Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті Владимир Карпович, отырысқа қатысушылар!
1 слайд. Елбасы 2022 жылға қарай еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыру міндетін қойды.
Осыған байланысты «Ет және сүт өнімдерін өндіруді, өңдеуді және экспорттауды дамыту перспективалары» тақырыбында отырыс өткізу кездейсоқ емес, өйткені мал шаруашылығы - жоғары жалпы өнім беретін және халықты маңызды азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығының негізгі саласы.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің еңбегінің және көрсетілген мемлекеттік қолдаудың арқасында сала қарқынды дамып келеді.
2 слайд. 2018 жылы барлық санаттағы шаруа қожалықтарында мал мен құстың өндірісі 1,059,4 мың тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың деңгейінен 42,4 мың тоннаға артық. Атап айтқанда, сиыр етін өндіру 6%-ға немесе 477,4 мың тоннаға, құс етін өндіру 6,9%-ға немесе 192 мың тоннаға дейін өсті.
Барлық ет түрлерінің экспорты 78,7 млн. АҚШ доллары сомасымен 33,2 мың тоннаны құрады, оның ішінде сиыр еті - 19,9 мың тонна (2017 жылы - 5,5 мың тонна). Яғни, ет экспорты бір жылда 3,6 есе өсті. 2017 жылдан бастап қой етін экспорттау мәселесі шешіліп, бүгінгі күні оның көлемі 3,8 мың тоннаға дейін артты.
Ағымдағы жылдың 4 айында 15 мың тоннадан астам ет және ет өнімдері экспортталды.
3 слайд. Ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндіру көлемі артып келеді. Айталық, 2018 жылы олар 1,5 млн тонна өндірді, бұл 2017 жылға қарағанда 7,6% артық. Салыстыру үшін айтсақ, 2014 жылы 903,6 мың тонна өнім өндірілді. Барлығы 3,8 миллион тоннадан астам тауарлы сүт өндіріледі.
2018 жылы өңделген сүт өнімдерін нақты тұтыну 1 885,5 мың тоннаны құрады. Отандық өндірістің есебінен қамтамасыз етілу 79,4%-ды құрады. Егер нақтырақ айтсақ, отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілуі өңделген сүт бойынша 101%-ды, қышқыл сүт өнімдері бойынша 90%-ды, сары май бойынша 79%-ды, ірімшік және сүзбе 58,4%-ды құрады.
2018 жылдың қорытындысы бойынша ет және сүт өнімдері экспортын әртараптандыру үрдісі байқалды. Сары майдың экспорты 7,6 есеге, ет өнімдерінің экспорты 2,7 есеге артты.
Атап өтетін тағы бір жайт 2018 жылы 43,6 млн. АҚШ доллары сомасына 103 мың тонна сүт экспортталды. Бұл дайын өнім бойынша алсақ: 27 мың тонна өңделген сүт, 10 мың тонна қышқыл сүт өнімдері, 1,7 мың тонна сары май, 2,0 мың тонна ірімшік пен сүзбе және т.б.
4 слайд. Құс шаруашылығында тауық жұмыртқасы бойынша ішкі қажеттілік толығымен жабылады. Алғаш рет 557 млн. дана жұмыртқа экспортталды, бұл 2017 жылға қарағанда 2 есе көп. Экспорт негізінен Ауғанстан мен Ресейге жіберіледі. 192 мың тонна құс еті өндірілді, бұл 2017 жылдың деңгейінен 6,9%-ға артық. Республиканың құс етіне деген қажеттілігі 375 мың тоннаны құрайды. Отандық өндірістің есебінен қамтамасыз етілу 51%-ды құрайды. Қалған бөлігі импортпен толтырылады. Бұл жерде біздің алдымызда отандық өндіріс есебінен құс етімен қамтамасыз ету деңгейін көтеру міндеті тұр.
5 слайд. Ет пен сүтті өңдеу саласында өндірістің өсуі тиісінше 105,7% және 104,9%-ды құрайды, бұл жақсы көрсеткіш. Ет және сүт өнімдерінің жылдық өндірісі 507 млрд. теңгеге жетті.
Жылдың қорытындысы бойынша ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 11%-ға артып, 65%-ды құрады. 2018 жылы сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 64%-ды құрады.
Жаңа қайта өңдеу қуаттылықтарын қолданысқа енгізу еңбек өнімділігін арттыру үшін шешуші рөл атқарады. Біз қолданыстағы өңдеу қуаттылықтары негізінде жағдайды түбегейлі өзгерте алмаймыз. Біздің зауыттарымыздың қуаты шетелдік зауыттармен салыстырғанда он есе аз және ол өндірістің табыстылығын қамтамасыз етпейді. Зауыттарда орнатылған жабдықтар энергияны көп қажет етеді, моральдық және физикалық тұрғыдан тозған. Сондықтан біз осы саладағы жағдайды трансұлттық компаниялар мен ірі қайта өңдеуші кәсіпорындарды тарту арқылы түбегейлі өзгерте аламыз.
6 слайд. 100 нақты қадам Ұлт жоспары шеңберінде қойылған міндетке сәйкес стратегиялық инвесторларды және трансұлттық компанияларды қайта өңдеу секторына тарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Түркістан облысында түйе және бие сүтін өңдеу бойынша «Golden Camel Group» ЖШС (Қытай), Павлодар облысында тәулігіне 100 тонна сүт өңдейтін «Лакталис» ЖШС (Франция) жобалары іске қосылды
Өңірлерде мал союға және алғашқы өңдеуге, етті тереңдете өңдеу технологияларын дамытуға арналған заманауи жоғары технологиялы кәсіпорындар құру бойынша жобалар жүзеге асырылуда.
Ағымдағы жылы Алматы облысында «Эмпайр Фуд» компаниясының (Иран) ет өңдеу кешенін салу жобасы іске қосылды, оның қуаты ауысымына 100 бас ірі қара мал және 1500 бас ұсақ мал союға малға арналған.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласында «Ерейментау Ақбас» ЖШС-ның жылына 5 мың тонна ет шығаратын ет өңдеу кешенін іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар ет өңдеу секторына Тайсон Фуд (АҚШ), Данбиа (Ұлыбритания), Гранд Фарм (Қытай), Бауманн (Германия), Иналка/Кремонини (Италия) және Седар Митс (Австралия) сияқты трансұлттық компанияларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
7 слайд. Қазақстанда мал шаруашылығын табысты дамытуға қажетті негізгі факторлар бар, олар: жайылымдық жерлер, суармалы егістік, ауылдық жерлердегі жұмыс күші.
Бұдан басқа, импорты тұрақты түрде өсіп келе жатқан Азия мен Таяу Шығыстағы бірқатар елдер (Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Вьетнам) тартымды экспорттық нарықтар болып табылады.
Сондай-ақ, ішкі нарықта да бос орындар бар және импорт көлемін азайту қажет. Бұл сүт өнімдері мен құс еті. Мұнда 1 млрд. доллардан астам қосымша өнім өндіру (құс етін 180 нен 740 мың тоннаға дейін, сүт өнімдерін 1 млн тоннаға дейін ұлғайту) әлеуетіміз бар.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде біз АӨК-тегі еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортын ұлғайтуға баса назар аударатын боламыз.
8-9-10 слайдтар. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде сүтті және етті мал шаруашылығында фермерлік қожалықтар құруға кредит беру бағдарламалары іске қосылды.
Аталған бағдарламаны іске асыру басталғалы бері 916 отбасылық ферма кредит алды және аналық ірі қара мал басын әкелді. Саулық сатып алу үшін 798 шаруа қожалығы қаржыландырылды.
Бұдан басқа, нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру жалғасуда, оның шеңберінде қаражаттың шамамен 80%-ы ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға жұмсалады. Өткен жылы жалпы 53 млрд. теңге сомасына 9 115 жеке кәсіпкер қаржыландырылды. 89,8 мың бас ірі қара мал, 152,8 мың бас ұсақ мал, 19 мың бас жылқы сатып алынды.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы жануарларының құнын, кредит бойынша пайыздық мөлшерлемені және инвестициялық шығындарды субсидиялау түріндегі барлық қолдау шаралары осы бағдарламалармен байланыстырылған. Алайда кейбір бөліктерінде ауытқулар болды.
Мысалы, отандық асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басын сатып алу субсидияланбады. Сондықтан Министрлік тиісті қағидаларға өзгерістер енгізді, ол отандық репродукторлардан асыл тұқымды малды сатып алуды субсидиялауға мүмкіндік береді. Бұл субсидиялар аванстық төлеммен аударылады және отандық асыл тұқымды малды сатып алу үшін фермерлерге кредит беру кезінде бастапқы жарна және кепілмен қамтамасыз ету бойынша барлық мәселелерді шешеді.
Бұдан басқа бізге ұсақ тауарлылық тән болғандықтан кооперация ауадай қажет. Қазіргі уақытта тік біріктірілген якорлы кооперацияға ерекше көңіл аударылуда және бұл дұрыс. Ірі ет өңдейтін кәсіпорындармен және сүт өңдейтін кәсіпорындармен өзара әрекеттесуінсіз шағын шаруашылыққа даму қиынға соғады. Өкінішке орай мұндай кәсіпорындар елімізде көп емес және олар шағын тауар өндірушілердің барлығына қол жетімсіз.
Сондықтан шағын және бытыраңқы фермерлер өз араларында бірігуі үшін бір уақытта якорлы (тік) кооперациямен бірге көлдеңен кооперацияны дамытамыз.
11 слайд. Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы өнеркәсіптік және отбасылық сүт фермаларын құру, сондай-ақ сатып алу желісін дамыту есебінен сүт өндірісін 10 жыл ішінде 1 млн. тоннаға арттыруды көздейді.
Бағдарлама шеңберінде 2018 жылы 25 тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілді. Олардың 7-уі өндірістік және 18-і отбасылық ферма, жалпы қуаты 6,0 мың бастан асады. Қазіргі уақытта жалпы қуаты 18,0 мың басты құрайтын тағы 19 өндірістік және 31 отбасылық сүт фермасын қаржыландыру және салу жүзеге асырылуда.
Құс етінің импортын алмастыруды одан әрі жалғастыру үшін құс фабрикаларын салу мен жаңғыртуды қаржыландыру шаралары қабылдануда. 2018 жылы Ақмола облысында жалпы қуаты жылына 60 мың тоннаны құрайтын ірі «Макинск құс фабрикасы» ЖШС жобасының бірінші кезеңі іске қосылды. Ағымдағы жылы қуаттылығы жылына 20 мың тонна құс етін құрайтын «Capital Projects LTD» ЖШС толық жобалық қуаттылығына шықты. Сонымен қатар, жалпы қуаты 15,6 мың тоннаны құрайтын «Ақтау Агро» ЖШС (Ақтау), «Әулие-Ата Феникс» ЖШС (Тараз) және «Мекен» ШҚ (Атырау) жобалары іске асырылуда.
Жалпы бағдарлама аясында 2022 жылға қарай импорт үлесін 40%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр.
12-13 слайдтар. Отандық өндіріс көлемінің өсуін ынталандыру үшін өткізу нарықтарын кеңейту және экспорттың өсуін ынталандыру қажет. Министрлік экспорт бойынша басым елдерге (ЕО, ҚХР, Иран, Парсы шығанағы елдері) ауыл шаруашылығы шикізатынан өңделген (бастапқы өңдеу) өнімдерге салынған шектеуді алып тастау және ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Бүгінгі күні Қытаймен талаптар келісілді және ауыл шаруашылығы өнімдерінің 13 түрі бойынша сертификаттарға, Иранмен 6 сертификатқа, Парсы шығанағы елдерімен 6 сертификатқа, Еуроодақпен 1 сертификатқа қол қойылды. Ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экспортталатын сүт өнімдеріне қойылатын ветеринариялық талаптар жөніндегі хаттамаға қол қойылады деп күтілуде.
Қазіргі уақытта 1980 өңдеуші кәсіпорын үшінші елдер мен Еуразиялық экономикалық одақ тізілімдеріне енгізілген, бұл ретте осы жылы қызметтердің кепілдігімен тағы да 100 кәсіпорын енгізіліп, өз өнімдерін экспорттау құқығын иеленетін болады.
Қазақстан Республикасы қызметтерінің кепілдігімен үшінші елдердің тізіліміне агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өңдейтін 100 кәсіпорын қосылды. Биылғы жылы Қазақстан қызметтерінің кепілдігімен шетелдік тізілімдерде отандық кәсіпорындардың санын 100-ге дейін арттыру міндеті алға қойылды.
Сонымен қатар өңделген өнімдер экспортын ұлғайту үшін мынадай ведомствоаралық мәселелерді де шешу қажет:
- өңделген өнімдерді экспорттау кезінде бизнес үшін тиімді, әрі түсінікті қосымша құн салығын өтеу тәртібін әзірлеу. Қолданыстағы шикізат жеткізушілерге «басынан бақайшағына» дейін жүргізілетін тексеріс аталған процесті қиындатады;
- өңдеудің 12 түрінен бөлек, кондитер өнімдері, ет консервілері, ашытқы өндірісі және қант қызылшасын өңдеу бойынша қосымша құн салығы бойынша 70% жеңілдік беру;
- Қазақстан Республикасы аумағында өңделген өнімдерді теміржол көлігімен және/немесе автокөлікпен тасымалдау шығындарын субсидиялауға жұмсалатын қаражат көлемін 10 млрд. теңгеге ұлғайту;
- «Қазақстанда жасалған», «Qazaq organik food», «Halal Qazaqstan» ұлттық брендтерін ілгерілету;
- экспорттың басым бағыттары бойынша Қазақстан Республикасының шекарасында жүк тиеу терминалдарын құру.
14-15-16 слайдтар. Енді еліміздің эпизоотиялық саламатылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемаларын шешу шараларына келсек.
Өткен жылы Халықаралық эпизоотиялық бюро тәуелсіз шетелдік сарапшылар миссиясының (PVS талдау) қорытындысы бойынша еліміздегі ветеринарлық қызметтің 2011-2017 жылдары жаңғыру нәтижелерін жоғары бағалады. Мәселен, бағаланған 47 позицияның ішінен 14-і бойынша Қазақстан өз позициясын жақсартты, 30 позиция бойынша жоғары бағаны сақтап қалып, 3 позиция (оқыту, кадрлардың тұрақтылығы, жануарларға жанашырлық таныту) бойынша жақсарту жөнінде ұсынымдар берілді.
Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен өңірлік әкімдіктердің ветеринариялық қызметті одан әрі жаңғырту (ветеринар мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру) жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспары профилактикалық ветеринариялық іс-шаралар (сынамаларды іріктеу, вакцинация, сәйкестендіру) мен диагностикалық зерттеулер жүргізу жөніндегі 2019 жылға арналған жоспар әзірленіп, бекітілді.
Ветеринариялық іс-шараларды қаржыландыру көлемі 2019 жылы 45,2 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 2,9 млрд. теңгеге көп.
Ветеринариялық бақылау мен қадағалаудың бірыңғай жүйесін құру, жергілікті атқарушы органдарда ветеринариялық қызмет вертикалын құру, жануарлар мен өнімдердің орнын ауыстыруын бақылау үшін мобильді бекеттер құру, үшінші елдердің тізіліміне енгізу үшін қазақстандық кәсіпорындарға жүргізілетін инспекцияларды бюджет есебінен қаржыландыру секілді Министрліктің ұсыныстарын қолдағандарыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді.
Осы толықтыруларды қабылдау арқылы біз ветеринариялық бақылау жүйесін сапалы деңгейге көтереміз.
17 слайд. Мал шаруашылығын тұрақты дамытудың негізі берік азықтық базасын құру болып табылады. Мұнда, ең алдымен, азық өндірісінің көлемін белгіленген зоотехникалық нормалар деңгейіне жеткізу міндеті алға қойылған. Азық теңгеріміне сәйкес 1 шартты мал басына 11 центнер азық өндіріледі, бұл зоотехникалық нормалардан 2,5 есеге төмен. Нәтижесінде бізде малдың өнімділігі төмен болып, пайдасын түгел ала алмай жатамыз.
Соңғы 5 жылда азықтық дақылдарды егу алаңы тек 333,2 мың гектарға ғана өсті. Біз бұл мәселелерге жүйелі түрде келу қажет деп есептейміз.
Ең алдымен біз қосымша 1,5 млн га жаңа суармалы жерлерді айналымға тартып, суармалы жерлер алаңын 3,5 млн. гектарға дейін жеткізу үшін суармалы егіншілікті дамытуды қаржыландыру шараларын күшейтуді көздеп отырмыз. Осылайша, жалпы егіс алаңында суармалы жерлердің үлесі 16%, жалпы өнім көлемі 2,4 триллион теңгені құрайды. Біз суармалы егіншілік тек көкөністер мен жемістер ғана емес, сонымен қатар мал шаруашылығы үшін кепілдендірілген азық екенін де түсінуіміз керек.
Екіншіден, мал шаруашылығын дамыту үшін жайылымдық жерлерді барынша пайдалануға бағытталған шаралар кешені жалғасын табатын болады. Атап айтқанда, пайдаланылмай жатқан жайылымдарды суландыру арқылы шаруашылық айналымға енгізуіміз қажет.
Бұл мәселе елді мекендерде малды азықпен қамтамасыз ету тұрғысынан өзекті. «Жайылымдар туралы» Заң шеңберінде бұларды іске асыру құралдары қарастырылып қойған, енді біз соларды пайдаланатын боламыз.
Үшіншіден, өзіміздің тауар өндірушілерді кепілдендірілген жемдік астықпен қамтамасыз ету. Бұл мәселе салалық қауымдастықтармен алдын-ала пысықталған және егін жинау кезеңінде жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы шешілетін болады.
Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы, Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп өңделген өнімдерді экспорттау көлемін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейту бойынша жұмысын жалғастыратын болады.
Назар аударғаныңызға рақмет!