Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Құрметті қатысушылар!
Ауыл шаруашылығы министрлігі Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге, оның ішінде топтық су құбырларын салу мен реконструкциялауға қатысады.
Топтық су құбырларын пайдалану ведомстволық бағынысты кәсіпорын «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүктелген, ол сондай-ақ суаратын су беретін су шаруашылығы объектілерін пайдаланумен айналысады.
Оның теңгерімінде 12 080 км ұзындықтағы 33 топтық су құбыры бар.
Бүгінгі күні 6499 ауылдық елді мекеннің 546-сы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының топтық су құбырларынан, ал қалған ауылдық елді мекендер коммуналдық және басқа да меншіктегі (жауапкершілігі шектелген серіктестіктер, дербес кәсіпкерлер және т.с.с.) топтық және оқшау сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз сумен қамтамасыз етілген.
2011-2018 жылдары 1035 км желі салынып, 1441 км желі реконструкцияланды, бұл 49 объектіні пайдалануға енгізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде халық саны 553,0 мың адамды құрайтын 268 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылды. Жалпы 33 топтық су құбырындағы тозу деңгейі 75%-дан 56%-ға дейін қысқарды. Осы жұмыстардың жалпы шығыны 85 млрд. теңгені құрады.
Сонымен қатар, пайдалану мерзімінің өтуіне (1960-1970 жылдардан бері пайдаланылып келеді) және желілердің тозуына байланысты, 12080 км желінің 2 281 километрі реконструкциялауды қажет етеді.
Ағымдағы жылы топтық су құбырлары бойынша 12 жобаны іске асыруға 14,6 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде жыл соңына қарай 8 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1 185,0 км желі салынып, реконструкцияланып, жалпы халық саны 126,8 мың адамды құрайтын 68 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жақсартылады.
Қол жеткізілген нәтижелермен қатар, сумен жабдықтау мен су бұру секторында пысықтауды қажет ететін бірқатар проблемалы мәселелер бар.
Біріншіден, бұл – коммуналдық кәсіпорындар теңгерімдеріндегі сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерінің тиісінше пайдаланылып, күтіп ұсталмауы. Аталған проблема олардың жедел тозуына алып келеді.
Қазіргі заманғы тәжірибе сумен жабдықтау мен су бұру секторына салынған инвестициялар халыққа көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығымен қамтамасыз етілуі тиіс екенін көрсетеді. Өз кезегінде, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін тек сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін реконструкциялау немесе жаңаларын салу жеткіліксіз, олардың тиісінше пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет. Пайдаланушы ұйымдардың ұйымдастырушылық, басқарушылық, техникалық және қаржылық әлеуетін де ұлғайту керек.
Жалпы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі әріптестеріміздің ұсыныстарымен келіскен жөн.
Біздің пікірімізше, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының базасында кент ішіндегі желілерімен бірге барлық топтық су құбырларын пайдаланатын Бірыңғай оператордың жұмыс істеуі бұл мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек. Ол үшін коммуналдық меншіктегі осы объектілерді кезең-кезеңмен Бірыңғай операторға беру қажет болады.
Бірінші кезеңде әкімдіктердің теңгерімінде тұрған 323 ауылдағы республикалық топтық су құбырларына жалғасқан кент ішіндегі желілер беріледі.
Екінші кезеңде 171 ауылдағы кент ішіндегі желілерімен бірге қалған 33 топтық су құбыры беріледі.
Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, ауылдарда сумен жабдықтау мен су бұру бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, сондай-ақ осы сумен жабдықтау мен су бұру секторын дамытуға инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, қызметтер суды топтық су құбырларынан субсидияланған тарифпен сатып алып, халыққа үстеме құнмен сататын делдалдарды болдырмай, сумен жабдықтау көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейін көрсетілетін болады.
Субсидиялау қағидаларына сәйкес түпкілікті тұтынушы үшін 1 м3 ауыз су құны суды есепке алу аспаптары болса, 30 теңгеден, олар болмаса, 40 теңгеден аспауы тиіс.
Сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерін пайдалануды жергілікті атқарушы органдар мен жеке ұйымдардың (жауапкершілігі шектелген серіктестіктер, дербес кәсіпкерлер және т.б.) қарамағында қалдырған жөн.
Тиісінше, Сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды оқшау жүйелерінің тізбесін бекітуді Ауыл шаруашылығы министрлігінен жергілікті атқарушы органдарға беру қажет, бұл аталған көздерді субсидиялау мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді. Аталған ұсынысқа қолдау көрсетуді сұраймын.
Екінші проблема, бұл – ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұру жобаларын іске асыруда кешенді тәсілдеменің жоқтығы.
Бұл мәселені біздің әріптестеріміз де атап өтті.
Сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін кешенді дамыту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұру жобаларын кешенді іске асыру функцияларын беру қажет.
Ал тапсырыс берушінің барлық топтық су құбырларын және олармен жалғасқан ауылдардағы кент ішіндегі желілерді салу мен реконструкциялау функциясын Бірыңғай операторға бекітіп беру қажет, себебі осы іске асыру схемасы өте оңтайлы болып табылады және оның мынадай артықшылықтары бар:
- тиісті қызмет түріне арналған қажетті рұқсат беруші құжаттар және лицензия болған жағдайда, ол тапсырыс беруші мен мердігердің функциясын біріктіріп, өз күшімен құрылысты жүзеге асыра алады, бұл жобаларды іске асыру мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді;
- бірыңғай оператор әрі тапсырыс беруші, әрі пайдаланушы ұйым ретінде объект құрылысының сапалы жүргізілуіне мүдделі болады;
- объектілерді жобалау мен техникалық қадағалауды Бірыңғай оператордың аттестатталған мамандары жүзеге асырады, бұл бюджет қаражатын едәуір үнемдейді.
Сумен жабдықтау мен су бұрудың оқшау жүйелерін салуға және реконструкциялауға тапсырыс беруші жергілікті атқарушы орган болып қала бергені жөн.
Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерін дамыту мәселесін үйлестіру және бюджеттік бағдарламаларды әкімшілендіру функциясы бекітіліп беріледі.
Анықтама ретінде: Қолданыстағы заңнамаға сәйкес (Су кодексінің 1-бабының 13-2 және 30-тармақтары) Ауыл шаруашылығы министрлігі елді мекендер шегінен тыс жерлердегі сумен жабдықтау мен су бұру функцияларын жүзеге асырады, ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елді мекендер шегіндегі сумен жабдықтау және су бұру саласындағы басшылық пен салааралық үйлестіруді жүзеге асырады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2022 жылға қарай ауыл халқының ауыз суға қолжетімділігін 100%-ға қамтамасыз ету жөніндегі жоспарын жалпы қолдайды, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін кешенді дамыту бойынша қызметтерді бізге өткізген жағдайда жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қажетті барлық күш-жігерін салатын болады.
Назарларыңызға рахмет!