Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Құрметті отырыс қатысушылары!
Елбасы 2022 жылға қарай өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есе ұлғайту міндетін қойған болатын.
Осыған байланысты АӨК-ні дамытудың мемлекеттік бағдарламасында өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2021 жылы 2,4 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл ретте биыл экспорт көлемі
1,27 млрд. АҚШ долларына дейін жететін болады.
2-слайд. Бұлай деуге барлық негіз бар, себебі 2018 жылдың қорытындысы бойынша өңделген өнім экспорты нақты мәнде 6,4%-ға және ақшалай мәнде 3,5%-ға ұлғайды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,125 млрд. АҚШ доллары сомасына (3,0 млрд. АҚШ доллары сомасындағы жалпы АӨК өнімдерінің экспорты көлеміндегі үлесі ақшалай мәнде 37,2%) 3,5 млн тонна (13,4 млн. тонна жалпы АӨК өнімдерінің экспорты көлеміндегі үлесі нақты мәнде 26,3%) өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды.
АӨК өнімдерінің барлық 533 экспорттық тауар тобынан 275 өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің түрі экспортталады. Бұл ретте, өткен жылы бірінші рет өңделген өнімдердің 17 жаңа түрі экспортталды.
Анықтама ретінде: күрке тауық өнімдері (бұрын күрке тауықтың ұшасы ғана экспортталатын), балық өнімінің жаңа түрлері, балық майы, ІҚМ-ның жаңа технологиялар бойынша өңделген терісі, глюкоза шәрбаты т.б.)
3-слайд. Өңделген АӨК өнімдерінің үздік тобына (топ-группа), ұн мен жармадан басқа (41,4%) өңделген өнім экспортының 12,4 %-ын алатын – тоңмай және май өнімдері, кондитерлік бұйымдар (9,2 %), балық өнімдері (4,1%), табиғи шырындар (4,2%), макарондар мен ұннан жасалған өнімдер (4,7%), сондай-ақ ет және сүт өнімдері (5,5%) кіреді. Сондай-ақ экспорттың 7%-ы көлемінде мақта талшығы және 6,9%-ы көлемінде өңделген жемшөп (күнжара, кебек) экспортталады.
2018 жылдың қорытындысы бойынша экспорттың әртараптандырылғаны байқалады. Сары май экспорты 7,6 есе, рапс майы 3,1 есе, балық өнімдері 4,5 есе, ет өнімі 2,7 есе,күнбағыс майы 20,8%-ға, макарон өнімдері 28,4%-ға өскен.
4-слайд. Өңделген өнімдер экспортының географиясы кеңеюде. Айталық, Қазақстан 2017 жылы 42 елге өңделген өнім экспорттаса, өткен жылы әлемнің 48 еліне экспорттады. Жаңа 6 ел: бұлар Швейцария, Жапония, Бахрейн, Малайзия, Болгария, Гана, Ливан.
5-слайд. Өңделген АӨК өнімдерін дәстүрлі нарықтарға экспорттау көлемінің өскені байқалады, атап айтқанда Өзбекстанға экспорт - 32,4%-ға, Ресейге - 7%-ға, Қырғызстанға - 11%-ға, Тәжікстанға - 9,7%-ға, Молдоваға экспорт 40,1%-ға артқан, сондай-ақ, жаңа нарықтар саналатын Қытайға экспорт 57,5%-ға, Нидерландыға экспорт 130%-ға өскен.
Осы нарықтарға шығарылатын өңделген өнім экспортының болжамды өсімін ескерсек, тамақ өнімдерінің өндіріс көлемі 106,2%-ға дейін ұлғаяды.
6-слайд. Өндірістің өсіміне ет өнімдері, балық өнімдері, сүт өнімдері, астықты тереңдете өңдеу, майлы дақылдарды өңдеу және қант өндірісі айтарлықтай үлесін қосатын болады.
7-слайд. Ет өндіру өнеркәсібін дамыту 4 ет комбинатын жаңғырту және жылдық қуаттылығы 27 тонна болатын ет өңдейтін 3 жаңа ет комбинатын салу есебінен қамтамасыз етілетін болады, бұл 8%-ға өсімді қамтамасыз етеді.
Мәселен, 2019 жылғы ақпанда Алматы облысында жылдық қуаттылығы 8 мың тонна болатын Эмпайр Фуд (Иран) ет өңдеу кешені пайдалануға берілді.
Бұдан басқа, ағымдағы жылы жылына 5 мың тонна ет өңдейтін «Ерементау Ақбас» ЖШС ет өңдеу кешенін пайдалануға беру жоспарлануда.
Қазір Тайсон Фуд (АҚШ), Данбиа (Ұлыбритания), Гранд Фарм (ҚХР), Бауманн (Германия), Иналка/Кремонини (Италия), және Седар Митс (Австралия) сияқты трансұлттық компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жиынтық қуаттылығы 23 мың тонна болатын 4 сүт өңдейтін кәсіпорынды жаңғырту есебінен сүт өңдеу көлемін арттыру қамтамасыз етілетін болады.
Олар қышқыл сүт өнімдерін, сары май мен ірімшіктің түрлерін өндіретін «Эмиль» ЖШС (ШҚО), «Гормолзавод» ЖШС (Ақмола облысы), «Деп» ЖШС (Қостанай облысы) және «Есіл май шайқау комбинаты» ЖШС (Ақмола облысы), сондай-ақ Түркістан облысындағы «Golden Camel Group» ЖШС болып табылады, бұл кәсіпорындар ағымдағы жылы өндіріс көлемін 12%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, заманауи технологияларды қолдана отырып, крахмал, глютен, глюказо-фруктоза шәрбаты сияқты астықты терең өңдеу өнімдерін өндіру ұлғайтылатын болады. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында бидайды терең өңдейтін, 55 мың тонна крахмал, 5 мың тонна глютен өндіретін қуаттылығы тәулігіне 250 тонна шикізат болатын «БиоОперейшн» ЖШС-ның инновациялық зауыты іске қосылды. Ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша 1,2 мың тонна глютен және 4 мың тонна крахмал өндіру жоспарлануда. Сондай-ақ, Қостанай облысында осыған ұқсас БиоГрейн жобасын іске асыру басталды.
Майлы дақылдар өндірісін арттыруды «Тайынша Май» ЖШС және «ЭФКО Алматы» ЖШС сияқты трансұлттық компаниялардың қатысуымен болатын жобалар қамтамасыз ететін болады (2018 жылы 131 мың тонна май өндірілсе, 2019 жылға жоспар 150 мың тоннаны құрады немесе өсім 14%).
Сондай-ақ, өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында, атап айтқанда картопты қайта өңдеу бойынша жылдық қуаттылығы 140 мың тонна болатын Фарм Фритц (Нидерланд) трансұлттық компаниясының қатысуымен ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы жобаны іске асыруға Алматы облысы әкімдігінің жағдай жасауын сұраймыз.
Аталған жұмысты экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға бөлінген қаражат (100 млрд. теңге) шеңберінде қазіргі заманғы өңдеуші өндірістерді қаржыландыру арқылы жалғастыру жоспарлануда.
Өңдеуші қуаттылықтарды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша салалық бағдарламаларды іске асыру жалғасатын болады. Мал шаруашылығында ағымдағы жылы етті бағыттағы 2000 отбасылық ферма құру және сиыр етін өндіруді 10%-ға арттыру жоспарлануда.
Құс өсіру бойынша қолданыстағы 8 құс фабрикасын кеңейту күтілуде, нәтижесінде құс етін өндіру 11%-ға артатын болады. Бұдан басқа, жалпы қуаттылығы 18,0 мың бас болатын 19 өндірістік және 31 отбасылық тауарлық сүт фермасы құрылады.
8-слайд. Өңделген өнім экспортын арттыруда ветеринариялық-санитариялық талаптарды алып тастау және келісу бойынша белсенді жұмыс жүргізу маңызы рөл атқарады.
Бүгінгі таңда Қытаймен ауыл шаруашылығы өнімінің түрлері бойынша талаптар келісіліп, 13 сертификатқа, Иранмен – 6 сертификатқа, Парсы шығанағы елдерімен –6 сертификатқа, Еуропа одағымен – 1 сертификатқа қол қойылды. Биылғы мамыр-маусым айларында Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экспортталатын сүт өнімдері мен ұнға қойылатын ветеринариялық талаптар бойынша хаттамаға қол қойылады деп күтілуде.
Қазір үшінші елдер мен Еуразиялық экономикалық одақтың тізіліміне 1980 өңдеу кәсіпорны енгізілді, бұл ретте осы тізілімге биыл өз өнімін экспорттау құқығымен тағы да 100 кәсіпорын енгізілетін болады.
9-слайд. Өңделген өнім экспортын арттыру үшін қаражат көлемін ұлғайтуды және өңделген өнімді Қазақстан Республикасының шегінде теміржол және/немесе автомобиль көлігімен тасымалдауға жұмсалатын шығынды субсидиялауға арналған бөлек квота бөлуді сұраймыз.
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өңделген өнім экспортын ұлғайту және АӨК өнімдерін өткізу нарығын кеңейту жұмыстарын жалғастыратын болады.
Назарларыңызға рақмет!