Құрметті Асқар Ұзақбайұлы,
құрметті әріптестер!
«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберіндегі жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы бойынша бөлінген 600 млрд. теңге кредит қаражатының 200 млрд. теңгесі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталатын болады.
100 млрд. теңге ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге жұмсалады, мұнда мөлшерлеме Бизнестің жол картасы-2020 есебінен субсидияланады.
Қалған 100 млрд. теңгесі ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталады, мұнда мөлшерлеме Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламасы бойынша субсидияланады, бұл мақсатқа бюджетте қаражат жеткілікті.
Біздің бағалауымыз бойынша 200 млрд. теңгеден астам сомаға еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін маңызды 34 ірі жоба бойынша әлеуетіміз бар.
Анықтама ретінде: ЭҚЖЖ-ның 14 коды бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін (69 тауар түрі) өңдеуге, ЭҚЖЖ-ның 6 коды бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін (49 тауар түрі) өндіруге кредит беру.
Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға келер болсақ, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап аталған субсидия түрі тек электрондық түрде ғана жүзеге асырылатын болады.
Ақпараттық-есептеу орталығы Транстелекоммен бірлесіп инвестиция салып, Qoldau.kz платформасында субсидиялаудың электрондық ақпараттық жүйесін әзірлеп шықты.
Транстелеком жүйеге қызмет көрсеткені үшін төленетін ақыны екінші деңгейдегі банктерден алуды жоспарлаған болатын.
Алайда, банктермен жүргізілген келіссөздерден кейін Транстелекомнан 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі ақыны Qoldau.kz платформасындағы жеке кабинетте тіркелу кезінде бір реттік жылдық абоненттік төлем ретінде ауыл шаруашылығы өндірушілері мен басқа да жүйеге қатысушылардан алу туралы ұсыныс келіп түсті.
Бұл ұсыныс ағымдағы жылдың 8 сәуірінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында бизнес-қауымдастықпен талқыға салынып, жалпы қолдау тапты. Осы аптадан бастап өтінімдер қабылданып, олармен жұмыс істелетін болады.
Qoldau.kz платформасында субсидиялаудан басқа, егіс алаңдарын, жайылымдарды цифрландыру, мемлекеттік дерекқорлармен интеграция, ғарыштық түсірілімдер негізіндегі метео-болжамдар, топырақтың ылғалдылығын өлшеу құралдары секілді және тағы да басқа бүкіл контент қолжетімді болады.
Бұдан басқа, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен кеңесте субсидиялауға арналған электрондық өтініммен қатар қағаз түрінде де өтінім беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Аталған ұсыныс мүдделі мемлекеттік органдармен пысықталатын болады.
Көптеген агроөнеркәсіптік кешен субъектілері бір тоқсанның өзінде-ақ пайыздық мөлшерлеме бойынша субсидия алу мүмкіндігінен айрылғандықтан, Субсидиялау қағидаларына 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап кредиттер бойынша субсидия беру бөлігінде өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
Назарларыңызға рахмет!