қалады, уәкілетті орган ведомствосына барлық кезеңдегі бақылау-қадағалау функциясы беріледі, сондай-ақ бұл жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметінің вертикалын құруға мүмкіндік береді.
Үшіншіден. Аграрлық ғылымды дамыту
Ғылым мен білімді бизнестің қажеттілігіне сәйкестендіре отырып, осы саланы реформалауды және технологиялар трансфертін қолға алдық.
Кәсіпкерлерді инновация енгізуге тарту үшін Заң жобасымен бизнестің ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бойынша шығындарының бір бөлігін субсидиялау көзделеді. Негізі бизнес бірлесіп қаржыландырушы болған кезде жұмыс жақсы жүреді. Бірақ қазір бизнес зерттеулерді дербес қаржыландыруға қауқарсыз. Сондықтан субсидиялау бизнес пен ғылымның өзара іс-қимыл жасау механизмін әзірлеуге, агроөнеркәсіптік кешенге инновацияны енгізу ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Анықтама ретінде: «Ғылым туралы» Заңға сәйкес бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру үш жылдық кезеңмен іске асырылады.
2015-2017 жылдары «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының еншілес ұйымдары және жеке ұйымдар жалпы жыл сайынғы қаржыландыру көлемі 4,2 млрд. теңге болатын 27 ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша қолданбалы зерттеулер жүргізді.
Үшжылдықтың айрықша ерекшелігі зерттеулердің шаруа және фермер қожалықтарында, яғни, тікелей өндірісте жүргізілгендігі болып отыр. Осылайша, барлық ғылыми әзірлемелер өндіріске енгізілген болатын.
2018-2020 жылдары «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының еншілес ұйымдары және жеке ұйымдар жалпы жыл сайынғы қаржыландыру көлемі 7,6 млрд. теңге болатын 42 ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Бұл зерттеулер де тікелей шаруа және фермер қожалықтарында орындалуда.
Сонымен бірге, Заң жобасының шеңберінде Білім және ғылым министрлігінің ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім беру гранттарының көлемін қалыптастыру жөніндегі функцияларын Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру көзделеді, сондай-ақ аграрлық жоғары оқу орындарының бітірушілері үшін ауылды жерлерде міндетті түрде жұмыспен өтеу (кемінде 3 жыл) талабы енгізіледі.
Заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу аграрлық сектордың қажеттіліктерін ескере отырып, мемлекеттік тапсырысты дәл қалыптастыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ мамандықтар бойынша гранттарды дұрыс топтастыруға мүмкіндік береді.
Түлектердің ауылды жерлерде міндетті түрде жұмыс істеуі, өз кезегінде ауыл шаруашылығының барлық өндірістік құрылымдарын кадрлармен қамтамасыз ету проблемасын шешуге, бітірушілерді жұмысқа орналастыруға және одан әрі жас мамандардың ауылда орнығып қалуына мүмкіндік береді.
Төртінші. Әкімшілік кедергілерді жою
196 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорнының негізгі қызметі «Астық туралы» ҚР Заңында белгіленген тізбемен шектелген.
Аталған кәсіпорындар теміржолдарды басқа субъектілердің пайдалануына беру, жарма өнімін өткізу, майлы тұқымдарды өңдеу және өткізу тәрізді қосымша қызметтерді көрсете алады.
Осы мүмкіндіктер «Астық туралы» заңда көзделмеген, бұл астық қабылдау кәсіпорындарына қосымша табыс алуға мүмкіндік бермейді.
Қолайлы бизнес орта құру мақсатында заң жобасымен «Астық туралы» Заңға өзгерістер енгізіледі, ол өзгерістер астық қабылдау кәсіпорындарының жоғарыда аталған қызмет түрлерімен айналысуына құқық береді.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамсасына сәйкес залалданған өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеуге тыйым салынған.
Алайда Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарына сәйкес, егер карантиндік арамшөптердің тұқымдары мен жемістерін тіршілік қабілетінен айыратын технологияларды қолданса, астық өңдейтін ұйымдарға залалданған шикізатты өңдеуге рұқсат етілген.
Отандық жеткізушілердің осы жағдайын еңсеру үшін Заң жобасында, егер, карантиндік арамшөптердің тұқымдары мен жемістерін тіршілік қабілетінен айыратын технологияларды қолданса, залалданған шикізатты өңдеуге қойылған тыйымды алып тастау көзделеді.
Заң жобасында жоғарыда аталған түзетулерден басқа, орман және су шаруашылығын, жануарлар әлемін және ерекше қорғалатын аумақтарды дамыту бойынша өзгерістер көзделеді.
Баяндама аяқталды, назарларыңызға рақмет!